Білім • 30 Наурыз, 2018

Жаңа мамандықтардың жайы қандай?

4911 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде жаңарған қоғамға сәйкес мамандықтар рөлі сапалы өзгерістерге ұшыраған. Енді олар бұрынғыдай тұрақты табыс көзі ғана емес. Әрине бұл бүкіл әлемнің даму үрдісі. 

Жаңа мамандықтардың жайы қандай?

Тың жаңалықтар жаһан жылдамдығын одан әрі күшейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеуметтік-саяси жүйе өзгеруде. Осы өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағдай жасайды. Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және адам факторына қатысты талаптар да өзгереді. Әлемнің әлді мемлекеттерімен иық тіресуіміз керек-ақ, алайда оған біздің әлеуетіміз бен әдепкі дайындығымыз қандай?

Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев жуырда ғана «Пре­зиденттің бес әлеуметтік баста­масы» атты халыққа Үндеуін жария етті. Ондағы бес бас­та­маның біреуі жоғары білім алу­дың қолжетімділігі мен сапа­сын арттырып, студент жас­тар­дың жатақханадағы жағдайын жақ­сарту болатын. Үндеуде айтыл­ғандай, қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр. Олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Елбасы аталған Үндеуде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін бірнеше шара ұсынды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. «Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бо­йынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады», деді Елбасы.

Осы 11 мың білім гранты қан­дай мамандықтарға жол аш­пақ? Негізінен біз қандай маман­дықтарға зәруміз? Бұл тәжірибеде әлемдік үрдіс нені озық, нені тозық деп таниды?

Жалпы, еңбек нарығы үнемі өз­геріп отыратыны белгілі. Әр 5 жыл сайын бүгінгі жаңамыз ертең жағаға шығып, қайраңдап жатады. Бүгін сұранысқа ие ма­ман­дықтар ертең қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүм­кін. Және ондай өзгерістерді бол­жау оңай емес. Мысалы, 2005 жылы әлемдік талдаушы сарапшылар 2015 жылға қарай нанотехнологиялар, маркетологтер, ғарыш қызметкерлері мен бағдарламашылар саласының өзі ең үздік 10 мамандық бойынша құлдырайтынын болжаған. Ал тіпті 2020 жылға қарай тех­но­ло­гия­лардың дамуына байланысты әлем­де 5 миллион жұмыс орны қыс­қармақ. 2030 жылға қарай ро­бот­тар 800 миллион жұмыс ор­нын ауыстыра алады. Бұрын жа­ңа мамандық 20-30 жылда пай­да болса, айтып өткеніміздей, бү­гінде әр 3-5 жылда пайда болады. 

Бірақ оған қарамастан маман­дық ескі болғанмен, маңызы кү­шін жоймайтын салалардың бар екені белгілі. Мәселен, Кана­даның «Canadian Business Magazine» журналының деректері бойынша, осы елде әлі күнге дейін мұнай және газ өндіру сала­сындағы менеджерлерге сұра­ныс өсе түскен. Оның бірден-бір себебі, мұнай өн­дірісінде тәжірибе маңызды болып есептеледі. Сондай-ақ гео­лог­тер мен океанографтар Кана­да­ның пайдалы қазбаларын қор­шаған ортаға елеулі зиян келтір­местен пайдалану жолдарын табуда маңызды рөл атқаратын мамандықтар ретінде құнды. Олардың бүгінгі таңда көмір өнеркәсібінде де сұранысының өсуі жалғасуда екен. Бұл үрдіс біздің елде де біраз уақыт беделін сақтап, биігін аласартпас дейміз. Алайда бұрынғы «кассир» деген мамандықты банкоматтар алмастырғандай, келмеске кеткен кейбір мамандықтар жайы жалпы жұртшылықты алаңдатпай қоймасы анық.

Елбасының биылғы Жол­дау­ында айтылған бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағда­й­ын­дағы жаңа экономикада зор сұ­ранысқа ие болатын сан мың жаңа маман, соған сәйкес жаңа ма­мандықтар ашылатыны белгілі. Мұндай кезеңде көптеген жұ­мысшылар барлық техноло­гиялық өзгерістердің алдында өздерін бірден қауқарсыз сезі­неді. Дегенмен қосалқы еңбек жағ­дайына бейімделуді қажет ететін жаңа буынның еңбек нары­ғына шығуымен байланысты үде­рістердің бар екенін есте ұстау қажет. Сонымен қатар орта буын­ға бұрынғы «бүкіл өміріме бір кәсіп жетеді» деген қасаң қағидадан арылып, бұл жаһандық төртінші революциялық жаң­ғы­руына психологиялық тұрғыдан дайын болуды да ескерген жөн. Мобильділік кезеңінде бірнеше ма­мандықты игере отырып, өз ор­таңда бәсекеге қабілетті болуың керектігі сөзсіз мойындайтын шындық. 

