Жеңіл атлетика • 30 Наурыз, 2018

Ольга Сафронова: Бала кезімнен поэзияға ғашық болдым

645 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы 18 тамыз және 2 қыркүйек аралығында Индонезия астанасы Джакарта қаласында жазғы Азия ойындары өтеді. Осыдан төрт жыл бұрын Инчхондағы Азия ойындарында «Спорт падишасының» өкілдері 3 алтын жеңіп алған. Оның біреуі 200 метрге жүгіруші Ольга Сафроноваға тиесілі. Индонезияда да сол жетістігін қайталайды деп сенеміз. Осы орайда спортшыны әңгімеге тартқан едік.

Ольга Сафронова: Бала кезімнен поэзияға ғашық болдым

Ольга Сафронова – 1991 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі кезде Павлодар облысының намысын қорғап жүр. 100 метрге жүгіруден Қазақстан рекордшысы (11,09 с). 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан. 

– Ольга, анаңыз Ирина Саф­ронова да жеңіл атлетикамен айна­лыс­қанын естіген едік. Спорттың осы түрін таңдауыңызға анаңыздың ықпалы болды ма?

– Анамның жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысқаны рас. Бірақ мені секцияға жазып, осы спортқа қатыс деп күштеген емес. Сегіз жасымда құрбымның шақыруымен жеңіл атлетика секциясына жазылдым. Анам қолдау білдірді. Содан бері барлық өмірімді осы спорт түріне арнап келемін. Ең алғашқы жарысымда жеңіске жетіп, мақтау қағазын алғаным қосымша шабыт берді. Бұдан соң жеңіл атлетикаға деген махаббатым одан сайын күшейе түсті. Анам кезінде 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген. Алғаш жүгіріп жүрген кездері менің көрсеткішімді әлі қайталаған жоқсың деп айтатын. Кейіннен жылдамдығымды арттырып, анамның рекордын жаңартқанда ол мені мойындады (күлді).

– Анаңыздың кедергілер арқылы жүгіргенін айтып қалдыңыз. Ал өзіңіз спринтерлік жолды таңда­­дыңыз. Осының себебін айтсаңыз?

– Бала кезімнен алыс қашықтыққа аса құмар емес болатынмын. Анам секілді кедергілер арқылы жүгірмеген себебім, бұрын бір-екі рет құлап қалғанмын. Сондықтан қорқып қалыппын. Ал спринтерлік жүгіруде өзімді сынап көріп едім, көрсеткішім жаман болған жоқ. Негізі бала кезімде жеңіл атлетиканың барлық түрінен өзімді сынап көргенмін. Бірақ соңында осы қысқа қашықтыққа жүгіруді таңдадым.

– Спортшы мақсаты төрт жылдықтың басты додасы – Олим­пия ойындарына қатысу екені белгілі. Сіздің бұл ойыңыз ең алғаш Лондон Олимпиадасында орындалды. Алған әсеріңіз ерекше шығар...

– Жүгіру жолағына шыққан кездегі алған әсерім әлі есімде. Мен америкалық Кармелито Джеттермен жарыстым. Ол мен үшін кумир, жүгіргені ұнайтын. Спортшы ретінде қатты бағалаймын. Старт басталғанша бірге жаттығу жасадық. Оның менің тобымда екенін тізімнен көргенде қатты әсерлендім. Жарыс таңертең ерте басталған еді. Соған қарамастан стадион лық толды. Көрермендердің қолдауын сезіндім. Старттан алғашқы 30 метрге ұзап шыққанша қасымда ешкім болмады. Көшбасында келе жатыр екенмін. Негізі мұндай ірі жарыс­тарда барлығы алдымды орап кететін. Бұл жолы мәреге екінші келіп, жартылай финалға өттім. Мәреге жеткенде өз-өзімді сабырға шақырып, эмоциямды басуға тырыстым. Оның үстіне ертеңінде жартылай финал. Ал жартылай финалда аяғымның буындары ауырып, жүгіру қиынға соқты. Ширек финалда барлық күшімді жұмсап қойғанымды түсіндім. 

– Шыны керек, сіздің есіміңіз 2014 жылғы Азия ойындарынан кейін танымал бола бастады. Оң­түстік Корея жерінде өткен сары құр­­лықтың додасына тыңғылықты дайындалдыңыз ба?

– Жалпы, кез келген жарыстың алдында үлкен жауапкершілік жүктеледі. Азия ойындары басталмас бұрын медаль әкелуің керек дегендер көбейді. Мұндай жауапкершілік психологиялық тұрғыдан өте қиын. Инчхонда 100 метр­ге жүгіргенде толқынысымды баса алмадым. Сондықтан қола жүлдемен шектелдім. Ал 200 метрге жарысар алдында чемпион боламын деп өз-өзіме сөз бердім. Сол күні өте ашулы болдым. Жеңіске жеткеннен кейін жылап, ішкі эмоциямды бір шығарып алдым. Одан кейін командалық эстафетадан жүлдегер атандық. 

– Биыл Азия ойындары Индо­не­зияның Джакарта қаласында өтеді. Осыдан төрт жыл бұрынғы жетіс­ті­гіңізді қайталағыңыз келетін шығар?

– Әрине. Құрамадағы әріптесім Виктория Зябкина екеуіміз 100 және 200 метрге жүгіруден бөлек, 4х100 метрлік эстафетаға да жүгіреміз. Эстафетадан да чемпион атануға мүмкіндік көп. Сондықтан Джакартадан бір емес, екі алтын жеңіп алғым келеді.

– Үй шаруасына икеміңіз қандай?

– Мен тамақ істегенді қатты жақсы көремін. Тіпті хоббиім деп айтсам да болады. Әрдайым жаңадан бірдеңе пісіргенді қалап тұрамын. Кейде жарыстан келгенде асханаға кіруге аса құлшыныс болмайды. Ал іске бел шешіп кірісіп кеткенде дәмді тағамдар пісіремін. Менің ең жақсы көретін ас мәзірім – паста. Сондай-ақ тауық етінен бәліш пісіргенді ұнатамын.

– Спорттан өзге қандай қабі­летіңіз бар?

– Мектепте оқып жүргенде химия пәнін жақсы көретінмін. Сондай-ақ әдебиет те ұнайтын еді. Мәнерлеп оқудан байқау өткен кездері үнемі өлең оқитынмын. Бұл қасиет атамнан дарыған. Атамның ақындық қасиеті бар. Бала күнімнен Олжас Сүлейменов, Сергей Есенин, Анна Ахматованың поэзиясына ғашық болдым. Әлі күнге біраз өлеңді жатқа айта аламын. Өзім өлең жаза қоймаймын. Мектепте аздап байқап көрдім. Бірақ ақын емес екенімді білдім. 

– Алғашқы тапқан табысыңызды қайда жұмсадыңыз?

– Кәсіби фотоаппарат сатып алғанмын. 

– Суретке түсіруге қызығасыз ба?

– Сол кезде маған фотоға түсірген ұнайтын. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң, бұл қызығушылығым бәсеңдеді. Дегенмен өзімде қабілет бар екенін сеземін. Кәсіби фотограф болу үшін оқу қажет. Оған біраз уақыт кетеді. Әзірге менде ондай уақыт жоқ. 

– Ольга, өміріңізді тек спортпен ғана байланыстырасыз ба? Әлде басқа да қызығушылықтар бар ма? Егер спорт болмаса қай салада қызмет етер едіңіз?

– Дәл қазіргі кезде өмірімді спорт­пен ғана байланыстырамын. Бірақ алдағы уақытта не боларын кім болжап білген? Бапкерлікпен айналысуыма мүмкіндігім бар. Өйт­кені өзім осы сала бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Фит­нес-жаттықтырушылықпен айналысып, адамдарға өз денесін дұрыс шынықтыруға көмектесуге болады. Спорт – қиындығы мен қызығы көп сала. Бәлкім, болашақта спорттан да кетіп, өмірімді басқа арнаға бұруым мүмкін. Маған сұлулық саласы қатты ұнайды: маникюр, педикюр секілді мамандықтарға қызығамын. Мұның бәрі қызығушылық, бірақ... Кім білген? Қазіргі уақытта өзімді Олимпия ойындарының тұғырынан көргім келеді. Армандауға ешкім кедергі болмас. Төрт жылдықтың бас­ты додасына үлкен дайындық керек. Мен қазір сол жолдамын. 

Әңгімелескен 
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»