02 Сәуір, 2018

Жазушының жүрегі (Р. Отарбаев туралы үзік ой)

2080 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бағзыдан келе жатқан түсінікпен тәпсірлесек, шын жазушының өлімі оқырманды, оның ішінде ойлы оқырманды, танып-талғап оқитын оқырманды (өкінішке орай, бұл топтың өкілдері бізде ат төбеліндей) оқыс ойландырып, жүрек ішіндегі жүректің шындығына үңілуге мәжбүрлейді. Сондай айрықша қасиет қонған, қазақтың бұрынғы баба, би тілінің құнарын сақтап қалған жазушының бірі де бірегейі Рахымжан Отарбаев   екені айдай ақиқат. 

Жазушының жүрегі (Р. Отарбаев туралы үзік ой)

Бұл қаза қара тырнағына дейін шенеу­ніктердің 90 пайызын селт еткіз­бегенімен, зиялы қауым, ойлы оқыр­ман үшін неге ауыр болды? Кейін­гі кезде өмірден осындай дара дарын­дар өткен тұста байқалатын бір үрдіс бар. Егер аяғы жетіп жатса, денсаулығы жараса сол қаралы жиын­ға сол саланың белгілі адамдары (қызметтегі емес) келіп, кейбірі сөз сөйлейді. Болмаса басылымдарға, теле­арналарға да сұхбат беріп жататын солар. Демек жалпыға ортақ болу­ға тиісті қазаның кейде сол сала адамда­ры­ның ғана қазасына айналатыны да жа­сырын емес.

Әкім-қара, қарапайым оқыр­ман, көрер­мен, тыңдаушының ілуде бі­рі болмаса, қара көрсете бермейді. Дұ­ры­сы, қан­ша жоғары лауазым иесі бол­са да бас­шы­ның сол тұлға туралы пікір біл­дір­гені орынды. Бұл мәселеде қыз­мет­тік шектеу қойылмауы керек. Себебі ел оның деңгейін, парасат-пайымын жұрт арасына келгенде, бір қайғы, бір қуа­ныш үстінде білуі қажет. Осындай ерек­шелікке жол берілмеген жағдайда қо­ғам­ды әкім-қара туралы орынсыз пікір жай­лайды.

Жазушымен Атыраудағы Махамбет атындағы облыстық драма театрында қош­тасу рәсімі өтті. Қаралы жиында қа­ламгерді шығарып салудың ресми сәті жарты сағат болғанымен, оның ал­дын­дағы оқырмандардың қош­тасуы, ха­лық­тың нөпірі ұзын-ыр­ғасы шамасы 40 минутке со­зы­лды. Сонда бас аяғы 1 сағат дейікші. Күні кеше Мәскеуде Олег Табаковты шығарып салу күн райы­ның қолайсыздығына қарамастан бес сағатқа созылып, оған еден сыпырушыдан етікшіге дейін келді.

Әрине мәселе уа­қыт­та емес, әр халықтың өзі­нің ритуалдық, шариғатқа негіз­дел­ген талаптары да бар болар, дей­тұрғанмен де кей-кейде ақиқат нәр­­сенің өзі де осындай салыс­ты­рулар арқылы айқындалып жат­пай ма? Ғұмыры жеткенше қазақ сах­насына таңдаулы туын­дылар беріп, талайды тұ­шын­дырып, талай тұлғаны тіріл­ткен (Бейбарыс, Жәңгір, Ма­хамбет, Темірбек, Әміре, Сә­кен, Мұ­қағали, Фариза, т.б.) жазу­шы­ның соңғы сапарынан да ұлт рухына негізделген, ел есінде қалар бір шағын сахналық лиро-трагедиялық көріністің (фрагмент), фарстың жасалғаны дұрыс болмас па еді деп те ойлайсың. Өлімнің өзіне өнер қызмет етіп жатса бұл да бір жаңалық, өзгеше құрмет түрі, ерекшелік болмас па еді. Бұл өлімнің өзінен де өнеге түйетін өзге ел дәстүрлерінің бізде әлі де үрдіске енбегенін көрсетпей ме?

