Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

Оңтүстікте Асқар Сүлейменов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

891 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл әдебиет сыншысы, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Асқар Сүлейменов пәни дүниедегі талқаны таусылмағанда 80 жасқа толар еді. 

Оңтүстікте Асқар Сүлейменов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті

Бітім болмысы, қалам тербеуі  бөлек жазушы қазақ әдебиетіне «Адасқақ», «Бесін», «Бесатар» сынды шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелді. Созақ ауданының  орталығы Шолаққорғандағы жалпы орта мектепке жерлестерінің жүрек қалауымен  Асқар Сүлейменовтің аты беріліп, еңселі ескерткіші орнатылғалы біршама жылдың жүзі болды. 

«Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлт­тық жаңғыру деген ұғымның өзі  ұлттық сананың кемелденуін біл­діреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлт­тық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта төл өнерімізді төрге шығарып, әдебиетімізді ұлықтап, Асқар Сүлейменов атындағы «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің об­лыс­тық байқауын ұйымдастырдық», дей­ді аудан әкімі Салыхан Полатов.

Байқаудың шымылдығы аудандық халық театрының өнерпаздары қойған «Асқар бейнесі» сахналық көрінісімен түріл­ді. Созақ ауданының 90 жылдығы ая­сында ұйымдастырылған «Сөз зер­­гері» облыстық байқауына Оң­түс­­тік Қазақстан облысының аудан,­ қалаларынан іріктеуден өт­кен 14 үміт­кер қатысып Асқар Сү­лей­меновтің көркемдігі жоғары про­залық шы­ғармасынан үзінді оқып, түрлі автор­лардың немесе өз шығарма­шылығынан «Аңыз – ғұмыр, Асқар – жыр» арнау өлеңдерін оқыды. Қа­зылар алқасының шешімімен Созақ ауданынан ат қосқан  үміткер  Асхат Айдүйсенов бас жүлдені қанжығасына байлады. Оған 150 мың теңге ақшалай жүлде табысталды.

Теріскейліктер Асқар Сүлейме­новтің мерейтойымен қатар биыл талантты қаламгер Тәкен Әлімқұлов пен төкпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің 100 жылдығын, Бәтима Батыр­бекованың 90 жылдығын да кең көлемде атап өтпек. Бүгінде арнайы іс-ша­ралар кестесі түзіліп, аудан көле­мінде, мектептерде танымдық сабақтар оқытылып, талантты тұлғаларды  елге жан-жақты насихаттайтын жиындар, республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастыру үшін әр-алуан ауқымды тірліктер атқару бас­талып кетті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы