Өнер • 02 Сәуір, 2018

Cтуденттер арасындағы Х республикалық музыкалық сайыс басталды

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында студенттер арасындағы Х республикалық музыкалық сайыс салтанатты түрде ашылды. Олимпиада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының және Білім және ғылым министірлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Cтуденттер арасындағы Х республикалық музыкалық сайыс басталды

Жылдағы дәстүрге сәйкес түрлі жоға­ры оқу орындарынан келген сайысқа қа­ты­сушыларды консерватория ректоры Жәния Әубәкірова құттықтау сөзімен қа­нат­тандырып, сәтті өнер көрсетуге ша­қыр­ды. Қазақстанның халық әртісі әрбір қа­ты­сушының жеңіске лайық екеніне сендірді. Се­бебі ерекше қабілеттілерді ғана таңдап алатын музыкалық оқу ордасының студенті атану үшін олар мектеп қабырғасынан бас­тап өте көп іріктеу сындарынан өтті. «Алда сіздерді, жас музыканттарды, қызықты әрі өте маңызды сынақ күтіп тұр. Біріңіздің бағыңыз жанып, жеңіске жетесіз. Ал екіншіңіз құнды тәжірибе жинайтын боласыздар. Кей жан­дар­ға осы сайыс шабыт береді. Кәсіби му­зыкант ретінде қалыптасып, әрі қарай шың­далуға құлшыныс сыйлайды», деді Жәния Әубәкірова.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Алматы қала­сын­дағы өкілі Сергей Тохтаров сайыстың шарт­тары қиын екендігін, алайда бұл олимпиада өнердің, сұлулықтың, нағыз таланттың айқындалатын, классикалық музыканың құдіреті рухани серпіліс сыйлайтын бәйге болып қалыптасқанына қуанатынын жет­кізді. «Жас сайыскерлерге бұл байқау не береді? Қатысушылардың өзіне, өз талантына сенім, әділ қазыларға қайталанбас әсер, ал көрермендерге Отанымыздың келешек жарық жұлдыздарымен таныстық сыйлайтынына еш күмән келтірмеймін», дейді С.Тохтаров.

Салтанатты кеш соңы әдеттегідей концертке ұласты. Бірінші болып сахнада «Халық әні» факультетінің студенттері өнер көрсетті. Ерғали Айдаров, Айдос Тұрар, Біржан Айтахметов пен Әйгерім Құл­жарасованың орындауында кең таралған халық әндерінен попурри орындалды.

Қос фортепианоның орындауына ар­нал­ған француз композиторы Дариус Мийо­ның «Скарамуш» атты тамаша туын­ды­сын Динара Тоқмырзиева мен Айнұр Әбдікерованың дуэті кәсіби деңгейде орындап шықты. Жетігенші қыздардан құралған «Кәусар» тобы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйімен көрермендерді қуантты. Залда жиналған қауым Педро Итьюральденің «Чардашын» сызылтқан саксофоншыларды ерекше ықыласпен шығарып алды. Артынша «Халық әні» факультеті студенттерінің орындауында күй-тартыс болды.

Мерекелік кешті Ян Рудковский басқарған консерваторияның аралас хоры аяқтады. Музыкалық ұжым халық әні «Назқоңырды» орындады. Туынды Ғалымжан Берекешев пен бразилиялық Barbatuques «Voce chegou» тобының өзгеше әрлеуімен ұсынылды.

Студент сайыскерлердің арасындағы бұл жарыс 21 сәуірге дейін жалғасады. Бір айға жуық өтетін музыкалық сайыс­та жоғары оқу орындарының студенттері «Ас­пап­тық орындаушылық», «Дирижерлік», «Ән айту шеберлігі», «Ұлттық музыкалық өнер», «Ком­позиция», «Арт-менеджмент», «Му­зы­калық білім» секілді жеті бағыт бойынша бақ сынасады. Бұл 500 адамның басын біріктірген олимпиаданың басты мақсаты – студенттердің оқу ордасынан алған білімін тәжірибе жүзінде көрсетудің кең мүмкіндігін ұсыну, биік деңгейдегі бәйгелерге дайындау, өзін-өзі кәсіби шыңдай түсуге, келешекте мықты маман болып қалыптасуына бейімдеу.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