Қазақстан • 28 Наурыз, 2018

Цифрлы прогресс – қарқынды дамудың негізі - Сәуле Айтпаева

1063 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті. Президент мемлекетті жаңа технологиялар дәуіріне оңай бейімдеуге мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді айқындады. Цифрлы прогресс өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды, ол күнделікті қызметімізде өзінің негізгі салмақ үлесін алып қана қоймай, қаржылық тұрғыдан да ықпал етуде.

Цифрлы прогресс – қарқынды дамудың негізі - Сәуле Айтпаева

Төртінші өнеркәсіптік рево­люцияның әлем экономикасының бүкіл құрылымына әсері зор. Осы көшбасшылар қатарында болу үшін біз алдағы уақытта технологиялық дамудың бағытын және болашақта пайда болуы мүмкін инновацияларды болжай алуымыз қажет.

Жаһандық сын-қатерлер жағ­дайында еліміздің одан әрі дамуына негіз болатын «Қазақ­стан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Қазақстан бәсекеге қабілетті экономикасы мен өршіл мақсаттары бар жас мемлекет ретінде алдына әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қа­тары­на қосылу міндетін қойды. Біз жос­парлы түрде осы бағытта жұмыс жүргізудеміз және мақсат­қа жету жолында барлық мүмкін­дік­терді пайдаланудамыз. Аста­на қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі­нің алаңында өзімізді көрсете білуі­міз соның бір айғағы. Қазақстан үшін бұл мол тәжірибе және цифр­лы технологиялар мен бизнесті дамытуға берілген зор мүмкіндік.

Соңғы жылдары еліміз цифр­лы технологияларды ілгерлетуде көз қуантарлық нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстандағы ақ­параттандыру процесі жоғары деңгейге жетіп, оған сәйкес мемлекеттік жүйе де трансформациялануда. 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, ол еліміздің экономикасын цифрлы трансформациялауға, ақпараттық қоғамға көшуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, «ашық және мобильді үкімет» институттарын құруға, корпоративтік құры­лымдармен қатар қара­пайым азаматтарға да ақпарат­тық инфрақұрылымның қолже­тім­ділігін арттыруға септігін тигізді. Бұл мемлекеттік бағдарлама іске асырылған үш жыл ішінде іс-шаралардың 70 пайызы орындалып, нысаналы индикаторлардың орындалуы 40 пайызды құрады. Алайда IT-технологиялардың жаһандық ауқымда қарқынды дамуы белгілі бір ережелерге бағынуды, ұтымды және тез әрекет етуді талап етеді.

Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылғы желтоқсанда бекітілді. Бұл – цифрлы технологиялардың көмегімен әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды, кешенді бағдарлама. Аталған бағдарламаға сәйкес бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар: «Эко­номика салаларын цифрландыру», «Цифрлы мемлекетке көшу», «Цифрлы Жібек жолын іске асы­ру», «Адами капиталды дамы­ту», «Инновациялық эко­жүйені құру». 

Аталған бес бағыт шеңберінде 17 нақты міндет пен 120 жоба жасалды. Цифрландыру бағытында даму үшін бірлескен және конс­трук­­тивті жұмыс жүргізу, яғни ұлт­­­тық экономиканың, білім бе­ру­­дің, денсаулық сақтаудың негіз­гі са­лаларын, сондай-ақ мемле­кет­­тің қоғаммен және бизнеспен өзара іс-қимыл жасау салаларын қайта құрылымдау процесіне дер кезінде бастамашылық жасап отыру қажет.

Осылайша ұлттық IТ секторды дамытуды, инновациялық технологияларды инфрақұрылым құруды және венчурлық қаржы­лан­дыруды дамытуды ынталан­дырған жөн. Ал оларды дамы­ту үшін халықаралық деңгей­де ынтымақтастық орнату қа­жет. Сонымен бірге арнайы эко­номикалық аймақтар «Алатау» ақпараттық технология­лар паркі, Назарбаев Универ­сите­ті АҚ жұмыс істеп жа­тыр, инно­ва­циялық экожүйе­нің бірқатар эле­мент­тері, Ақпа­рат­тық-коммуни­кациялық техноло­гия (АКТ) клас­тері құ­рыл­ды, Астана халық­аралық қар­жы орта­лығы жұмы­сын баста­ды, Astana hub халық­аралық техно­паркі іске қосы­луда. Бұл болашақта Қа­зақ­стан­дағы цифр­ландыру процесін ілгері­лету­ді табысты іске асыруға ық­пал ете­тін шаралар құрамына кіре­­тін негізгі жобалардың бір бөлігі ғана. 

Сонымен қатар жаңа, сұра­нысқа ие кәсіптер бойынша кадр­лар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аудару маңызды. Бізде АКТ саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады, цифр­лы сауаттылықты арттыру мақ­сатында кәсіби кадрларды қайта даярлау мәселелерін шешу қажет. Осы тұста IТ секторындағы білікті мамандарды тарта отырып, оқу орындары (мектептерде және жоғары оқу орындарында білім беру курстарын ұйымдастыру, дарынды жастарға арналған білім беру гранттарын ұлғайту), компаниялар (корпоративтік оқыту) және мемлекет деңгейінде (АКТ саласындағы білім беруді да­мы­тудың мемлекеттік бағдарламасы) жұмыстар жүргізілуі тиіс.

