Тарих • 29 Наурыз, 2018

Қойбек би Мыңбасұлы туралы тың дерек табылды

788 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қойбек би Мыңбасұлы 1830 жылдары Меркі өңірінде туып, қазіргі Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Түлкібас ауданы, Даубаба, кезінде Қойбек би­ деп аталған елді мекенде 1910 жылдары дүние салған. Есімі Жетісу, Әулиеата, Таш­кент, Сырдария аймағына бел­гілі, ел басқарған беделді би болған. Заманында небір шиеленісіп ушыққан дау-дамай, талас-тартыс, жесір, жер, мал дауы, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылыққа байланысты насырға шапқан істер Қойбек бидің алдынан оң шешімін таппай қайтпайды екен. Қойбек би Мыңбасұлы жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене қатысқан.

Қойбек би Мыңбасұлы туралы тың дерек табылды

Қойбек биді жастайынан әкесі Мыңбасы ел билеу ісіне араластырып, өмірге ерте баулып, қанатын қатайтып, билік, төрелік айтуға қатыстырып отырады. Әкесі Мыңбасы да, ержете келе Қойбек бидің де өзі үнемі көшіп-қонып жүретін тіршіліктің бір-ақ жұттық еке­нін тереңірек ұғынады, елді отырықшылыққа, егін салып, бау-бақша егіп, жерді игеруге қарай бейімдемесе болмайтынына көзі жете түседі, отырықшы тіршілікке бет бұ­руды басты мұрат тұ­тады.

Жері құнарлы, шөбі шүй­гін, жайлау десең ала жаздай малды өріске еркін айдап салып жататын, суы мол, әрбір сай-саласының өзінен мөп-мөлдір бұлақтар жарыса ағып жатқан, жері құйқалы, тауы аршалы, арық мал майға бөгіп, ауру мал оңалатын жұпар шаш­қан қасиетті жер екен деп Дау­баба алқабын жайлапты. Дау­баба биік таулы аймақ еді. Оның шығысын Ақсу-Жа­бағылы, Иірсу алып жатса, күнгейінде – Ұзын­машат, Дау­баба етегінде Келтемашат өзе­ні жердің төсін тіліп ағып жат­қан мына байтақ, меңіреу, мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген жерге су шығарып егін салу, халықты диқаншылық кәсіпке үйрету мәселесі Мың­басыны да, Қойбек биді де, ағайын бауырларын да күні-түні толғандырады, бұл ой бидің басты мұрат-арма­нына, мақсат-мүддесіне айналады.

Қойбек би қасына атқос­шы­лары және кеңесшілерін алып, Оңтүстік өңірін, Әу­лие­ата, Жетісу жерін ара­лап, ондағы канал құрылыс­тарымен танысып шығады, талай-талай білгір кісілермен, мұраптармен пікір алысып сөйлеседі, олардың тәжіри­белеріне қанығады, өзі де, қа­сында еріп жүрген қос­шы­лары да әртүрлі канал құрылысын көріп, көп нәр­сені көңілге түйіп оралады. Мықты-мықты деген мұ­раптарды алдырып, бола­шақ­та жүргізілетін арықтың қа­зылатын жаңа арнасын анықтап, жобасын жасайды. Сөйтіп өз ісінің ісмерлері са­нал­ған, тоған салып, арық қа­зып ысылған азаматтарды жұмылдыра отырып Дау­баба өзенін бұрынғы арнасын бұрып, шатқалды жер­лер­мен канал қаздыруды ақы­ры қолға алып, іске бел ше­ше кірісу керек деген нық ше­шімге келеді.

Шамасы келгеннің бәрі де мына құрылыс жұмысынан шет қалмапты, көмектесуге ты­рысыпты. Арық қазып, тоған салып, тоспа жасап, суармалы жерлерге су шығару ар­қылы ел-жұрт жаппай жаңа кәсіпті игеретін болады.

