Өнер • 28 Наурыз, 2018

Астанада «Әйел: миф және шындық» атты сурет көрмесі өтті

1035 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әйел әлемінен сұлу, әйел әлемінен жұмбақ, әйел әлемінен күрделі жаратылыс бар ме екен жарық жалғанда?!. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» Аналар бейнесі қай кезең, қай заманда да өз өзектілігін жойған емес. 

Астанада «Әйел: миф және шындық» атты сурет көрмесі өтті

Ол – бесіктегі бөбегін әлдилеген мейірбан ана, асыл жар, жанашыр әпке, аяулы сіңлі, сыршыл құрбы бейнесінен бастап  ет жақынын соғысқа аттандырған зарлы әйелдің шерлі күйіне ауысса,  енді бірде ерлермен бірге жауға шапқан Тұмар, Зарина патшайымдардың, бойына инабаттылық пен даналық дәнін еккен Айша бибі, Қарашаш, Данагүлдей арулардың текті болмысына ұласып өнер тілі арқылы оқтын-оқтын ортамызға оралып отыруы өмірдің өз заңдылығы іспетті.  

Астанадағы Artline Gallery өнер га­ле­реясында ашылған «Әйел: миф жә­не шындық» атты қазіргі заман кес­кіндемесінің көрмесі осы сөзімізді дәйек­тей түседі. Көпшілік назарына ұсы­нылған кескіндемелердің негізгі та­қырыбы – қазіргі замандағы әйел бей­несі. Әлем өзгерді. Әлеммен бірге адам да өзгерді. Соның ішінде, әсіресе әйелдің қоғамдағы орны, психологиясы өз ерекшелігін қалыптастырып үлгерді. Яғни, қазіргі заманның әйелдері қандай? Әртүрлі шектеу мен шеңберден шыққан нәзік жандылар бейнесі бүгінде қалай қалыптасып жатыр?..

«Әйел: миф және шындық» атты сурет көрмесі осы сауалдарға барынша жауап беруге талпынады.  Көрме төрі­не қойылған Дәурен Макин, Татьяна Хох­лова, Нина Терешенко, Нэлли Бубэ, Вера Сла­боспицкая, Елена Ралина, Ақтоты Көл­ке, Өмірбек Тілеулиев, Сембіғали Сма­ғұлов, Абай Чунчалинов бастаған отан­дық суретшілердің қай-қайсысы да қыл­қалам тілімен өз қиялындағы әйел әлемінің құпиясын ашып көрсетуге ұмтылыпты. 

– Бұл көрменің басты ерекшелігі – класси­калық, академиялық бей­не­леу тәсілдері емес, шартты суреттеу әдістерінің алға шығуы. Жастардың со­ған ден қойып, осы тәсілге басымдық беруі дер едім. Яғни, жұмыстың бірін­ші­ден, абстракциялық, екіншіден түр-түстің үйлесімі арқылы берілуі, көр­се­тілуі. Сурет өнерінде түр-түс үйлесім­ді­лігі үлкен мәнге ие. Түс арқылы кез кел­ген тіршілік иесінің  ішкі көңіл-күйін бей­нелеуге болады. Мәселен, сары, ақ, жасыл және тағы басқа түстер адам көңіл-күйінің көтеріңкілігі мен ма­мыр­­ажай, жайбарақаттығын әйгілесе, ке­рісінше, қатқыл түстер жайсыздық пен қайғы-уайым хәлінен хабардар етеді. Көр­меден осындай ерекшеліктерді көріп, марқайып шықтық. Назарға ұсынылған жұмыстардың ішінде, әсіресе, Дәурен Макиннің «Келін» картинасын айрықша атап өткім келеді.  «Келін» – Дәуреннің еліктеу, көшіруден ада, өзіне ғана тән талант пен шығармашылық ізденісінің жемісі. Осындай ізденгіш жастардың өсіп келе жатқаны қуантады, – деді Ресей Ұлттық дизайн академиясының төрағасы, профессор Ермек Асылханов. 

Иә, бұл көрмеде әр суретші көркем­өнер­дегі өз стилі мен ерекшелігін сақтай отырып, бірі екіншісіне ұқсамайтын айрықша өнер туындыларын өмірге әке­луге ұмтылыпты.  Әйтсе де, өз қол­таңбасымен даралануды мақсат ет­кен қылқалам шеберлерінің әйел бей­несін бедерлеудегі барлығына ортақ үн­дестік – әйел әлемін көктем, гүл бе­й­несімен, нәзік те жарқын бояулар гамма­сын пайдалануымен бір арнада то­ғысады. Ең бастысы суреттің әрқай­сысында әйел, ана табиғатына тән жы­лылық пен нәзіктік бар. Өнер туын­ды­ларының ешбірі жансыз емес, кез келгенінің мазмұны мен астарында ізгілік нұры мен өмір жалғастығының ізі сайрап жатыр.  Әйелдің де бұл өмірдегі басты миссиясы да осы емес пе?!.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»