Парламент • 02 Сәуір, 2018

Азат Перуашев: Тексеріс жаппай жүргізілгені дұрыс

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейдің Кемерово қаласын­да­ғы қайғылы оқиға от пен судан қор­ға­нуды үнемі назарда ұстап отыру керектігін бәріміздің есі­мізге салды. Осыдан екі жыл бұ­рын Мә­жі­лістегі «Ақ жол» пар­тиясының фрак­­циясы Ішкі істер министрлігіне хат жазып, биік үйлердегі өрт қауіп­сіздігін сақтау талаптарының орын­дал­май жат­қа­нын жеткізген еді. 

Азат Перуашев: Тексеріс жаппай жүргізілгені дұрыс

Минис­тр­лік бізге берген жауабында алаң­­­­­даушылығымыздың орын­ды еке­нін айта отырып, аза­мат­тық қор­ғаныс органдарының то­лық тек­серіске өкілеттігі жете бер­мей­тін­ді­гін пайдаланған кейбір кә­сіп­­керлер өрт қауіпсіздігін са­қ­та­майтынын жаз­ған. Сын-қа­тер­ді ба­­ғалаудың жа­ңа жүйесі ен­гі­зіл­геннен бастап, өрт қау­іп­сіздігі мемлекет тарапынан бақыланатын нысандардың саны 140 мыңнан 29 мыңға дейін түсіріліпті. Соның ішінде халық көп жүріп-тұратын 110 мың ғи­ма­раттың өрт қауіпсіздігі мүл­де тексерілмейтіндігі айтыл­ған.

Біз Үкімет пен Алматы қала­сы әкімінің жуырда барлық сау­да орта­лық­тары мен балалар меке­ме­­ле­рінің өрт қауіпсіздігін жос­пардан тыс тек­серу туралы берген тапсырмасына тәнті­міз. Бұл халық арасындағы қобалжуларды біршама азайтатыны анық.

Сонымен қатар бұл проб­ле­маға үстірт қарамау керектігін еске сала­мыз. Қазір сауда орта­лық­тары ға­на емес, кез келген биік үйлер мен әкім­шілік ғи­ма­рат­тардың жо­ғар­ғы қа­батынан өрт сөндіру бас­пал­дақт­а­рымен түсе алмайсыз. Өйткені олардың бәріне құлып салынған неме­се жолда түрлі заттар үйіліп қал­ған. Өрт сөндіру дабыл­дары мен тү­тін шығатын мұржалардың да то­лық жұмыс істей­ті­ніне күмәніміз бар. Сон­дықтан тексеріс жаппай жүр­гізіл­ге­ні дұрыс.

Біздің фракция мәселенің мәнісін білмей, әлеуметтік желі­лер­­де сауда орталықтарын ғана кінә­лап, олар­­ға бойкот жария­лау­ға шақырған үндеулерге қарсы. Өйткені бұлар ғана емес 140 мың ғимарат өрт қауіп­сіз­дігі талабына толық жауап бере алмайды.

Сонымен бірге біз өрт қауіп­сіз­­дігін сақ­тау органдарының те­к­­серіс­тері кәсіп­керлерді тығы­рық­қа тіреп, қор­қытып ақша алу­ға соқтырмаса екен деп алаң­дай­мыз. Сондықтан да қазір кей­бір кәсіпкерлер ғимарат­та­рын­да­ғы өрт қауіпсіздігі жүйесін өз ерік­те­рі­мен тексеріп жатыр.

Мәселеге біржақты қарамай, то­лық талқылайтын болсақ, қауіп қазір өрт­тен ғана емес, тамақ өнім­дерінен, ба­лалар ойын­шық­тарынан, түрлі ескі техника­лар мен лифт шаруашылығы қыз­мет­терінің сапасыздығынан, тіпті сто­матологиялық кабинет­тер­­дің жауапсыздығынан да бо­лып жа­тыр. Осы жылдың басын­да Ұлттық кә­сіп­керлер палатасы Үкі­метке тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі талаптарын күшейтуге бағытталған заң жобасын әзірлеуді ұсынған. Біз жуырда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осы заң жобасын тезірек әзірлеуге ша­­қырдық. Сонымен бірге оны әзір­леуге өзіміздің белсене қа­ты­су­ға дайын екенімізді жет­кіздік.

Азат ПЕРУАШЕВ,

Мәжіліс депутаты