Болмаса елге айрықша еңбегі сіңген адамдарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі кейбір өңірде мәдениет басқармасы басшысының орынбасары деңгейінде өткенін көз көргенде, бұл жиынға шүкіршілік айтасың. Республиканың барлық өңірлерінен аяғы жеткеннің бәрі келді. Бір өзі бір елдің биігіндей талай тұлғалар жүрді. Ұйым­­дас­тырылуында мін жоқ. Жа­зу­шының қоғамдағы, мем­ле­кеттегі, шетжұрттағы орны бәрі-бәрі ретімен қамтылды. Сөздің асылы айтылып, өлеңдер арналып, телеарналар хабар беріп (әсіресе, «Қазақстан»), әлеуметтік желілер жарылып кете жаздап жатты, шүкір ғой. Құдайдың құды­ре­тімен болған мына бір сәй­кестікті қа­раңызшы.

Ол өмірден көш­кен­де әкемтеатрда «Сұлтан Бей­ба­рыс» қойылып жатты. Өмірден өтерінің алдында Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрында «Әмі­ре», «Фариза мен Мұқағали» қой­ы­лыпты, аққу әніндей болыпты. Мұқағали демекші, Алаштың Асанәлісі оны қоштасу рәсімінде «прозадағы Мұқағали» деуінің өзі жұртты бір терең күр­сіндірді. Өз асылдарымызға те­ңеуді өз ішімізден та­буы да тағ­лым түйгізіп кетті. Атырау об­лы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев­тың қо­нақасыда, қаралы жиында да, топырақ са­лу кезінде де көрге түсіп кетердей боп жү­руі, кесек-кесек, турап-турап сөйлеуі неге тұрады!? Асылық болмасын, өзі де өнер­ден құралақан емес биік аза­мат­тың түр-тұрпатын көріп тұрып, екі тізесі ат құ­лағын теуіп отыратын Иман­жүсіп­тер­дің өзі де болса осындай болған шығар деп те ойлайсың.

Шын шығарма пікір алуан­ды­ғынан, көзқарастар қай­шы­лы­ғынан туады. Таланттың өзі қай­шылықтан тұрады. Осы тұр­ғы­дан келгенде жазушының соң­ғы уақыттардағы ой-толға­ныс­тарындағы айтылған жайларға да уақыттың өзі өзге­ріс енгізуі әбден мүмкін. Себебі талант­ты адамның бойында үнемі жылы, кереғар ағыстар жүріп жатады.

Дарынның аты дарын. Ол халықтың өлшеусіз байлығы. Сондықтан ол қоғамда өз бағасын алуы керек. Олай болмаған күнде әдебиет пен өнерде «жәй пысықтар» (С.Мұқанов), «сәл шене­уніктер» (М.Әуезов) алға шығып кетуі жалғаса береді. Ал бұлар қоғам үшін де, мемлекет үшін де аса қауіпті құбылыстар.

Таланттың өз бағасын алуы үшін қоғам­да, оның ішінде жергілікті жерде де мини-Омаровтар, мини-Жәнібековтер отыруы тиіс. Осылай дегенде Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың Рахаңның 60 жылдығында «Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» деген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз. Отба­сында, ортасында адами құн­дылықтарды насихаттай білейік» деген сөзі еріксіз есіме түсті.

Бәлкім аңыз, бәлкім ақиқат, ертеде оқыған бір дерек есімде қалып қойып­ты. Шығыс жақта бір кішкентай ел бар дейді. Сол елдің заңдары өте қыс­қа жазылады екен. Тіпті заңды біл­мейтін көрінеді. Себебі бұл елдің кәрі-жасы тек әдебиетті оқиды екен. «Әдебиеті жоқ елде әдеп болмайды» деген ұран-сөз кісі бойындай етіп жазылып қойылыпты. Содан ба екен елде қылмыс атаулы болмайтын көрінеді. Қылмыс жоқ жерде заңның керегі не?! Демек, ел ізгілікпен басқа­ры­ла­ды деген сөз ғой. Былайша айт­қанда, Нұрландай басшылары, Рахымжандай жазушылары бар ел болса керек.

Қаза үстінде көңілден шық­пай жүре­тін осы бір тәмсіл де көмекейде бүл­кілдеп тұрып алды.

Рахаңның өзі Атырауда өткен мерейтойы үстінде «Құдай басқа сана берді, қолға қалам берді, тілге бояу берді» дегені бар еді. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» демеуші ме еді Әуезов. Рахымжанда да Абай мен Махамбет тілінің мәдениеті бар еді. Ол тірі сөз жазды, ірі сөз жаз­ды. Жазуын былай қойғанда, сөй­леп бір кетсе төгіп-төгіп жібе­ретін ақ жауындай еді. Ол бәз­біреудей шабыт күтіп отырмайтын, шабыт деген шартты нәрсе ғой (рабочее состояние), қайта көңіл қошы жоқ кезде тоқтаусыз жазатын.

