Аймақтар • 30 Наурыз, 2018

ШҚО-да төтенше жағдай техникаларының 70 пайызы тозып тұр

402 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дәйім табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен жұртқа көмек қолын созуға асығатын төтенше жағдай саласының қызметкерлеріне табиғаттың өзі көмекке келгендей. Егер Шығыста осындай күрделі жағдай орын алмаса, бір емес, бірнеше ауданды су баспаса, «жабулы қазан» жабулы күйінде қала берер ме еді. 

ШҚО-да төтенше жағдай техникаларының 70 пайызы тозып тұр

«Бақсақ бақа екен» демекші, бұған дейін үнемі бастарын қауіп-қатерге тігіп, от пен судың ортасында жүретін құтқарушы қауы­мының түйткілдеріне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегені білінді. Бір байқағанымыз, техника, өзге де құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі тек Шығыс Қазақстанның басындағы кеп емес. Мұны өңірімізге екі күндік жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин журналистерге арнап өткізген брифингте айтты. «Рес­пуб­лика бойынша 140 өрт сөн­діру бөлімі қажет, техни­ка­лардың жетіспеушілігі 45 пайызды құрай­ды. Ал егер мотопомпа мен өзге де құрал-жабдықтарға келсек, оның жабдықталуы 35 пен 70 па­йыз аралығын қамтиды. Қазір осы мәселе бойынша еліміз­дің Премьер-Министрінің тап­сыр­ма­сымен Үкіметке хат әзірлеп жатырмыз», деді вице-министр.

30 жылдан астам уақыт пайдаланылып жүрген көліктер де бар

Еліміздегі жағдай осындай. Ал енді шығыстағы төтенше жағдай қызметкерлерінің шекесі шылқып жүрмегенін 27 наурызда Астанада өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жайып салғаны белгілі. Аймақ басшысы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің техникалық жабдықталуының өте төмендігін тілге тиек етіп, департаментте норматив бойынша болуға тиіс 249 көшпелі мотопомпаның тек 55-і, 69 қайықтың 14-і, 1 мың гидрокомбинезонның 86-сы ғана бар екенін, 55 жол талғамайтын көліктің бірде біреуі жоқтығын алға тартқан еді.

Мәселенің анық-қанығын білейік деп Шығыс Қазақстан об­лыстық төтенше жағдайлар депар­таментіне арнайы барып, мекеме директоры Нұрлан Мадияров­пен сөйлестік. Сонымен об­лыс­тың төтенше жағдай саласы қыз­меткерлеріне не жетіспейді? Қандай түйткілдер бар? Бүгінде аталған департаментте 63 бөлім бар болса, тасқын кезінде аса қажет көшпелі мотопомпа әр бөлімде кемінде үш-төрттен болуы керек екен. Яғни қазірдің өзін­де 194 көшпелі мотопомпа керек. Ал тіркемелі мотопомпаның саны норматив бойынша 112 болуы тиіс, қазіргі бары – 2. Демек 110 тіркемелі мотопомпа қажет. Төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын арнайы көліктердің саны норматив бойынша 232 болуы шарт болса, біздің өңірдегі саны, бар болғаны – 35. Апатты жағдай орын алғанда мотопомпа мен қайықты тиеп апаратын «УАЗик» көліктерінің саны 489 болуы керек болса, қазір 131-і ғана бар. Оның жартысынан көбі ескірген екен. 

Төтенше жағдайлар департа­мен­ті көктемгі тасқынмен ғана емес, өрт сөн­дірумен де шұғыл­данатыны белгілі. Қазіргі уақытта гарнизонның өрт сөн­діру техникаларымен қамтамасыз етілуі небары 37 пайызы құрайды. Ал бұл техникалардың 79 пайызы ескірген көрі­неді. Тіпті 30 жылдан астам уақыт тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан техникалар да бар. Оның саны – 332. Мәселен, 283 техника – 20, 49 техника – 13, 46 техника – 8, 38 техника 3 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатса, тек 2 техниканың жұмыс істегеніне 3 жылға жетпепті. Облыстағы өрт сөндіру машиналарының саны норматив бойынша 418 болу керек екен. Қазір бары – 232. Про­тивогаз 2359 дана болу керек болса, бүгінде бары – 7. Алайда жақында облыстық әкімдіктен бөлінетін қаржыға 1 мың дана противогаз сатып алынатын болыпты. 