Қойбек би таулы жерде арна суының ағысының іркі­ліп, судың ағу үйкелісінің жеңіл болуы үшін ені 3-4 метр, тереңдігі 2-3 метр ар­на­­ның табанын үшкіл етіп қаздырыпты, яғни үшкіл бұ­рыш – конус пішінді етіп қа­­зыл­ған. Каналдың табаны жал­пақ болса, судың ағысы баяу­лайды, ал табаны үшкіл етіп қазылса, су жылдамырақ ағады, үйкеліс те азаяды, су­дың шығыны да кемиді. Қой­бек би қаздырған арық Қо­ралас арығы аталынып кеткен, бұл канал шын мәнінде күр­делі ирригациялық құ­рылыс, жаңа шешіммен жа­салынған егістік жерлерді толықтай пайдаланудың жү­йе­сі дерлік.

Қойбек би сауын айтып жинаған төрт жүзден астам шаңырақты Даубаба өңіріне, Қоралас арығы бойына қо­ныс­тандырады. Ел жаппай қам кірпіштен іргесін тастан қа­лап үй тұрғызады. Қыр төсінде жағалай қоныстанған ауылдар пайда бола бастайды. Қоралас арығы қазылып біт­кен кезде мыңдаған гектар алқап суармалы жерге айналып, бидай, тары, қонақ, жүгері, үш-төрт рет орып алатын жоңышқа егіледі. Елін азық-түлікпен, дәнді да­қылдармен қамтамасыз етуді басты мақсат еткен би бабамыз ойлаған ісін толықтай ел-жұртты ұйымдастырып жүзеге асырыпты. Ең алдымен сусыз жатқан жерлерге су шығарылады, жеміс-жидек, бау-бақша, алма, шие, қара өрік, жүзім, қарбыз, пияз, сәбіз жә­не т.б.егіледі, сөйтіп бүгінгі тілмен айтқанда, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіпті.

Қойбек би немесе Қоралас арығы, Қойбек би шарбағы (терассалы жерлер) деген жер­ аттарының сақталынып қалуының өзі күні бүгінге дейін Қойбек бидің еңбегінің тарихи куәсіндей етіп айтылатын. Оңтүстік Қазақстан об­лысы, Түлкібас ауда­ны,­ Дау­баба өңіріндегі бір елді мекен аты, Қойбек бидің сүйегі жатқан шағын ауыл кезінде Қойбек би ауылы­ деп аталынған. Кеңес өкі­­меті жылдары бұл атау «Конь­часть» деп өзгертіліп, бөлім­ше осылай аталып келді.

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде аттары ұмы­тылып бара жатқан ұлы тұл­­ғалар есімі халыққа қайта орал­­­ды. Қойбек бидің есімін де ел біле бермейтін, себебі айтылмайтын, кеңестік идео­логия жол бермейтін. Ал­ғаш рет Н.Төреқұлов пен М.Қаз­бековтің «Қазақтың би­ шешендері» (1993), Н.Төреқұловтың «Қазақтың 100 би-шешені» деген кі­тап­тарында Қойбек би туралы мә­лі­мет енгізілді. Сонымен қатар мемлекет қайраткері, заңгер М.Нәрікбаевтың «Ұлы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін» (1999) атты еңбегінде, Қойбек биге тоқталған. Қойбек би туралы физика-ма­­тематика ғылымдарының докторы, профессор С.Ерма­тов,­ өлкетанушы-геолог М.Серік­­баев, белгілі жазушы С.Ақтаев­тың еңбектері жа­­рия­­ланды, аудандық, об­лыс­тық газеттерде арнайы мақалалар жарық көр­ді. Жақында Қойбек би Мың­басұлы туралы Қазақ­стан Рес­публикасы Ұлттық кі­тап­­ханасының сирек ба­сылым­дар қорынан тағы да бір тың дерек табылып, биге қатысты бұрын-соң­ды белгісіз, беймәлім мә­ліметтер қолымызға тиді.

ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында канал бойын жағалай ел қонған жерлердің тастан қаланған ірге тастары күні бүгінге дейін ұшырасады. Қойбек би қаздырған Қоралас арығы жүз жылдан астам уақыт бойы елге, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қажетіне барынша қызмет етіп келді. Ел-жұрт жайылымнан да,­ астықтан да, судан да та­рық­пады. Молшылыққа, дәу­летке кенелді, күзде қамба-қамба астық алды. Қоралас арығының бойына тал-те­рек, қарағаш, тіпті арша да отырғызылыпты. Жаппай қо­ныстанып, байтақ далада берекелі тіршілік етіп жатқан халық Кеңес өкіметі тұсында Киров каналын (Оңтүстіктегі ең ірі канал) қаздыруға жаппай көшіріп, мыңдаған гектар суармалы жерлерді игеріп, пайдаланып келген ел-жұрт амалсыз туған, бауыр басқан жерінен көшірілді. Ел күштеп көшірілгеннен кейін Қоралас арығымен ағып жат­қан Даубаба өзені енді бас­тапқы арнасына қай­та құ­лады. Қойбек би сулан­дырған мыңдаған гектар жер жайылымға, жаңбыр суымен шығатын егістікке айналды.

Қойбек би арығы сонымен қай жылы қазылған деген сұрақ туады. Оған нақтырақ жауапты біз жоғарыда Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақталынып қалған кітаптан ала аламыз. Ал біз тоқталғалы отырған Сырдария облысына байланысты еңбектің толық аты былай жазылған. «Издание переселенческого управления. Материалы по Киргизскому землепользо­ванию. Собранные и разра­ботанные Сырь-Дарьинской статической партией. Сырь-­Дарьинская область. Чим­кентский уезд. Том 1. Таш­кент. Типография Штаба Туркестанского военного округа. 1908 г.» Бұл кітаптың көлемі 520 беттей, кестесі, картасы қоса берілген. Кітап материалы 6 тарауға бөлініп берілген. Сырдария облы­сының Сырдария ста­тис­тикалық партиясы 1906 жылы құрылған. Статис­тикалық партияның міндеті статистикалық, агрономиялық және гидрогеологиялық мә­лі­мет­терді зерттеп жинау­ бо­латын. Түркістан генерал-губернаторы фон-Кауф­манның 1867-1881 жылдар­ уақытындағы есебінде Сыр­дария облысы Ташкент уезі қазақтарының (киргиз деп жазады) 80% пайызы оты­рықшы деп көрсетілген. Осы статистикалық партияның мәлі­меті Шымкент уезінің өзінде жерді пайдалану жағдайы әртүрлі екенін көрсеткен: жер­мен айналысуға қолайлы жерлерде егін шаруашылығы жақсы дамыған болса, енді кейбір аудандары көшіп-қонып тіршілік ететінін жазады, бұл шөлді, шөлейтті жерлер. Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездерінің ауылшаруашылық кәсібін дамытуға қолайлы аудан­дарында қазақ жұрты­ның егіншілік пен жер ша­руашылығы жақсы дамы­ға­нына назар аударыпты. Суармалы жерлер, жауын көп, ылғал мол түсетін жерлер, жердің топырақ-геологиялық сапасының қолайлы болып келетін аудандарға бөлген.

Сырдария қоныстандыру ауда­нының қарамағына Сыр­дария, Самарқанд, Ферғана облыс­тары кірген, бұл жер көлемі өте үлкен аймақ. Осы­ ­облыстардың ішінен ең­­ ал­дымен шаруашылық-ста­­тистикалық зерттеу жұ­мы­­сын Сырдария облысынан бастау көзделінген екен. Бұл облыстың жер кө­лемі 443 442 шаршы шақырым аумақ­ты алып жатты. Патша үкі­­ме­тінің шаруашылық-ста­­тистикалық зерттеу жұ­мысы қатаң түрде отарлау мақсатында жүргізілді. Осыған орай қоныс аудару учас­келерін құруға табиғи-та­рихи жағынан кедергі болмайтын аудандарды таңдау қажет болғандығын ашық жазады. Яғни Сырдария статистикалық партиясының алдында шаруашылық, ста­тистикалық зерттеу жүргізу үшін отарлау мақсаты тұр­ғысынан қолайлы аудандарды таңдау тұрды. Ондай аудан алдымен Шымкент уезі болды. Бұл уездің жері өте шұрайлы, сулы, таулы, ша­бындықты болып келеді әрі егін шаруашылығы жақ­сы дамыған өңірге жататын.­ Арыс, Балықты, Жыланды, Ақсу, ал таулы аймақтан Даубаба, Машат, Келтемашат сияқты суы мол арналы өзендері мен бастау, бұлақтары көп сулы аймақ болатын. Сырдария статистикалық партиясының назарының мұндай жері құйқалы, шұрайлы, табиғаты көркем, сулы жерлерге аууы заңды да еді.