Бұл дүниенің шын жалған екендігіне тағы да көзіміз жетсе де ол жалған өмір сүрмеді, жал­ған сөз жазбады. Өмір шын­ды­­ғын өнер тілімен жеріне жет­кізіп кетті. Қайтейік-ай!? Мынау жал­ған дүниеге бес күн қонақ пен­денің қолында не тұр?.. Не ша­ра?..

Тірі сөздің, ірі сөздің иесі, кеу­десі қара сөздің күмбірлеген күй сандығы, жазуы шертпе күй­дей шүйгін, шырын, шерлі еді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­рат­кері, Халықаралық Айт­матов акаде­мия­сының академигі, әлемдік деңгейдегі аса көрнекті жазушы, қазақ интеллектуалды прозасының ірі өкілі Рахымжан Отарбаев өмірден озды дегенде есеңгіреп отырып қалып едік, енді ес жиып, есті сөз жазуға бет бұрған кез бұл. Мұндайда аза сөз жазуға жүрек шіркін шыдар ма, қол жүрер ме? Әлгінде айтқандай, шын жазу­шы­ның өлімі әркімді де оқыс ойланды­рып, өз жүрегінің ішіндегі жүректің шындығына үңілуге жетелейтін шығар. Сол шы­ңыраудағы шындықты жал­ған­ның жарығына шым-шымдап шы­ғарып, шырылдатып айтып жүрген санаулы суреткердің бірі еді Рахымжан Отарбаев.

Қайран, Раха! Соңғы уақытта бұ дүниенің жалғандығы, пен­де­ші­лік жө­нін­де көп айтып, ұл­тын рухани ке­мел­­дікке ұмтыл­ды­рудың қамындағы қыс­қа-қыс­қа қайырымдарға ден қой­ып еді. Айтуындай айтып, жазуын­дай жазып кетті. Енді қалғаны Алашқа аманат.

Қайран, қаламгер! Бұл өмір­дің қам­шы­ның сабындай қыс­қа екенін ерте болжады ма екен кейінгі тұста тұлғаларды қопа­рып түгендеуге кіріскен еді.

– Бір шетел сапарынан орал­ған Рахымжанның сондағы бір үздігіп, үгіліп сөйлегені есім­де. Сізге бір мойын бұра алмай қойдым. Мәңгілік жүре бере­тін­дей­міз ғой. Осы уақытқа дейін қа­сым­да ғой деп, алаңсыз жүрдім, сіз де әлі толық ашылмай жатқан қа­зы­насыз ғой, енді сізге толайым
бұрыламын. «Еділ-Жайық» деген пьеса жазамын. Жұбан аға екеуіңіз жөнінде. Кейінгі кездегі рухани тұлғаларымыз туралы жа­зылып жатқан дүниелердің көп­ші­лігіне көңілім толмайды деп еді, – деген Илья ағаның толқып сөй­легені де қазір жадымызда жаң­ғырып тұр.

Иә, өзі де тұлғаға айналған ол ендігі жерде тұлғалардың бірың­ғай сахналық галереясын жасауға кірісіп еді. Бірде Атырауға жол түсіп, Сарайшыққа бірге сапар­лап жол бойы әңгімеміз таусылмай, қалаға келген соң да жал­ғ­а­сып қимай қоштасқаным есіме тү­сіп отыр. Сондағы әңгіменің тұр­қы да осы еді. Тірі болғанда ол түгендер еді бәрін.

Өзі туралы 53 минуттік дерек­ті фильм түсіріп, өзі көріп кеткені де көңілге бір демеу. Ақұштап ақын айтқандай, біз енді оны көмеміз, қайтеміз бәріне көнеміз.

Дүниедегі қандай құбылысты, қандай сәтті болсын (қуанышты, қаралы, азалы, жаның төзбес сәттер, көріністер) жазушы ең алдымен жүрегіне жияды, бә­рін соның сүзгісінен өткізеді. Ға­лым­дардың зерттеуінше, адам жүрегі күніне 100 мың рет соғып, 2 тонна қан айдайды екен. Бұл жал­пыға тән нәрсе десек, ал жү­регі жұқа, нәзік өнер адамы­ның күні не болмақ?! Бәрін жүрегіне жиып, жарылып кету тән оған. Ол да сол өз жүрегінің ішіндегі тағы бір жүректің сөзін сөйлеп, айтқанын айтып, жаз деп әмір бергенін жазып кетті. «Өті­рігіміз жарасқан соң дос бо­лып едік. Ортаға шындық тү­сіп, ажы­ратып жіберді» деп өзі күнделігінде жазғанындай, ол өтірік өмір сүре алмады. Оның бар шығармашылығындағы ұс­танғаны осы қағида еді. Айт­паса тұ­ра алмайтын оның кей тұста артық та кетіп, соның уайымын көп жеп, өзін жел мүжіген жартастай үгітіп, өз жүре­гі­­нің отына өзі жанып, жылынып жү­ре­тін. Өмірінің соңында ол осы бір жұ­ды­рықтай ет туралы да жиі айтып, жү­ре­гім шыдаса жазатын нәрсе көп дейтін.

