Әдебиет • 28 Наурыз, 2018

Ғибрат: Байымайтын бала

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау бір ертеректе қазақтың көшпелі заманында Арқаның тарлан бозын­да қайыстырып жыл­қы айдаған Аман­бай деген бай өтіп­ті. Жарықтық малға бай болғанымен, басқа жарлы екен. Жан дегенде жалғыз ұлы болыпты. Оны­сы ерке-шолжың, дү­ниеге қамсыз, оқу-білімге қырсыз... 

Ғибрат: Байымайтын бала

Әбекең ұлы ержеткен соң Сарысу-Шудың бойында дүкен ұстап, Бұқараның мыс ыдысы мен Құлжаның қытай матасын сау­далайтын, қазіргі тілмен айтқанда кәсіп­кер досына аттандырады. Әрі ол досына хат жа­зып, жал­ғыз ұлымды еңбекке бау­лып бе­­ріңіз және мұның қо­лы­на кә­сіп ашып, сауда жа­сау­ына же­тетіндей қаражат ұста­ты­ңыз, оның қайырымы менен, деп өтініш етеді. 

Аманбай байдың мұндағы ойы – әке дүниесін өзінікіндей сезінетін ұл басқадан алған мүлікті ұқыптап ұстап, сауда үйренер, еңбекпен тапқан дүниенің ләззатын татар дег­е­ні екен. Сөйтіп ширап адам боп кетер. Әйтпесе, өзін­де де дүние-байлық же­тер­лік. Әттең осыған ие болар ұлдың түрі мынау...
Әкесінің аманат хатын ар­қалап, жолға шыққан ұл меңіреу дала Бетпақты басып өтіп, жазға салым дүкеншінің ауы­лын тауып келеді. Дүкенші ақсақал елдің шеткі жағында тас бұлақтың басына жеке үй тік­тіріп, сол жерде адамдарды қабылдап, сауда-саттығын жүргізіп отыр екен. 

Айшылық жолды артқа тастап жеткен ұл «Ассалау­ма­ғалейкумді» айтып табал­ды­рық аттайды. Төр алдында қаққан қазықтай қара камзолын желбегей жамылып бір қария отыр. Қарсы алдын­дағы үстелде қаптаған қағаз. Киіз үйдің дәл ортасында құрулы ошақ­та ашық от жағулы тұр...
«Уағалейкумсалам, төрлет балам», – деп сә­лемін алған ақсақал, қонаққа шай ішкі­зе отырып, мән-жайға қанығады. Досы­ның аманат хатын оқып болып, қой­ма­шы ноғайды ша­қыр­тады. «Қоймадағы сандықтан бір дорба күміс ақша алып кел!». Үкім орындала­ды. Сөйтіп бір дорба күміс ақшаны жолаушы жігіттің қолына ұстатады. «Осыған кә­сіп істе!».

Сыңғырынан құлақтың құрыш-қышуы қа­на­тын таза күміс ақшаны бейғамдау қолына алған бала, төс қалта­сы­­нан қораптағы ш­ы­лым алып шығып, оның біреуін сіріңке ша­ғып тұтады. Отырып алып көк түтінді сораптайды. Осының бәрін байқап отырған саудагер қария: – Балам, әкең шаруақор жақсы адам еді, сен оған тартпаған екенсің, жаңағы күміс ақшаны қайтар да, келген ізіңмен еліңе қайт, – дейді.

Түкке түсінбеген жігіт еліне оралады. Әкесіне болған оқиғаны тәптіштеп баян­дай­ды. Осылай да, осылай берген ақша­сын қай­тып алды. Манадан бері ұлының әңгі­ме­сін үнсіз тыңдап отырған әке «Е, қарағым, сен байымайтын бала екенсің» дейді. «Қалай әке?». – Шырағым, қасыңда лаулап тегін от жанып тұрса, сен темекі тұтату үшін бір тал сіреңке шығындапсың, соны ана менің досым байқап қалған да, сенің байымайтын бала екеніңді білген. Сөйтіп, ың-шыңсыз жолға салған. Енді түсіндің бе?

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»