Білім • 28 Наурыз, 2018

Семей студенттеріне жатақхана жетіспейді

538 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің үшінші бөлімінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» қажеттігін атап көрсеткені белгілі. 

Семей студенттеріне жатақхана жетіспейді

Бұл дер кезінде айтылған мәселе болып отыр. Себебі Семейдегі студенттердің басым көпшілігі жатақханасыз жүр. 

Семей қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевтың айтуынша, шаһардағы колледж­дер ғана емес, жоғары оқу орындарын қосып алғанда 19 ғана студенттік жатақхана бар. Онда 3215 адам тұрып жатыр. Десек те, қалада сырттан келген 16 мың адам бар. Яғни студент жастардың 20 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Қалғаны пәтер жалдауда немесе туған-туысқандарының үйін паналап жүр.
– Семей – жастар қаласы дейміз, – деді ішкі саясат бөлі­мі­нің басшысы Айдар Садырбаев, – десек те, бүгінде қалаға республиканың әр түкпірінен және облыс аудандарынан келген студент жастардың 80 пайызы баспанасыз, яғни жатақханасыз қалуы ойлантарлық жағдай. Бұл олардың әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Оқуға деген құлшынысына кедергі келтіреді.

Басында баспанасы жоқ жас қоғамға қалай сіңеді? Ол ертеден қара кешке дейін біресе анда, біресе мында көшіп жүреді. Сондықтан Елбасы бас­тамасы дер кезінде көтерілген мәселе. Мұны қолдаймыз. Жастардың денсаулығын мониторинг жүргізу арқылы назарда ұстаймыз. Әрине баспана жағынан қамтылмаған жас­тар арасында түрлі жұқпалы аурулар да белең алады. Тіпті қылмысқа бару немесе суицид фактілері де баспанасыздықтың салдарынан болады. Әрине, жас­тар үшін, әсіресе техникалық мамандық саласына грант молынан бөлініп жатыр. Десек те, оқу жағымен қатар олардың әлеу­меттік тұрмыс жағдайын да жасау қажеттігін ұмытпаған жөн.

Ал облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау орталығы мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы Оралхан Сартаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы 83 колледжде 34 800 студент оқиды. Олар да жатақханамен толық қамтылмаған. Соның ішінде Семейдегі 29 колледжде 17 216 студент кәсіби білім алуда. 

– Өкінішке қарай, біраз жыл бұрын қаладағы колледждердің жатақханалары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, студенттер жатақханасыз қалды, – деді Оралхан Сартаев, – Семейдегі 29 колледждің алтауында ғана жатақхана бар. Қалаға облыстың аудандары былай тұрсын, республиканың түкпір-түкпірінен студенттер келеді. «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктегі облыс­тардан, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Алматы қалаларынан жастар келеді. Бірақ оларды жатақханамен қамти алмаймыз. Студенттер жатақханасында 2551 орын жетіспейді.

Мен мұны тек колледждер бойынша ғана мысалға келтіріп отырмын. Ал университеттерде де осындай проблема баршылық.
Қала әкімінің орынбасары Надежда Шарованың айтуынша, Семейде студенттерге жағдай жасап, жатақхана салып беру мәселесі көтерілгеніне ұзақ жыл болған. Десек те алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін жылдың бірінші жартысында мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылатын жатақханаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін көптеген құжат­намалық өзгерістер енгізу керек. Колледж, университеттердің жанынан жатақхана салу үшін бос жерлер іздеу қажет. Және жергілікті бюджет есебінен табылған жерлерге инженерлік құрылымдарды тарту да жолға қойылмақ. 

Не десек те, Елбасы Үндеуінен кейін сең қозғалғандай болды. Бірақ осы мәселе орта жолда қалып қоймай, нақты шешімін тапса жақсы болар еді, деп алаңдаушылық танытты Семейдегі Жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай. Оның айтуынша, студент жастар өз алдына, сондай-ақ жұмыс істейтін жастарға, жас отбасыларға, тіпті кәсіпкер жастарға да жеңілдетілген несиемен пәтер алу мүмкіндігі берілсе жақсы болар еді. Қаншама жас баспанамен қамтылар еді. 

Раушан НҰҒМАНБЕК, 
журналист

СЕМЕЙ