Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

ШҚО-да су тасқынына қарсы қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

ШҚО-да су тасқынына қарсы қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді

«Төтенше жағдайлар департаментінің бірде-бір құрал жабдығы жоқ. Мысалы, мотопомпа. Жоспар бойынша ол облыста 249 болу керек. Ал бізде 55-і ғана бар, 22 пайыз. Ал енді көшпелі мотопомпа, ең керегі осы ғой. Норма бойынша 112 болу керек. Ал бізде екеу ғана. Қайыққа тоқталайық. Ол 69 болу керек. Ал бізде 14 қана қайық бар. Вездеход, платаход 55 болу керек. Біреуі де жоқ», - деді облыс басшысы.

Бұдан бөлек Даниал Ахметовтің дерегінше, өңірде төтенше жағдайлар қызметінде нормаға сәйкес 55 көлік болуы керек. Ал қазіргі кезде облыста тек 9 көлік бар.

«Ал енді жігіттеріміз судың басында жүр ғой. Оларға гидрокомбинезон керек.  Жоспар бойынша 1 мың болу керек, Ал бүкіл облыста 86 ғана.  Осы жағдайға жай қарамайық.  Осы жылдың басында 300 млн теңге бөлдік. Қазір тағы да 200 млн бөліп тұрмыз. Бірақ осы мәселені бірге шешуге мүмкіншілікті тауып берсеңіз», - деді Даниал Ахметов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Осы тұста Үкімет басшысы бұл ұсыныстың өте орынды екенін баса атап өтті.

«Асқар Ұзақбайұлы, (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Мамин) қажетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қарап шығыңыз. Бұл тек қана Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай емес. Барлық облыстарда сондай болуы мүмкін», - деді Бақытжан Сағынтаев.