Жүзіңді көру үшін айнаға қа­райсың. Ал жүрегіңді көру үшін қайда қарайсың?! Кім сақ­тай­ды сенің жүрегіңді? Хас қалам­гер­дің қазасы қиядағы қыран­ның қазасына ұқсас. Қыран жүрегін жартасқа соғып жарып жібереді екен.

Жазушының, өнер адамының жү­ре­гін кім ашып көрді дейсің. Жоқ ашып көрген адам бар. Ұй­ықтағанда да жұдырығын түй­­іп жататын 45 жастағы Шук­шин өмірден озғанда оның жү­­регін көрген дәрігер да­на қа­рияның жүрегіне балап­ты. Мы­на жүрекпен қалай жүрген деп таңқалыпты. Ал енді өзі­міздің Нұрағаң – Нұрғисаның жү­регін дәрігердің соңында бір жұ­ма жүріп, зорға келісіп, арна­йы аппараттан көрген белгілі қалам­гер Басқар Битановтың ілге­ріде «Нұрғисаның жү­регі» деген эссе жазғанын да біле­міз. Қа­ра­­пайым халықтың өзі алып оркестрдің сүйемелдеуіндегі сұра­пыл дүниелерді тыңдағанда жа­нын қоярға жер таппай кетпей ме, ал енді соншама алапат мінезін былай қойғанда, му­зы­камыздың Махамбеті – дири­жер­лік пультте тұрған Нұрғи­са­ның жүрегі қалай шыдады екен. Таңқаларлық жағдай. Өмірдегі бар жұмбақ, тылсым сәттер осындай қарапайым салыстырулар арқылы анықталады екен ғой.

Өзімізді қойып, өзге елдерді де отарлай бастаған сұрапыл суреткер Отарбаевтың да жүрегі осындай халде болмағанына кім кепіл?

Әңгімеміз жазушы туралы болғаннан кейін бе, көңіл деген көк дөнен де жүйткіп, ойың­ды асау аттай әр қияға алып қа­ша­ды. Мынадай ой келеді дөң­­ге­леп. Кейбір алпауыт елдер­ге ат ба­сын тірегенде байқай­ты­­нымыз, ескер­ткіш­­терде, сим­волдық дүниелерде нақ­тылық­тан гөрі абстаркциялық жай­лар­ға көбірек көңіл аударып, адам­ның құдірет-күшін тылсым құбылыстар, тосын сәттер ар­қылы бейнелеу белең алған. Адам мен табиғат, ондағы тір­ші­лік иелері бітісіп, астасып кеткен.

Басқасын былай қойғанда алақандай Балтық жағалауының бір елінде көк жүзінде қал­қып бара жатқан құстарды бейнел­ей­тін ескерткішке «Халық әні» деген сөз қашап жазылып, сонадай­дан үзілдіреді көрген кісіні. Тіпті бір елде байлық пен кедейлікке соғылған ескер­ткіш те бар. Мұ­ның бәрі адамның арман-аңса­рынан, мақсат-мұратынан туған туындылар. Келешек ұрпақтың көңіл кеңістігіне осындай ой салатын, тіпті опын­дыратын тосын туындылар жасау жо­лындағы іргелі, іңкәр ізденістерге де бет бұратын кез келді ғой. Ондай дүние жасауға келгенде қабілеті он орап алатын шеберлер де бізде жоқ емес. Сонд­ықтан өмір­ден озған бар жазушыға (шын жазушыға) ескерткіш соғу мүм­кін емес шығар. Алайда «Жазу­шы­ның жүрегі» деген атаумен бір ескерткіш орнатса қанеки!?..

Р.S. Кім білсін, жылқының мүсінін, суретін көп жинайтын дағдысы бар еді. Бәлкім, оның жүрегі жылқының жүрегіне айналып кеткен шығар.

Қали СӘРСЕНБАЙ