Аймақтар • 02 Сәуір, 2018

Ақтөбе қаласында екі аудан құрылады

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласы республикада құрылған төрт агломерациялық аймақ орталығының бірі. Қазіргі күні мұндағы тұрғындар саны 500 мыңға иек артып отыр. Соңғы уақытта бұл қала тез өсіп-өркендеп, құлашын кеңге жайып келеді. Өзгесін айтпағанда «Батыс» атауын иеленген жаңа құрылыстар аумағында таяу арада тағы да 200 мың адам қоныстанбақ. 

Ақтөбе қаласында екі аудан құрылады

Яғни мұның өзі таяудағы жылдары облыс орталығындағы халықтың саны жеті жүз мыңға жетеді деген сөз. Сондай-ақ Ақтөбе алдағы жылдарда еліміздің ірі және ғылыми-мәдени орталықтарының біріне айналмақ. Тіпті қазіргі күннің өзінде үлкен шаһар еліміздің батыс өңіріндегі студенттер астанасына айналып үлгерді деуге толық негіз бар. Мұнда сегіз жоғары оқу орны және қырықтан астам колледжердің қызмет жасауы осы пікіріміздің басты дәлелі.

Қазіргі кезде тұрғындар саны жарты миллиондық шепке жақындаған қалада екі аудан құру ісі қолға алынған. Бұған басты негіз – Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық мәслихаттың «Ақтөбе қаласының әкімшілік – аумақтық құрылымына тиісті өзгерістер енгізу туралы» қабылдаған біріккен қаулысы болып отыр.

Ақтөбеліктер үшін тарихи мәні мен маңызы жоғары қабырғалы құжат жергілікті баспсасөз беттерінде жарияланған. Қала тұрғындарымен өткізілген қоғамдық тыңдаулар кезінде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов осылай деп мәлімдеді.

Жоғарыда айтылғандай Ақтөбе қаласы үздіксіз даму, өсу-өрлеу үстінде. Оның халқының саны да ішкі миграциялық және табиғи өсім есебінен жылдан жылға тез көбейіп келеді. Бұл фактордың өзі еліміздің батысындағы ірі қала – Ақтөбені тиімді түрде басқару әрі тұрғындардың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарына жақынырақ келу қажеттілігінен туындайды.

Аталған жаңалықты қала тұрғындары да қолдап, қуаттап отыр. Осыған орай олар қоғамдық тыңдаулар кезінде өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіруде. Оның бір бөлігі құрылатын аудандардың атауына қатысты айтылуда. Бұл ұсыныс пікірлердің қай-қайсысы да ескерусіз қалмайды. Кеңесіп пішкен тон келте болмайды дегендей бұл ретте түбегейлі шешім қабылдаудың алдында қала тұрғындарымен тағы да екі рет қоғамдық тыңдаулар өткізбек ойдамыз» - деді газет тілшісіне Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Темір Құсайын,

 «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