Тарих • 30 Наурыз, 2018

«IZDEU-2018». Павлодарда іздеушілердің бірлескен форумы өтті

372 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «IZDEU-2018» деп аталатын алғашқы халықаралық форум өтті. 

«IZDEU-2018». Павлодарда іздеушілердің бірлескен форумы өтті

Суретті түсірген Ербол Хамзин

Іздеушілердің бірлескен форумы өңірдегі «Майдан жолы» іздестіру жасағының 10 жылдығына, Сталинград шайқасының 75 жылдығына арналды. Форумға Ресей, Беларусь, Украина, Молдова, Эстония елдерінен делегациялар келді. Мақсат – 1941–1945 жылдардағы соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімдерін тауып, жерленген орындарын анықтау. 

Өңіріміздегі «Майдан жолы» жә­не «Панфиловшылар» іздестіру жасақ­тарының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Жұмабек Қамзин­нің сөзінше, осыдан 30 жыл бұрын Калугада іздеушілер форум өтіпті. «Іздестіру жасақтарының мақсаты – хабарсыз кеткен жауынгерлердің жерленген орнын іздеу ғана емес, соғыс зардабын тартқан әр отба­сының, бүкіл әулеттің мұң-зарына үңілу. Әкесін, ұлын, баласын, ата­сын іздеушілер әр ауылда бар. Күні бүгінге дейін үмітпен күтіп жүр­гендер бар арамызда. Бұл тақы­рып зерттеп, зерделеуді қажет ете­д­і. Сондықтан соғыста қаза тап­­­қан, қайтпай қалған аталарымыз жайлы деректер іздеп, жерленген жер­лерін табу үшін көршілес ел­дер­дегі әріптестерімізбен бас қосуға ша­қырды»,– дейді. 
Жалпы, «Майдан жолы» іздес­тіру жасағының бастамасы бойынша 234 белгісіз жауынгердің мүр­десі қайта жерленіп, Ресей, Украина, Беларусь жерлерінде қазақ солдаттарына арналған 23 ескерт­кіш орнатылып, қайта қал­пы­на келтірілген. Іздеу әлі жал­ға­сады.

Ал, осы іздеу жасағының ко­ман­­дирі А.Шитовтің айтуына қарағанда, биыл Волгоград жерін­дегі Мамай қорғанында қазақ жа­уын­герлерінің ерлігіне арналған тағы бір ескерткіш бой көтермек. 

Форумға қатысқан облыс әкі­мінің орынбасары Мейрам Бе­ген­­таевтың айтуынша, Мамай қорғанға елімізден бірінші болып павлодарлықтар ескерткіш орнатпақшы. Шараға атақты Пан­филовтың немерелері Алуа мен Айгүл Байқадамовалар да­ қатысты.

Бұған дейін 2012-2013 жыл­­дары ресейлік іздеушілер өңір­дегі Қашыр ауданынан соғысқа ат­танған жауын­герлер – Жұмабай Бектұрсынов пен Жұмабек Нұркеновтің мүрделерін бойтұ­мары арқылы тауып, ауылдарына жерлеуге мұрындық болған еді. Ресейлік «Память» іздеу жасағы да Калуга облысы, Людова ауданынан 1919 жылы Байқоныс ауылында туған Петр Мельников соғыста 1943 жылы 24 ақпанда Людово ауданы, Катовичи ауылында қаза тапқаны жайлы мәлімет тапты. Іздеушілер Омбы облысының әкімшілігімен келісіп, П.Мельниковтің мүрдесін Қашыр ауданына жеткізу үшін көмек сұраған. 

Облыста «Боздақтар» кітабы­ның 5-томы жарық көрді. Жаңа кі­тапта майданда қаза тапқан, хабар­сыз кеткен, тұтқында бол­ған 1387 павлодарлық туралы биографиялық мәліметтер жи­­нақ­­талған. Бұл еңбек 1995, 1997, 2014, 2015 жылдары шық­қан «Боздақтардың» жалғасы. Тағ­зым мәңгілік. «Боздақтарды» шығарушылар бұл мақсаттарын 1941-1945 жылдары майдан даласынан оралмаған және елге аман-есен оралған соғыс ардагерлері алдындағы парыз деп санайды. Кітапты құрастыруға ресейлік іздестіру отрядтары , жергілікті өлке­танушылар, тарихшылар, із­деу­­шілер үлкен үлес қосты. Мұ­рағат қызметкерлері Ресей Қор­ғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан, Беларусь, Финляндия архивтерінен павлодарлық жауын­герлер туралы мәліметтер тапты. Құжаттарды, сондай-ақ Харь­ков қоғамдық бірлестігі, Шығыс Прус­сияда мерт болған кеңес сарбаздары ескерткіш қорының «Память» – «Ескерткіш» коммерциялық емес ұйымы, «Саксон мемориалдары» (Германия) бірлестігі, ресейлік және павлодарлық іздес­тіру жа­сақ­тары ұсыныпты. «Боздақ­тардың» жарыққа шығуына соғыс ардагері, осы кітаптардың бас редакторы Бекболат Хазыровтың, мұрағат қызметкері Бекмұхамед Исләмнің, ардагер журналист Төлеубек Қоңырдың үлесі зор. Архивтерде әлі зерттелмеген құ­жаттар жетерлік көрінеді. Өңірі­міз­ден соғысқа 46 мың адам аттанса, іздеу мәліметтері әрбір үш жауынгердің екеуі қаза тапқанын көрсеткен.

