Театр • 28 Наурыз, 2018

Театр туралы жинақ жарық көрді

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық театр күніне орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлі­мі биыл жарыққа шығарған бес кітабының тұсаукесері өтті. 

Театр туралы жинақ жарық көрді

Кітап­тардың мазмұнымен таныстыруға арналған  дөңгелек үстел басында өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Мұқан жаңа жинақтардың ерек­шелігі мен ғылыми салмағына тоқталды. Кітаптардың бәрі де Білім және ғылым министрлігінің арнайы бөлген гранттарының қаржысына шағын баспа табақпен шығарылған.

«Искусство казахов в аспекте общетюркских культурных традиций» атты ұжымдық монографияда қазақ­тардың бейнелеу өнері, музыка, театр­ өнерінде көркем бейнелер мен символдардың даралығы мен әм­бебаптық дәстүр жалғастығы, көр­­кемөнердегі жалпытүркілік ор­тақ әлемінің көркем келбеті, бір­лігі мен өзіндік ерекшеліктері ай­қындалады. А.Мұқанның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Қа­зақ сахнасының шеберлері: Шы­ғармашылық портреттер» жинағында қазақ мәдениетінің маңызды сала­сы театр және кино өнеріндегі танымал тұлғалардың өнері жан-жақ­ты зерделеніп, олардың отандық мәде­ниеттегі алатын орны,  өзіндік сурет­керлік ерекшелігі ашып көрсетіледі. Көрерменнің көңілін жаулаған талантты актерлер мен режиссерлердің шығармашылығын дәріптеп, ұрпақ жадында сақтауға ықпал ету – кі­тап­тың басты мақсаты. 

Ал «ХХІ ға­сырдағы қазақ театры: дәстүр және ин­новация» атты кітапта Қазақстан театрларындағы жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар, сахна өне­рінің бүгінгі келбетін ашатын сти­листикалық даму бағыт-бағдары мен ерекшеліктері, жетістіктерін әлемдік өркениетке жанасатын көркемдік келбеті қа­рас­тыралады. Құрастырушы А.Мұ­қанның айтуынша, сах­надағы әр­ спектакль – инновация. Ре­жиссер мен драматургтың өнерде жасаған жаңа­шылдығы, еңбегі. Тәуел­сіз Қа­зақ­станның театр сахналарында соны әлемдік озық тәжірибені ен­гізген сахналық қойылымдары, кө­рерменнің көңілінен шыққан драма, қуыр­шақ, опера және балет өнеріндегі ин­новациялық ізденістер сарапталады.

Өнертану кандидаты Анар Ерке­байдың жетекшілігімен шыққан «Мүм­­кіндігі шектеулі жандар шығар­машылығындағы өнердің рөлі мен орны» монографиясы Қазақстан өне­ріндегі мүмкіндігі шектеулі аза­маттардың шығармашылығына ар­нал­ған. Мұнда авторлар арбада отырып шығармашылықпен айналысқан азаматтардың өнерге әкелген жаңа­лықтары, жетістіктері, өзіндік өзекті мәселелеріне назар аудартады. Бесін­ші жинақ – «Қазақстанның заманауи­ театр үдерісіндегі фестивальдің ха­­лық­аралық байланыс ретіндегі рө­лі» атты ғалымдар еңбегі қазақ теат­рын шетелдерге танытатын, сахна өнерінің дамуына ерекше үлес қосатын халық­аралық, республикалық дең­гейдегі театр фестивальдарының тарихы мен қалыптасуын, басты ба­ғыттары мен ізденіс жолдарын, бағ­дары мен те­а­тр өнерін дамытуға тигізетін әсерін айқындауға арналған. 

Дөңгелек үстелдегі әңгімеге бел­гілі өнер зерттеушілері, театр сыншылары, жас ғалымдар қатысып, жаңа жинақтар туралы пайымдарын білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