Аймақтар • 27 Наурыз, 2018

Қостанайлықтар паралимпиада чемпионы Александр Колядинді әуежайдан қарсы алды

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай әуежайында спортшылар, жанкүйерлер, облыс басшылары Пхенчханда өткен паралимпиада чемпионы, жерлесіміз Александр Колядинді салтанатпен күтіп алды.

Қостанайлықтар паралимпиада чемпионы Александр Колядинді әуежайдан қарсы алды

Әуежай ішінде ине шаншар орын жоқ. Астанадан келіп қонған ұшақтан түскен чемпионды жерлестері «Біз сенімен мақтанамыз, Александр! Алға, Қазақстан!» деп жазылған плакаттармен, көңілді думанмен, музыкамен қарсы алды.

«Қысқы паралимпиадада Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш алтын медальді біздің жерлесіміз Александр Колядин алып келді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», деді чемпионды қарсы алған облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.

«Бұл менің қатысқан екінші олимпиадам. Сондықтан мен жарыс барысында ешқандай толқыған да, уайымдағанда жоқпын. Мен жарыста озу үшін барымды салдым әрі өзіме сенімді де болдым», деді Александр Анатольевич журналистердің сұрақтарына.

Үстіне оюлы қазақы шапан, басына бөрік киген Александр Колядин қарапайымдылығымен жанкүйерлерін баурады.

«Әрине, жарыста озу оңай болған жоқ. Көп еңбектің, жаттықтырушыларымның арқасы деп білемін. Халықтың құрметі, әрине, жақсы, толқып кеттім», деді ол ақжарылып. Чемпионнан қолтаңба алғысы келген, онымен селфи жасағысы келген балалар, жас спортшылар оны қоршап, біразға дейін босатпай қойды.

Әуежайдан чемпионды күтіп алуға Сарыкөл ауданынан оның жерлестері мен анасы Любовь Николаевна да келді.

«Пхенчхандағы жарыстың барлығын көріп отырдым. Саша бірінші болып келгенде қуаныштан жыладым да, айқайладым да, секірдім де, бәрі болды. Ұлым өте қарапайым, мінезі ұяң, көп сөйлемейді. Бірақ еңбекқор, еңбек болмаса мынандай биікті бағындыра алмайды ғой», дейді Любовь Николаевна.

Бүгін кешке Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет үйінде Александр Колядинге құрмет көрсетілетін болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Соңғы жаңалықтар