Парламент • 02 Сәуір, 2018

Депутаттар өңірлерді аралады

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент депутаттары 28 наурыз бен 6 сәуір аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіріп, насихаттау мақсатымен өңірлерде болады.

Депутаттар өңірлерді аралады

Мәселен, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған төменгі палата депутаттары қызылордалық депутаттар, қоғам белсенділері және ұстаздармен кездесті.  Шара барысында Вице-спикер Елбасының бес әлеуметтік бастамасы халықтың мұқтажына бағытталып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева білім гранттарының санын көбейту, студенттерді жатақханамен қамтуға байланысты Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп қолға алынған заң жобасының негізгі тарауларына тоқталды.

Сонымен қатар шара барысында Мәжіліс депутаттары Балаим Кесебаева, Абзал Ералиев, Кеңес Абсатиров салық саласындағы өзгерістер, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Депутаттар Қызылорда қаласындағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен де дидарласты.

Атап айтқанда, Парламент Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Бақтыбай Шелпеков Ақтау қаласында академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің студенттерімен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті. Депутаттар кездесу барысында Қазақстан қоғамын әлеуметтік жаңғыртуға арналған «Президенттің бес бастамасын» шараға қатысушыларға жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар әр отбасына, оның ішінде жастарға тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері, еңбекақысы төмен жұмысшыларға салық ауыртпалығын төмендету, жоғары білім алудағы жаңалықтар мен оның сапасын көтеру шаралары туралы әңгіме қозғалды. Сенаторлар облыстық аурухананың ұжымымен де жүздесті.

* * *

Ал сенатор Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы тұрғындарымен кездесіп, қазақстандықтар үшін жайлы баспана әлеуметтік маңызы айрықша мәселе болып табылатынын сөз етті.

* * *

Мәжіліс депутаттары Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов және Артур Платонов пен Мұрат Теміржанов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Ақсу ферроқорытпа зауытында болып, еңбек ұжымымен жүздесті. Депутаттар кәсіпорын қызметкерлерімен пікірлесу барысында Мемлекет басшысы бастамаларының кешенді және шығыны есептелген айқын жоспар екендігіне назар аударды.

* * *

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы талқыланған «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің алқалық жиынына Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дүйсембинов қатысты.

Кездесу барысында депутаттар Мәжілістің заң шығару қызметі мен «Ақжол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясының жұмысы жайлы да егжей-тегжейлі баяндады.

* * *

Сондай-ақ Ақмола облысының Ақкөл және Целиноград аудандарының тұрғындарымен жүздескен Мәжіліс депутаттары Әлия Сапарова, Сергей Симонов, Павел Казанцев, Снежанна Имашева мен Михаил Чирков Елбасының бес әлеуметтік бастамасының әрбіреуіне нақты тоқталып өтті. 

* * *

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты генерал-лейтенант Абай Тасболатов Астана қаласының әскери қызметшілермен кездесті.

Бұл басқосуда Елбасының әлеуметтік бастамалары жайында ашық әңгіме өтті. Сонымен қатар заң шығарушы орган өкілі еліміздің қорғаныс және әскери салаларында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін сөз етті.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттарының қатысуымен елорданың басқа да кәсіпорындарында және құрылыс алаңдарында кездесулер ұйымдастырылды.

* * *

Парламент Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев пен Кәрібай Мұсырман Қарағанды облысының Шет ауданының Ақжал кентіндегі «Nova-Цинк» ЖШС ұжымымен кездесті. К.Мұсырман Қарағанды облысына тартылатын газ құбыры Елбасының бес бас-
тамасы аясында ауқымды жеңілдік əкелетінін баяндады.

* * *

Ал Мәжіліс депутаттары Майра Айсина мен Василий Олейник Қарағанды облысының Абай қаласындағы «Волынка» ЖШС қызметкерлерімен кездесуінде Президенттің бес әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бастамаларының мазмұны жайында әңгімеледі. Тиісінше, зауыт жұмысшылары Мемлекет басшысының бағдарламаларын жүзеге асырудың егжей-тегжейіне қызығушылықтарын білдірді.

* * *

Петропавл қаласында Мәжіліс депутаттары  Светлана Бычкова, Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова, Қанат Мусин  облыстық ішкі істер департаментінде болып, көші-қон қызметінің, жедел басқару орталығының, учаскелік бекеттердің жұмыстарымен танысты. №1 қалалық емхананың ұжымымен өткен жүздесуде жалақысы төмен жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысын көбейту бағытында  Үкімет тарапынан қосымша қаржы бөлінетінін айтты.

* * *

Мәжіліс депутаттары Сапар Ахметов, Анар Жайылғанова және Ахмет Мурадов Астанадағы шыны пакетін шығаратын компания қызметкерлерімен өндірістік цехтарда жүздесті. 

Президенттің бес бастамасын талқылау барысында жұмысшылар Елбасының халыққа ұсынған мүмкіндіктерінің дер кезінде қолға алынғанын және маңызды екендігін атап өтті, деп хабарлады Парламент Сенаты мен Мәжілісінің баспасөз қызметтері.