Ал Даубаба Шымкент уе­зінің Машат болысына қа­райтын. 1906 жылдың басында Сы­р­дария статисти­калық партиясы өз жұмы­сын бастайды, отарлау мақсатында қойылған міндетті уақыт жа­ғынан қысқа мерзімде зерттеп, анықтап, жинақталған ма­териалдарды 1908 жылы ар­найы кітап етіп бастырып шығарады. Біз біле бер­­мейтін, уақыт өте ке­ле ұмытылуға айналған мәлі­мет­тер мен деректер, елдің тір­шілігі, шаруашылық жүр­гізу әдіс-тәсілдері, жерді жа­­йы­лымдық, суармалы, егіс­тік жерлердің мал-жан ба­сының есебі, түтін саны т.б. зерт­телініп, жинақталынып, қоры­тындыланған мол мағ­лұмат­тар топтастырылған ең­бек. Бұл статистикалық пар­­тияның жүргізген зерттеу жұмысы тікелей отарлық мақ­сатта жасалынғанымен, тарихымызға қатысты көп­теген құнды деректері зерт­теу­шілердің ғылыми еңбек­теріне пайдалануына өте қажет.

Біз тоқталып отырған Сыр­­­­­­­дария облысы, Сырдария ста­тистикалық партиясының қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалануы жөніндегі материалдарында Қойбек биге байланысты былай деп жазылыпты:

«...Суармалы жерлерді пайдалану қазылған әлгі арық жүйелерінің суын пайдаланумен тығыз байланысты. Суа­ру үшін су әдеттегідей бас арықтан немесе өзеннен бол­маса таулы жерде жиі кез­десетін бұлақтан алынады, мұндай жағдай далалы аймақта жиі кездеседі. Арықтарды қазақтар көп қиындықпен, тұтас бір рудың, тіпті бірнеше рудың біріккен күшімен жүргізеді. Мысалыға, Машат болысындағы Даубаба арығын қоралас руы бұдан 70 жылдай бұрын Шаншар деген кісінің басшылығымен қаза бастаған, бірақ іс сәтсіз болды, су шықпады. Шаншардан кейін арық құрылысын Бақ­басар жалғастырған, ақы­рын­да ол суды шығара алған, бірақ түптеп келгенде Даубаба ары­ғын оның құрылысы басталғаннан кейін он жыл өткен соң барып Қойбек би ғана қайта қолға алып, арық қазу жұмысын ақырына дейін жеткізеді. Осы кезден бастап қоралас руы жерді игеріп пайдалана бастайды. Алайда арық құрылысын жүргізу аяқталғаннан кейін де үнемі арықты қарап, түзеп, жөндеп отыру қажет. Ол үшін әдетте ерекше бақылаушы «арық ақсақалын» және мұрапты сайлайды. Мұрапқа еңбегі үшін қауымнан ақы, көбінесе мал-мүлік түрінде төленген. Оның міндетіне арықтың дұрыс жұмыс істеуі мен жекелеген үй иелерінің араларында бірдей мөлшерде суды бөлуді қадағалау кірген. Көктем айында арықтардың табаны ұйықтан, басқа да жиналған шөп-шаламдардан мұқият тазартылады. Арық тазалау жұмысына әрбір үй бір жұмысшыдан шығарып отырған, соның нәтижесінде бірнеше күннің ішінде-ақ арық тазаланып отырған...».

