Аймақтар • 30 Наурыз, 2018

Ақтөбе өңірінде де судан қауіп бар

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтырғы көктемде Ақтөбеде айта қаларлықтай тас­қын қаупі күтілмеген еді. Өкініш­ке қарай осындай жағдай орын алды. Бұл оқыс оқиғадан жер­гілікті ат­қа­рушы органдар мен тө­тенше құрылымдар тиісті сабақ алғаны анық. Сондықтан да биыл­ғы жылы өңірде тасқын суды зар­дапсыз өткізудің барлық шаралары белгіленді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білудің тиім­ді тетіктері іздестірілді. Яғни тас-түйін дайындық бар. Алайда қауіп-қатердің қайдан шыға ке­лерін алдын ала айту оңайға тү­се қоймайды.

Ақтөбе өңірінде де судан қауіп бар

 Алдын ала жасалған есептерге қарағанда, аймақтағы су қой­маларының сыйымдылығы қар суын қабылдауға қауқарлы. Әйт­се де наурыз айында өңір аума­ғына бүкіл қыс кезінде түспе­ген мол қар жауғанын ескерсек, бұл дерекке сеніп қалуға бол­май­ты­нын, сондықтан қажетті жа­ғдайда шұғыл тактикалық гидро­инженерлік ше­шім қабылдауға тура келетінін ерік­сіз сезінесіз. Со­ның ішінде ай­мақтағы Ақтөбе су қоймасының ер­неуінен су лы­қылдап, сыртқа төгіліп кетпесіне дәл қазіргі күндері ешкім кепілдік бере алмайды. 

Ақтөбе облыстық төтенше жағ­дайдар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов осындай жағдайдың орын алуы мүмкін еке­нін жоққа шығармайды. Бұл ты­ғырықтан шығудың жолы судың көтерілуі жөніндегі мә­ліметтерді ұдайы жаңғыртып тұру. Су тасқыны сияқты төтенше жағ­дайлар кезінде бү­гінгі мәлімет ертеңге өл­шем бо­ла алмайды.

Биыл Ақтөбе аймағында дәл осындай құбылыс байқалады. Наурыздың 26-на дейін мұнда ауа райы 5-10 градус салқындықты көрсетіп, қар сол күйі жатты. Ал­ соңғы екі-үш күн­де қар күрт ери бастады. Бұл жағ­дай тас­қын су қаупін туғызбай қой­май­­ды. Әрі ауа райының тез жы­­лынып, тез құбылуы бұған дейін жасалған бірқатар есептер мен талдаулардың тас-талқанын шы­ғаруы да әбден мүмкін. Оның үс­тіне мамандар биылғы қыста пайда болған тоң қабаты өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда қалың екенін мәлімдеді. Бұл жағ­дай өңірде тасқын су болуы ықтималдығының басты факторы ретінде қарастырылуда. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