«Цифрлы Қазақстан» мем­лекет­тік бағдарламасының маңыз­ды бағыттарының бірі – эконо­мика салаларын цифрлан­дыру, ол қазір бар салалар мен тұтас­тай экономиканың өнімділі­гін ұлғайтуға, сондай-ақ оның күрделілігін арттыруға бағыттал­ған. Шығындарды азайту, тауар­лар өндірісін және қызмет көрсету көлемін ұлғайту, салаларды әрта­рап­тандыру және жоғары өнімді жұмыс орындарының санын арттыру негізгі нәтиже болмақ. 
«Ақылды» қалаларды дамыту тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық жүйесін жаңғыртуға, интел­лектуалды көлік жүйесін енгі­зуге мүмкіндік береді. «Сер­гек» жол қозғалысын бақылау жүйесі қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр, оның арқасында жол қауіпсіздігі ережесінің сақталуы жақсарады деп күтілуде. Жүйе құқық бұзушылықты тіркеген жағдайда хаттама автоматты түрде ресімделіп, құқық бұзушының мекенжайына жіберіледі. Алдағы уақытта әкімшілік орталықтармен қатар моноқалаларды да жаңа тех­нологиялармен жабдықтау жос­парланған. Бұл құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Бүгінгі таңда порталда 761 қызмет және сервис автоматтандырылған, 6 миллионнан аса адам тіркелген. БҰҰ-ның электронды үкімет бойынша рейтингінде Қазақстан 33-орында тұр, бұл жаман көрсеткіш емес.

Болашақ технологияларының дамуы жағдайында ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарға қол жеткізу мен өмір сүру деңгейін және мемлекет тиімділігін артты­руға байланысты іс-қимылдар тиісті заңнамалық қамтамасыз ету­ді де қажет етеді. Парламент осы мә­селеде негізгі рөл атқаруы тиіс, яғ­ни бұл кәсіби депутаттық корпус­пен қатар, ел аумағында заңна­ма­лық актілерді сапалы орын­дауды талап етеді. Сапалы заңна­ма халықтың өмір сүру деңгейін арттырып, Қазақстанды бәсе­кеге қабілетті және халық­ара­лық бизнес үшін тартымды етеді.

Парламентте 2008 жылдан бастап «Қазақстан Республикасы Пар­ламенті мониторингі» авто­мат­тандырылған жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйеде Парламент депутаттарын отырыстарға арнал­ған электронды материалдармен қамтамасыз ететін «Отырыс» кіші жүйесі іске қосылды, ол заң шығару процесін тұтастай жақсартуға, жұмыс уақытын ұтымды пайдалануға бағытталған. 

Еліміздің Парламенті цифр­лы экономиканы дамытуды заңна­малық деңгейде қамтамасыз етеді. Осы бағытта мақсатты және маңызды жұмыстар жүргі­зіліп жатыр, оның ішінде заң шы­ғару процесінің дамуын, заң­дар санының ұлғаюын, техноло­гиялық жаңарту мен цифрландыру бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру және жаңарту жөніндегі жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. Соңғы жылда «Цифрлы Қазақстан» бағытын дамыту үшін бірқатар заңдар қабылданды.

Белсенді азаматтық позицияны білдіруге жәрдемдесу және ха­лықпен кері байланыс ор­нату мақ­сатында «Ашық Пар­ламент» қағидатын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады. Тиісінше: «ашық бюджеттер» – бюджет қара­жатының жұмсалуына қоғам­дық бақылау тетігі; «Ашық нормативтік-құқықтық акті­лер» – нормативтік құқықтық акті­лер мен заң жобалары тұжы­рым­дарының жобаларын жария талқылау үшін жариялау; «ашық деректер» – мемлекеттік құпия­ға, жеке деректерге және Қазақ­стан Республикасының заң­дарында көрсетілген басқа да деректерге жатпайтын деректерді коммерциялық пайдалануға ар­налған қолжетімділік. Нор­ма­тивтік құқықтық актілерді элек­тронды тұрғыдан қолдап отыру жүйесін қалыптастыру заң шығару процесінің сапалы, барынша ашық және баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді, бұл қоғамның, әсіресе бизнес-қауымдастықтың норма шығарушылық процеске тікелей қатысып отыруына мүмкіндік береді. Аталған шаралар билік органдарына деген сенімді арттыруға және қабылданып жатқан заңна­малық бастамалардың ашық­тығы есебінен бизнес жүргізу үшін қолайлы климатты қалып­тас­тыруға ықпал етеді. 

Мемлекет, қоғам және бизнес өз ұстанымын жеткізуге және өз әріптестерінің ұстанымын естуге мүмкіндік беретін тұрақты сындарлы диалог алаңын дамыту керек. Адамның, жеке деректер генераторының, осы деректерді өсу үшін пайдаланатын бизнестің және осы саланы қорғайтын және реттейтін цифрлы экономиканың даму кепілі ретінде мемлекеттің мүдделер арасындағы теңгерімді сақтауының маңызы зор.

Сәуле АЙТПАЕВА,
Парламент Сенатының депутаты