Д.Ахметов Үкімет отырысында Премьер-Министрге төтенше жағдай­лар департаментін тиісті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету үшін жыл басында 300 миллион теңге қаржы бөлін­­генін мәлімдеген еді. Департамент ди­­рек­торы Н.Мадияровтың ай­­­туынша, бұл қаржыға өрт сөн­діру кезінде қол­­данылатын 2 авто­баспалдақ, 4 апаттық-құтқару құрылғылары мен жеке қорғаныс құралдары сатып алынбақ. «Жал­пы алғанда, департаментті құ­рал-жабдықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 30 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Әри­не мұндай қаржыны бір­ден бөлу мүмкін еместігін жақсы тү­сінеміз. Дегенмен де осындай алапат тас­қын жағдайында бірінші кезекте қажет құрыл­ғыларға қар­жы дер кезінде бөлінсе дейміз. Осы ретте біз облыстық әкімдікке 50 көшпелі мотопомпа, 4 тіркемелі мотопомпа, құрамында 1 мотопомпа мен 1 қайығы бар 10 апаттық-құтқару көліктері, 100 дана су өтпейтін комбинезон, 100 дана құтқару желеттері, 500 дана резеңке гидрокомбинезон сатып алу үшін 219 миллион теңгеге өтінім бердік», дейді департамент директоры. 

Негізінде норматив бойынша апаттық-құтқару көліктерінің саны 35 (қазір бары – 9), су өтпейтін комбинезондар 100 (об­лыста мүлде жоқ), құтқару желеттері 100 (қазір бары – 43), резеңке гидрокомбинезон 2000 (қазір бары – 86) болуы керек.

Тасқын суды да табысқа айналдыруға болады

Ойды ой түртеді. Тасқын демекші, көктемгі тасқын суды кәдеге жарату жайында кейінгі кезде аз айтылып жүр­ген жоқ. Был­тыр Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Су ресурстары­ комитетіне Астана­ны және өзге де өңір­лерді су деңгейінің көтерілуі мен су тас­қынынан қауіпсіз етуге мүм­кін­дік бере­тін жобаларды іске асыру қажеттігін тапсырғаны есі­мізде. «Судың көптігі су дең­гейінің көтерілу қаупін тудырады. Бір жағынан оны ұтымды, әсіре­се ауыл шаруашылығында пай­далануға болады. Осыған орай әр елді мекенде шағын су қоймаларын салуды қамтамасыз ету қажет», деген еді Елбасы. Президенттің бұл тапсырмасы бар­лық жерде сәтімен жүзеге асырылып жатыр дей алмаймыз. Қазір өкінішке қарай, мемлекеттің қаншама қаржысы тасқынның алдын алуға емес, тасқынмен күреске, тасқын зардаптарын жоюға жұмсалып жатқаны жасырын емес. Егер Мемлекет басшысы айтқандай, әр елді мекенде шағын су қоймалары болғанда, тасқын суды кәдеге жаратуға байланысты кешенді бағдарлама әзірленгенде Аягөздегі, Глубо­коедағы, Шемонаихадағы немесе Өскемендегі жағдай орын алмас па еді. Қаншама мемлекет қаржысы желге ұшпас па еді. Әрине «мұндай қар, мұндай жауын-шашын, мұндай тоң облыс­та өмірі болған жоқ, табиғатқа қалай қарсы тұра аламыз?» деп жауапкершілікті өзімізден ысырып тастап отыра беруге де болатын шығар. Алайда жекелеген лауазымды тұлғалардың жауап­сыздығы, өз жұмысына сал­ғырт қарағандығы да тілсіз жаумен күресте дәрменсіздік таны­туымызға әсер еткенін жоққа шығаруға болмас. Мәселен, жақында Өскемен көшелері көлкіген суға толғанда облыс әкімі Д.Ахметов қала әкімдігін қатты сынға алып, былтыр күзде тазалануға тиіс арықтардың дер кезінде тазаланбағанын беттеріне басқан еді. Содан кейін ғана барып қаладағы арықтар тазаланып, техникалар саны арта түсті. Сонда әкім айтпаса, әкім көзге шұқып көрсетпесе арықтар қар мен мұзға, қоқысқа толып тұра беруі керек пе еді? Дегенмен Елбасы міндеттеген маңызды мәселе – тасқынның алдын алуға ерте қамданып, су тасқынынан қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін жобаларды іске асырып жатқан аудандар да жоқ емес өңірде. Мәселен, Тарбағатай ауданы қазір Кеңес Одағы кезінде қолданылған «лиманное орашение», яғни жа­йып суару технологиясын қайта жаңғыртуды қолға алып жатыр. Кезінде Тарбағатай ауданында 20 мың гектардан астам шабындық жер жайып суару әдісімен суарылған екен. Ауданда 220 шақырымнан астам каналдар болыпты. Қазіргі уақытта сол каналдардың барлығы топыраққа толып, бітеліп қалған. «Біз биыл тасқын суды ауылдарға жет­кізбей, жол-жөнекей шабын­дық­тарға қарай бұрып жібердік. Осы­лайша 5 мың гектардай жерді жайып суардық. Әлі де суарып жатырмыз. Біле-білсек, тасқын суының пайдасы мол. Құрамында қаншама минералды заттар бар. Біріншіден, тасқын суы топырақтың құнарлығын арттырады. Екіншіден, жерді ыл­ғалдандырады. Үшіншіден, ша­бындықтың өнімділігін еселей­ді. Осыдан отыз жыл бұрын ша­­бын­дықта 30 түрлі шөп болса, қазір 15 түрі ғана қалған. Яғни топырақтың құнарлығы жыл­­­дан-жылға төмендеп барады. Мемлекет қаржысын жыл­ сайын су тасқынымен күресу­ге жұмсағанша, бұрынғы пай­даланылған арналарды қал­пына келтіруге, жайып суару технологиясын дамытуға неге жұмсамасқа? Бұлай болғанда су тасқынының алдын алып қана қоймай, шаруаларға да қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бұл мәселе Үкімет деңгейінде, республика көлемінде қаралып, кешенді бағдарлама қабылданса дейміз. Жайып суаруды қайта қолға алу бойынша аудан халқының атынан Су ресурстары комитетіне өз ұсынысымызды жібердік», дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев. 

