Футбол • 28 Наурыз, 2018

Бразилияда оқыған балалар қайда жүр?

748 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Футболды тек спорт түрі емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлігі деп қабылдайтын Бразилияда үш жыл бойы доп тебудің қыр-сырын меңгеру – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Осындай мүмкіндікке тоғыз жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2009 жылы қазақтың 26 жеткіншегі ие болды. Олар Бразилияда үш жыл жаттықты. Сондай-ақ тағы 26 бала 2012-2014 жылдары және 26 өрен 2015-2017 жылдары Пеле отанында доп тебуді үйренді.

Бразилияда оқыған балалар қайда жүр?

Қош! Ендігі мәселе «Судың да сұрауы бар» демекші, сол 78 жеткіншек үкілеген үмітті ақтады ма? Олар қазір қайда жүр? Балаларды Бразилияға жіберудегі әу бастағы мақсат – қазақ футболының көсегесін көгертіп, құраманың деңгейін көтеру болғаны анық. Ал осы жоба шынтуайтына келгенде іске асты ма? Оларға жұмсалған ақшаның есебін кім береді? Бізді мазалаған осы сұрақтарды аузы дуалы мамандар мен академия тәлімгерлеріне қойған едік.

«Әр командадан екі ойыншы барсын»

Алдымен үнемі өз ойын бүкпесіз жеткізетін даңқты қақпашы, футбол ардагері Құралбек Ордабаевқа хабарластық. Ардагер қақпашы білім алған «бразилиялықтардан» бейхабар екенін айтты. Есесіне ағамыз балаларды шетелге жіберудің жаңа тәсілін ұсынды. «Талантты баланы бірден байқайсың ғой. Бұған дейін Бразилияға барған балалалардың бірде-біреуін танымай келгенмін. Тек, кеше ғана ұлттық құрама сапында доп тепкен Парагульгов деген баланың сол академияда тәлім алғанын естіп қалдым. Қалғандары ренжімесін, оларды шынымен де танымайды екенмін. Дегенмен бұл жасөспірімдерді шетелге жібермеу керек деген сөзім емес. Керісінше барсын, үйренсін. Тек басқа жолмен. Премьер-лигада өнер көрсететін он екі командадан ең мықты деген екі баладан іріктеп алып, бас-аяғы 24 баланы жіберу керек. Сонда елге келгенде олар өз командасына барады. Екіншіден, әр команда өз шәкіртінің өсу деңгейін бақылайтын болады. Бұл оларға өздері үшін, яғни командасы үшін қажет. Егер баланың шеберлігі бір жылда өспейтін болса, онда оның орнына басқа бала бару керек», – дейді Құралбек Досжанұлы.

Сондай-ақ даңқты қақпашы қазақ футболындағы негізгі проблемаға да тоқталды. «Премьер-лигадағы көп командалар бүгінгі күнмен өмір сүреді, тек легионерлерге ғана иек артады. Оларға адам сенгісіз жалақы төлейді. Одан да әр облыстан «Қайрат» секілді өз футбол академиясын ашсын. Ол тура «Қайраттыкіндей» болмай-ақ қойсын, соған жетеғабыл академия да жеткілікті. Егер осындай проблемалар шешілсе, ауылдың талай баласы доп тебуді үйренер еді. Солардың арасынан мықты футболшылар шығады деп ойлаймын», дейді әйгілі қақпашы.

«Өзіміз қолдан «жұлдыз» жасадық»

Ал «Оле Бразил» футбол академиясының (2009-2011 ж.ж.) жаттықтырушысы Әуелбек Дербісбаев жоба өз жемісін бергенін алға тартып, тәлімгерлерін әлі де биік шыңдардан көретініне сенімді. «Бразилияға аттанар алдында басшылар 26 баланың ішінен болашақта екі-үшеуі ұлттық құрамаға қабылданса, соның өзі жетістік деген-ді. Шүкір, балалар жаман болған жоқ. Жастар құрамасына дейін, тіпті алды ұлттық құрамаға дейін жетті. Болашақта әлі де солардың ішінен ұлттық құраманың жейдесін киетіндер шығатынына сенімім мол», дейді маман. Оның сөзіне сенсек, БАҚ-тың осы Бразилияда оқыған жастарға жаппай қызығушылық танытуы да балаларды «жұлдыз ауруына» ұшыратқан. «Рауан Сариевтен үлкен үміт күттім. Басқалар үш жылдан кейін елге қайтқанда Рауан ғана «Атлетикомен» келісімшартқа отырып, Бразилияда қалған-тын. Елге оралғаннан кейін «Қайрат», «Жетісу», «Ордабасы» сапында аз-кем доп тепті. «Семіздікті тек қой көтереді» демей ме, Рауан «семіздікті» көтере алмады. Баланы өзіміз қолдан «жұлдыз» жасап жібердік. Сол кезде жұрттың жапа-тармағай назарына шектеу қойылғанда, қазір жағдайы мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін?! Сондай-ақ премьер-лигада доп теуіп жүрген Рафхат Аслан, Берік Шайыхов, Абылай Дүйсен, Мирас Төлеев, Магомед Парагульгов жақсы қырынан көрініп жүр. Парагульгов (суретте) құраманың соңғы екі кездесуінде алаңға шықты. Сонымен қатар Бразилияға барған балалардың көбі бірінші және екінші лигада өнер көрсетеді. Айтпақшы, бір-екі бала аудармашы болып та қызмет етеді. Соның бірі Фархад Жәнібеков қазір Шымкенттегі «Оңтүстік» футбол академиясында испандық жаттықтырушылардың жанында жүр. Испан мамандарының білгендерін үйреніп алса, Фархадтың болашақта атақты Жозе Моуринью секілді бапкер болуы әбден мүмкін. Виктор Павленюк те «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Карлос Алос Феррердің аудармашысы қызметін атқарады».