Қоралас арығы патшалы Ресей оңтүстік өңірін 1864 жылы жаулап алғанға дейін қазылып, пайдалануға бе­рілген. Шаншар арық қазуды 1836-1837 жылдары бас­­таған болып шығады. Ол су шы­ғара алмаған соң, Қойбек бидің әкесі Мыңбасының інісі Тышқанбайдың баласы Бақбасар Шаншар бастаған істі жалғастырып, біраз жерге дейін суды шығара алған, әрі қарай су жүрмей іркіліп қал­ған. Содан Қойбек би ал­дындағы бауырларының жі­берген қателіктерін тексе­ріп, екшеп, мұраптармен қай­та есептеп барып, арық арнасын басқа бағытпен көлбей жүр­гізіп, қиын қысылтаң жерлерден жол тауып арық қазу жұмысын нәтижелі аяқтаған. Бұл статистикалық партияның дерегімен есептеп шыққанда 1847-1848 жылдар шамасы болып шығады. Статистикалық партияның 520 беттей материалынан Даубаба арығын қазуға атсалысқан осы үш-ақ кісінің аттары ғана аталады, ал фамилиясы келтірілмейді. Ал оны тарихи елесінде қалған аңыз-әңгімелер, әпсаналардың арқасында ғана біз біліп келген едік.

Шымкент уезінің Машат болысындағы Даубаба арығы, яғни Қоралас арығы­ның ХІХ ғасырдың 40-шы жыл­дарының соңында қазылып, құрылысы бітіп, осы арық Даубаба өзенінің суы таулы қыратқа көтерілгенін тарихи құжат нақтылай түсті. Қо­ралас арығының таулы жер­де қазылып іске асырылуы, оның құрылыс жүйесі, инже­нерлік-геологиялық ше­ші­мі, ирригациялық жоба-жүйесі статистикалық пар­тия зерттеушілерін қат­ты қызықтырғаны анық. Сон­дықтан да Қойбек бидің еңбе­гіне арнайы тоқталып отыр. Бұл дерек, мәліметтерді Даубаба өңірін арнайы аралап, Қоралас арығының құры­лыс жүйесімен таныс­қан статистикалық пар­тия­ның зерттеушілері Қора­л­ас арығына қатысты мәлімет­терді Қойбек бидің тікелей өзінен алуы әбден мүмкін деп болжаймыз, себебі бұл кезде Қойбек би Мыңбасұлы әлі дү­ниеде бар болатын. Ол кезде Шымкент уезі Түркістан ге­не­­рал-губернаторлығының құ­­­рамындағы Сырдария облысына қарайтын. Қойбек би ықпалды би, қайраткер тұл­ға ретінде Сырдария облысына ғана емес, Түркістан генерал-губернаторлығына да­­ есімі белгілі би, қай­рат­кер­ болғанын осы мәлі­мет­тер айғақтай түссе керек. Қо­ныстандыру басқар­ма­сының жұмысына байланыс­ты көп ұзамай оңтүстік өңіріне ішкі Ресейден, Сібірден мұ­жық­тар, қара шекпенділер, ка­зактар үкіметтік жәрдем алып, қаптап көшіріліп, әке­лініп қоныстандыру учас­келеріне орналастырыла бас­тады. Ең шеткері жат­қан өңір деп есеп­телінетін Дау­ба­ба жеріне де Ресейден кел­ген қоныс­танушылар көшіп келіп орныға бас­тайды. «Сославино» деген ел­ді мекен пайда болады, Түл­­кібас өңірінде Антоновка, Димитровка, Сергеевка, Кор­­ниловка, Вознесеновка, Ильин­­ка, Ванновка сияқты отарлық топонимдер қап­тайды. Мұның барлығы отарлау саясатының салдары болатын.

Қойбек бидің Ресей жау­лап алғаннан кейінгі өмірі мен қызметі, елі мен хал­қы­ның жүріп өткен кезеңімен етене ­тығыз байланыста өт­ті. Ол халқының, елінің мақ­­­сат-мүддесі мен арман- тіле­гін іске асыру жолында өз мүм­кіндігі шегінде шек­сіз қыз­мет етті. Хақ жолынан, ақиқаттан айнымай, билігінде байлыққа бас ұрмай тура жолдан таймай өткен тұлға болды. Қазақ қауымына ұлы билердің өнегесін, дәс­түрлерін іс-тәжірибесімен насихаттап, қылмыссыз қоғам, қауым орнықтыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген билердің бірі осы Қойбек би Мыңбасыұлы. Би бабамыздың қаздырған арығының орны күні бүгінге дейін сол баяғы қалпында сақталынып қалған. Қайта қолға алатын күн туса, әлі де қызмет етуге толық жарайды.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы

АЛМАТЫ