Ал енді жаңа мамандықтар жайына келер болсақ, сарапшы­лардың айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық тү­бегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық баспақ. Оған байланысты экономика ғылымдарының докторы Ержан Әмірбекұлы журналистерге берген сұхбатында «Қазірде Қазақстанда біліктіліктің ұлттық шеңбері бекітілген. Ол еуропалық стандарттардың негізінде жасалған. Бұдан былай Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, мамандық деген атаудан өтіп, оның орнын бағдарлама деген сөзбен ауыстыруға көшіп жатырмыз. Мысалы, кез келген мамандықты алатын болсақ, айталық, басқару мамандығы делік, ол қай басқару мамандығы? Медицинаны басқару ма, жоқ әлде өндірісті басқару ма? Жоғарыдағы ай­тыл­ған 180 мамандық деп отырға­ны­мыз, мамандық емес, білім беру бағдарламалары деген дұрыс. Тіпті бір мамандық шеңберінде немесе бір бағыт шеңберінде 40-50 бағдарлама бола беруі мүмкін», дейді.

Білім және ғылым министр­лігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылған. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резиден­тура­да – 50, докторантурада 11 ма­мандық пайда болған. «Жал­пы, 2017 жылы алғаш рет соңғы 5 жыл ішінде жоғары және жо­ға­ры оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арнал­ған мемлекеттік білім беру тапсы­рысының көлемі 10 мыңға дейін өскен. Бакалавриат бойынша 28 902 гранттан 35 023 грантқа дейін, магистратурада 7429-дан 10 046-ға дейін, докторантурада 628-ден 1 279-ға дейін өсу байқалады», дейді министрлік өкілдері.

Сондай-ақ 2017 жылы жер­гі­лік­ті атқарушы органдардың грант­тарды бөлуі бойынша нор­масы заңдық тұрғыда бекітіл­ген. Алғаш рет әлеуметтік-эконо­микалық дамуы мен кадрлардың өңірлердегі өндіріс орындарында одан әрі жұмысқа тұру қажеттілігі есебімен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 600-ге жуық білім беру гранты бөлінген.

Ал Мемлекет басшысының жоғарыда айтқан тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдан бас­тап білім беру гранттарының саны 20 мыңға өскен болса, оның ішінде 11 мың грант – техникалық мамандықтарға, 5 мың грант – еңбек нарығына қажет басқа мамандықтарға, 3 мың грант – магистрлерді даярлауға және 1 мың грант PhD докторларын даярлауға бағытталмақ. Бұл ретте техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша жоғары білімі бар бір маманды даярлау үшін шығыс 346,6 мыңнан 635,8 мың теңгеге дейін өспек. 

Ержан Әмірбекұлы бөлінетін гранттарға, айталық экономика саласына қатысты көптеген жоғары оқу орындары биылдан бастап қаржы, бухгалтерлік есеп, экономика, менеджмент бойынша екі-үш траектория ұсынғанын. Онда өндірістік саланың экономикасы және қызмет көрсету саласының экономикасы, сондай-ақ жаңадан құрылыс экономикасы деген бағытқа қосымша студенттерді тарту жоспарланып жатқанын айтады. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, Білім және ғылым министрлігінің жасаған стратегиялық жоспары мен сараптамасына сәйкес, өңір­лердегі көптеген жоғары оқу орын­дарында бір-бірінің ма­ман­дық­тарын қайталау көп екені байқалады. Қазіргі кезде минис­тр­лік ұсынып отырған талаптарға сәйкес, әрбір жоғары оқу орны білім бағытын өзі ор­наласқан өңірдің ерекшелігіне сәйкес икем­деуі керек. Мәселен, ба­тыс облыс­тардағы универ­ситет­тер мұнай, газ саласына икем­делетін болса, оңтүстік өңірлер ту­ризм, ауыл шаруашылығына сай бағытты басым ұстанған дұ­рыс. 

Жалпы, қазіргі үрдіске қа­ра­сақ, маман болу, ол тіпті бесінші, алтыншы орындағы дүние. Оның алдында ортаға бейімделу, әлемде болып жатқан өзгерістерді сауатты сараптап, оған болжалды баға беру сияқты дағдыларға көңіл бөлген абзал. Осы баспалдақтар арқылы ғана дұрыс маман қалыптасса керек. Жоғарыда айтылған жайттардың барлығы жаңа маман даяр­лауда ерекше рөл атқаратынын ескергеніміз жөн.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»