Бапкер Ә.Дербісбаевтың да балаларды шетелге жіберу үшін ұсынған жаңа тәсілі бар. «Менің ойымша жас футболшыларды басқа жүйемен алып барған дұрыс. Мысалы еліміздің оңтүстік өңірінің балаларын Испания, Португалия, Бразилия секілді допты көбірек бақылауда ұстайтын, техникасына басымдық беретін елдерге жіберу керек. Ал сұңғақ бойлы келетін солтүстік өңірдің жеткіншектерін Англия, Голландия болмаса Ресей академияларына жіберген жөн. Себебін түсінген шығарсыздар? Басты назарды – балалар өзге климатқа тезірек сіңісіп, өз техникасын тауып алуына аудару керек».

«Оралған соң орнымызды таппаймыз»

«Оле Бразил» академиясының түлегі Мұхтар Қалымбетов болса «Бәйтерек» командасы жабылғаннан соң жұмыссыз қалғанын айтты. «2015 жылы «Бәйтерек» командасы тарағаннан кейін барлығымыз тентіреп қалдық. Көбі «екі қолға – бір күрек» іздеп кетті. Былтыр бір жыл еш жерде ойнаған жоқпын. Қазір команда іздестіріп жатырмын. Негізі шетелге балаларды жіберуді тоқтатпау керек. Өйткені Бразилияда жасалған жағдайдың жөні бөлек. Бірнеше ірі халықаралық турнирлерге қатыстық. Чемпион болдық. Жүлдегерлер қатарынан да көріндік. Португал тілін үйрендік. Қысқасы, жас балаларды тек Бразилияға емес, басқа да елдерге футбол әліппесін үйренуге жіберу қажет. «Бәйтерек» секілді бірінші не екінші лигада команданың болғаны дұрыс. Себебі үш жыл бойы бірге ойнағандар бір жерге шоғырланса, төккен тер босқа кетпес еді. Әйтпесе қазір балалар елге келгеннен кейін қайда барарын білмей қалды».

Міне, кейіпкерлеріміздің ойлары осындай. Бізді қынжылтатыны – бұл жобаның бір легіне ғана 260 миллион теңге қаржы жұмсалып, бағдарламаның өз жемісін бермегенінде. Бұл жобаның әу баста шикі болғанын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі де мойындады. Парламенттік тыңдауда сөз алған министр қазақстандық жастарды Бразилиядағы футбол академиясында оқыту еш серпін бермегенін және жоба жүзеге аспағанын айтты.

Министрдің пікіріне біздің алып-қосарымыз жоқ. Мемлекеттің қазынасынан қаржы бөліп оқытқан осы балалар Пеленің отанынан оралғаннан соң қазақ футболын жаңа белеске шығарады деп сендік емес пе? Соңы қалай сиырқұйымшақтанып кеткені әлі күнге дейін басы ашық әңгіме.

Әзірге футболымыздың дамуына үлес қосады деп шикі бағдарламаға сеніп жүргенде, өзге ел құрамаларының рейтингісі қарыштап өсіп жатқанына қызыға да, қызғана да қарауға тура келіп тұр. Жоғарыдағы деректер мен мамандардың пікіріне сүйенсек, жоба толық іске аспағанын байқаймыз. Сондықтан біздегі бар мәселе қаражаттың аз-көптігінде емес, қолға алынған жобалардың соңына дейін жүзеге аспай, жарты жолда қалатынында болып тұр. Демек бағдарламаларға жұмсалған қаржы желге ұшты деген сөз.

Алайда «ештен кеш жақсы» демей ме?! Алдағы уақытта мұндай қателіктерге бой алдырмаса нұр үстіне нұр болар еді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген де жақсы сөз бар. Осы сөзді футболдың дамуына өз үлесін қосқысы келетіндер жадында сақтап алса дейміз. Бар болғаны осы!..

Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»