Бокс • 28 Наурыз, 2018

Головкин кіммен жұдырықтасады?

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстың көкжалдары, орта салмақтың оғландары – қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек өтпей қалған жағдайда жерлесіміз кіммен жұдырықтасуы мүмкін?

Головкин кіммен жұдырықтасады?

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда АҚШ-тың Лас-Ве­гас қаласында өтеді деп жос­пар­ланған жекпе-жекке екі ай қал­ғанда Сауль Альварестің рұқсат етілмеген дәрі дәрмектерді пайдаланғаны белгілі болып, басы үлкен дауға қалды. Осы жағдайға байланысты бұл күндері бокс саласының басы-қасында жүрген мамандардан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін өз ойларын ортаға салып, сан алуан пікірлер айтуда. Мәселенің ушығуына байланысты GGG мен Канело арасындағы кездесудің кейінге шеге­рілуі де әбден мүмкін. Ал солай болған жағдайда GGG-ге кім қарсылас атануы мүмкін?  

Қазірдің өзінде бір­неше боксшы «Ген­на­дий Головкинмен жұды­рықтасуға дайынмын» деп  жаһанға жар салуда. Солардың арасында америкалық Джермалл Чарло мен украиналық Сер­гей Деревянченко ерекше бел­сен­ділік танытуда. Бұл екеуі де көп­шілікке жақсы танымал. 27 жастағы АҚШ боксшысы 10 жыл­дан бері кәсіпқой рингте күш сынасуда. Осы аралықта 26 кез­десу өткізіп, барлығында басым­дық танытты. 20 қарсыласын есі­нен тандырды. 

32 жастағы Украинаның саң­ла­ғы кезінде Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында кере­мет өнер көрсеткенін жанкүйер­лер ұмыта қойған жоқ. Деревян­ченко сол жобадағы ең мықты бокс­шылардың бірі ретінде көпшіліктің есінде қалды. 2014 жылы кәсіпқой рингте бақ сынауға бел буған ол 12 бәсекенің барлығын жеңіспен аяқтады. 10 қарсыласын нокаутқа жіберді. 

GGG-мен жұдырықтасуға құл­шыныс танытып отырғандар арасынан Матвей Коробовты да ерек­ше атап өтуге болады. 35 жас­тағы Ресейдің саңлағы кезін­де әуесқойлар арасында әлем­нің екі дүркін чемпионы және Еуропа біріншілігінің жеңім­пазы атанды. 2003 жылғы Бангкокта өткен дүниежүзілік додада Коробов біздің Геннадий Голов­кинге және 2004 жылғы Бей­жің Олимпиадасында Бақ­тияр Артаевқа есе жіберді. Кә­сіп­­қой ринг­­те жұдырықтасып жүр­­геніне 10 жылға жуықтады.

Сол ара­лық­та 28 кездесу өткі­зіп, 27 рет жеңіс­ке жетті. 14 қар­сы­ла­сын ай­қын басым­дықпен ұтты. 
Сондай-ақ жерле­сіміз­бен жұдырықтасуға ерекше ынта танытып отырғандар қатарында АҚШ-тың апайтөсі Деметриус Андраде, Мексиканың мықтылары Хулио Сезар Чавес, Роберто Гарсия және Жапонияның жұлдызы Риота Мурата сынды кәсіпқой бокс әлемінде есімдері ерек­ше құрметпен аталатын сайып­қырандар бар.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»