– Құрастырушылар үшін «Боз­дақтар» кітабын шығаруда мәлімет жинау, іздестіру жұмыстары оңай болған жоқ. Соғыста 556 жауынгер қаза тапса, 549-ы хабарсыз кеткен. Неміс және фин тұтқынында қаза тапқан 22 павлодарлық, хабарсыз кеткен 128 офицер мен 1259 қатардағы жауынгер туралы ақпараттарды қостық,– дейді кітап авторлары. 

Концлагерьлерде тұтқында болған, партизан жасағы және поль­шалық әскери құрамалар қа­та­рында соғысқан павлодарлық жауын­герлер туралы мәліметтер кітапта жарияланды. 

Форумға келген Мәскеу облы­сы іздеу жасағының командирі Па­вел Матвеев:«20 жылдай уа­қыт «Майдан жолы» іздестіру жұ­мы­сын жүргізіп келемін. Іздеу жасағын құруыма соғыс зардабын тартқандардың мұң-зары себеп болды. Соғыс өртін көрген қалаларды аралап, архивтерді қопаруға тура келді», – дейді. 

Университет ректоры Гау­хар Ахметова соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімін жарық­қа шығару іздестіру жасақ­тарының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз деп атап өтті. Уни­верситетте құрылған «Пан­филов­шылар» патриоттық іздес­тіру жасағы Мәскеу түбіндегі Дубо­секово ауылында, Можай ауданын­да, Калуга облысында, Мәскеу түбін­де іздестіру жұмыстарымен айна­лысуда. Бұл күндері оқу ор­нының оқытушылары мен сту­денттері «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және Г.Потанин атын­дағы облыстық тарихи-өл­кетану музейімен бірлесіп арнайы жасақ құрған. Жасаққа әскери тарих­шы, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің про­фессоры, «Мемориалды аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсайынұлының есімі берілген. 

– Жалпы, іздестіру жасақтары елі­міздің барлық өңірлерінде бар. Мұрағаттық деректермен дұрыс жұмыс істеуді, құжаттарды сұ­рыптау мәселелерін үйренуіміз керек-ақ, – дейді Майдан Көмекұлы. 

Іздеушілер жиынында Омбы ай­мақ­тық одағының төрағасы, «Поиск» қоғамдық ұйымының дирек­торы Г.Кудря, Украина елі­нің деле­гаты, археолог Т.Крупа, Эс­­то­­ния­ елінен келген іздеуші А.Глазурин сөз сөйледі. Бе­ла­русь жерінен келген, Брест қор­ға­нында іздеу жұмыстарымен ай­налысатын П.Пицко жергілікті іздеу­шілерге Брест қорғанының кір­пішін табыстап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 

Форумнан соң, «ІЗДЕУ-2018» іздеу жасақтары өңірдегі Лебяжі, Қашыр аудандарында болып қайт­ты. Аудан орталығы Аққулы ауылында Невель көшесі бар. Невель қаласының коменданты болған Әбілқайыр Баймолдиннің туған жері. Ал, «Даңқ жолымен» халықаралық патриоттық жобасы шеңберінде Невель қала­сында полковник Әбілқайыр Баймолдиннің есімімен аталған алаң­да қола ескерткіш орнатылды. Бір көшесіне есімі берілген. Әбіл­қайыр жоғары офицерлік атты әскер мектебін, Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітірген. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. 1944 жыл­дың қаңтарында полковник Ә.Баймолдин Невель қаласын жау­дан қорғап, ерлікпен қаза табады. Ол басқарған взвод қатарында батыр қыз Мәншүк Мәметова бол­ған. Аудандық мәдениет үйін­де «Естелік пойызы» көрмесі ұйымдастырылып, «Комендант Невеля» фильмінің авторы Қанат Есенаманға ауданның құрметті азаматы атағы берілді. 

Бір ғана Қашыр ауданы­нан А.Елгин, М.Катаев, В.Степанен­ко,­ Қ.Сұрағанов, И.Кривенко, Г.Крав­чен­ко сияқты 6 бірдей Ке­ңес Одағының Батыры шық­қан. Делегация мүшелері аудан орталығындағы батырлар ескерт­кіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Форум қорытындысы бойынша, Халықаралық бірыңғай іздестіру қоғамдық ұйымы құрылатын болды. Келесі «Іздеу» форумы 2019 жылы Омбыда өтеді.

Фарида БЫҚАЙ,     
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы