Парламент • 02 Сәуір, 2018

Шайынды су Таразға қауіп төндіруде

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының орта­лы­ғы – Тараз қала­сын­дағы кәріз жүйелерінің суы мен шайынды суларын сүзу алаңдарының та­зар­ту қондырғылары көп уақыттан бері жа­ңар­тыл­мағандықтан эко­ло­гиялық апат қаупін төн­діріп отыр.

Шайынды су Таразға қауіп төндіруде

Екі мың жылдан астам тарихы және 300 мыңнан астам халқы бар Тараз қаласында 1963 жылдан бастап қарапайым сүзгілеу алаңдары жұмыс істеп келеді. Осы алаңдар тәулігіне 150 мың текше метр шайынды суларды қабылдайды. Яғни кәріз жүйелерінен шыққан лас су мен қаладағы қоғамдық тамақтандыру, химиялық тазалау, техникалық және басқа да қызмет көрсету орындарынан жіберілетін шайынды сулар да осы сүзу алаңдарына ағады. Бірақ олар толық биологиялық тазартудан өтпейді.

Су тазалаушы тұндыру мен сүзгіден өткізу алаңдары техникалық тұрғыдан әбден тозығы жеткендіктен, қол­да­ныс­тағы нормативтік талап­тарға сай келмейді. Бүгінгі таңда сүз­гі алаңдарында ернеуінен асқан шайынды су қала іргесіндегі Жам­был ауданының аумағына, атап айтқанда, Жамбыл, Қостөбе елді мекендеріне жайыла бастады. Соның салдарынан жерасты сулары, ауыз су да ластануда.

Мамандардың бақылауына қарағанда жерасты суларындағы нитрат мөлшері белгіленген шектен 4-5 есе артық. Жалпыұлттық рес­пуб­ликалық «Егемен Қазақ­стан» газетінің биылғы жылғы 20 нау­рыздағы санында тілші Хамит Еса­манның «Шайынды судың шыр­ғалаңы» атты мақаласы жа­рия­ланып, осы мәселе кеңінен бая­ндалды. Қалдықтар ауыз су ар­қылы адам ағзасына, шайын­ды су жайылған өрістен қо­рек­тенген малға да кері әсер етіп жа­тыр. Сол мал өнімдерін күн­дел­ік­ті пайдаланып отырған барша тұрғындар жаппай індетке ұшы­рауы да мүмкін. Жоғарыда атал­ған елді мекендердің қосалқы ша­руашылықтарындағы малдан алынған ет және сүт өнімдері қала базарларына жетсе тараздықтарға да қауіп төндірмесіне кім кепіл? Демек Тараз қаласының кәріз жүйе­лерінен шыққан лас су мен өн­дірісте және өнеркәсіп қаже­ті­не пайдаланылған шайынды су кез келген уақытта төтенше жағдайға ұшыратуы ғажап емес.

Өркениетті, дамыған елдерде кәріз суы мен шайынды су тазар­тылып, тыңайтқышқа, басқа да қа­жеттіліктерге жұмсалады. Ен­деше мұндай тәжірибені Тараз қаласында да қолдану қажет деп есептейміз. Біз осы мәсе­лелерді Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаевтың назарына де­пу­таттық сауалмен жеткізіп, Тар­аз қаласында шайынды суды тазалайтын қазіргі заманғы техно­логиямен жабдықталған қон­дыр­ғылар орнату үшін 2019 жылға ар­налған республикалық бюд­жет­ті қалыптастыру барысында жер­гілікті органдар болжамдап отырған 12,0 млрд теңге қаржыны қарастыруға ықпал етуін сұрадық.   

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,

Сенат депутаты