Көп жылдар су шаруашылығы саласында еңбек еткен, маман­дығы агроном аудан басшысы Президент ерекше атап өт­кен шағын су қоймаларын са­лу, әсіресе қарапайым ауыл тұр­ғындарына пайдалы екендігін ай­тады. «Мәселен, көрші Қытай мем­лекеті әрбір ауылында су қоймасын салып тастаған. Ол жақтың әкімдері бір-бірімен кездескенде «қанша су жинадың?» деп сұрайды екен. Яғни олар судың байлық екенін біледі. Меніңше, суға тосқауыл қоямыз деп қаншама миллиардтаған қаржыға дамбы салғаннан гөрі, 2-5 миллион текше метрлік шағын су қоймаларын тұрғызған тиімді. Бұған көп қаржы да жұмсалмайды. Әр ауылда бір-бірден су қоймасы болса, халықтың мал өсіріп, ет өндіруіне де қолайлы болар еді, қаншама адам жұмыспен қам­тылар еді», дейді ол.

Түйін

Жоғарыда өңірде тасқынның орын алуына себеп болған жағ­дайларға аз-кем шолу жаса­ғандай болдық. Қыс бойы қар­дың болмағанын, содан жер ас­тына қалың тоң қатқанын, көк­­тем туа қар мен жауынның ас­тында қалғанымызды айттық. Тех­никалардың тапшылығын, кей­бір лауазымды тұлғалардың жауапсыздығын сөз қылдық. Дегенмен мына бір жағдайды да назардан тыс қалдырмау керек секілді. Көбіне әкімдікті, төтенше жағдай қызметкерлерін сынап-мінеуге әзір тұратын кейбір тұр­­ғындардың ауласындағы қар­ды дер кезінде тазаламауы, арықтарды аршымауы да бел­гілі бір деңгейде жағдайды ушықтыра түскені анық. Тіпті құтқарушыларды ауласындағы суды соруға шақы­рып алып, суағарын көрсете ал­маған тұр­ғындар да бар. Қазір бірнеше үйді су басып жатқан Глубокое ауда­нының Прогресс ауылында Ұлттық ұланның сарбаздары қыс бойы тазаланбаған, қоқысқа толы арықтарды қоқыр-соқырдан арылтып жатыр. 

Айтпақшы Өскеменде журна­лис­терге брифинг өткізген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елімізде өзен жағасына заңсыз салынған үй­лердің аз еместігін, мұндай үй­лер Аягөзде де бар екендігін айтып қалды. «Шығыс су қоймалары» коммуналдық мекемесінің директоры Александр Лукин өңір­дегі гидротехникалық нысан­дар­дың көпшілігінің ескі­ріп тұр­ғанын да сөз еткені бар. Ендеше алдағы уақытта аймақ­тағы су жағасындағы үйлер, гидро­техникалардың нысандары толық тексеруден өткізіліп, қауіп­­сіздігі назарға алынуы керек секілді. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы