Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Реквием (эссе)

913 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«...Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады... 

...Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді; қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді...»

Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ 

Реквием (эссе)

Пролог

Әміре жайлы бұған дейін де көп айтылды. Әлі де айтыла бермек. Себебі әнші өміріне байланысты дерек пен мағлұмат жүйелі де тыңғылықты ізденісті талап етеді. Бұдан бұрын да талай мақалаға арқау болған тақырыпқа қайта оралу себебіміз осы. Өйткені Әнші әлемі – мәңгілік!

...Оның сұлулық тұнған сыршыл жанына өзге түгіл, өзіне бей­мәлім бір тылсым әуен ұя са­лып, үнемі маза бермейтін. Ол қа­­зақтың өзіндей кеңдікпен ас­тас­­қан әлдебір еркін тынысты, Ән­ші­нің барлық дауыс мүм­кін­дігін ашатын ғаламат шығарма ар­қылы туған халқының бар ар­ман-мұрат, тек-тамыр, мұң-сырын жет­кізуді армандайтын. Сол ар­қы­лы шексіз-шетсіз қазақ дала­сын ән әлдиімен тербеткісі ке­летін. Е.Брусиловскийдің әй­гілі «Қыз Жібек» операсының парти­ту­расын тұңғыш рет қолына ал­ғанда, сол арманына біртабан жа­қын­дағандай есі шығып ерекше қу­ан­ған-тын. Іштей дайындалып, қойы­лым премьерасын асыға күт­кен Әнші, алайда, ол әнінің ме­желі уақытта тағатсыздана тос­қан тыңдарманына жетпей, бас кейіпкер Жібектің Төле­ге­нін жоқ­тайтын ариясындай көрер­ме­ні үшін бір-ақ сәтте азалы әуенге ай­на­лып кетерін тіпті де сезбеген еді...

* * *

...Жасы 35-40 шамасындағы аласа бойлы, тақыр бас, шық­шыт­ты жігіт сахнаға көтерілді. Үс­тінде қазақы шапаны, қолында дом­бырасы бар. Оттай жанған жа­нары мен алабұртқан жүзінен бай­қалады: әнші терең толғаныс пен толқыныс үстінде тұр... Де­мін ішіне тартып аз ғана үзіліс ет­ті де, домбырасын бебеулете жө­нелді. Ол енді жерде емес, көк­те!

Қасиетті қара домбыраның шана­ғынан төгілген әуезді әуен әлдене уақытта ғаламат әнге ұлас­ты. Шетсіз, шексіз кеңістікке қа­рай ғарыштық жылдамдықпен құ­лаш ұрған шыңылтыр үн ендігі сәт­те залда отырған талғампаз кө­рер­меннің жүрек қалтасына құй­ыла берді, құйыла берді... «Құ­нарға бай не деген ғажап үн?!». Сілтідей тынып, бір сәтке қи­­мылсыз қалған мыңдаған адам­дық көрермен залындағы әр тың­дау­шының жанарына әп-сәтте осы тектес таңданысқа толы сан­сыз сауал тұна қалды. Әуен то­ла­с­тамаса, ән бітпесе екен деген жал­қы тілек те қылтиятындай кө­ңіл түкпірінде... Залдың назары – Әншіде!

Әлгінде ғана қобалжыңқырап сах­наға көтерілген жігіт ағасы енді толқыныс тұрмақ, бар әлемді ұмыт­қан. Көзі жұмулы, көңілі қи­янда. «Ағашаяқты» армансыз әуе­летеді! Адам емес, бейнебір ән­ге айналып кеткендей... Тек қа­на қиял қармайтын мұзарт шың­ның асқақтығындай керемет бір тектілік сезіледі көмей де­мінен. Әнші үнімен бірге сах­на­ға күллі қазақ даласы, қазақ бол­мысы көшіп келіп, қосыла ән са­лып тұрғандай... Оны сезімтал кө­рер­мен сөзсіз сезді. Себебі бұл кө­рерменнің жөні де, талғамы да өз­ге еді...

Бұл – өнер оқиғасына толы 1925 жылдың 25 мамыры болатын. Ал көмейіне бұлбұл ұя сал­ған өнерпаздың есімі – Әміре Қашау­баев еді.

Франция астанасы Париж­де өткен дүниежүзілік этно­гра­фия­лық көрмеде орыстың әйгілі ән­ші­лері Долива – Саботнаций мен Ко­валева, өзбек өнер майталмандары: әнші Кари Якубов пен биші Тамара Ханум, әзербайжан ән өнерін әйгілеуші Шавкет Мамедов сынды өнерпаздармен кеңес делегациясы құрамында бірге келіп, ән салған Әміре әніне сол кезде тәнті болмаған, қол со­ғып қошеметін аяған жан болмады. Ән асқақтаған сайын әнші де шек­сіз абыройға бөленіп, даңқ шы­ңына көтеріле берді.

Сөзін түсінбегенімен, қазақы әуен қуатына, шыңылтыр таза дауыс пен тыныс кеңдігіне бас иген Францияның талғампаз қауымы бірауыздан байқаудың кү­міс жүлдесін сонау қияндағы қа­зақ­тай қасиетті елдің абырой­ын арқалап барған Әміренің қан­жығасына байлап берген еді сон­да. Париж көгінде қалықтай қа­нат қаққан үн құдіретіне тамса­нып, таңдай қаққан француз жазушысы, өнердің білгір сыншысы Ромен Ролланның: «Мен шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, он­да әншілік қабілет өте басым» – деп тебірене тіл қататыны да осы сәт. Ал ән арысы Жүсіпбек Еле­­беков болса, әнші даусы 8 ша­қы­­рым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді, Әмірені ән жанрының импровизаторына балайды. «Әдебиет және искусство» журналының 1949 жылғы 10-санында жарық көрген «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әмі­ре ән салғанда, қандай күш­пен, айқаймен бірнеше әндер айт­қан­да, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп тамсанады.

...Сәні мен салтанаты ке­ліс­кен бүкіләлемдік бұл көр­ме­­ден де­легация үлкен әсер, шығар­ма­шылық шабытпен оралды. Әлем­­ді әнімен тамсантқан Әміре ға­на одан кейінгі болашақ өмірін ас­тан-кестен еткен аласапыран алапатты арқалап қайтты. Бә­рі­не себеп – әнші етігімен бір­ге Еуропаға жол тартқан бір жапы­рақ қағаз! Бұл құпия хаттың мән-жайына әншінің қанықтығы яки бейхабарлығы нақты мәлім бол­мағанымен, аталмыш бір ті­лім қағаздың ұлт қайраткерінің тұ­тас­тай тағдырын астан-кестен етуге құдіреті жетті.

...1925 жылдың жазында, яғни Па­рижде өтетін бүкіләлемдік көр­­меге қарайлас уақытта Мәс­кеу­­дегі татар етікшісіне ерекше тап­сырыспен етік жөндеу ісі жүк­те­леді. Тапсырыс беруші жап-жа­ңа етіктің ұлтарағының астына әл­де­бір хатты салып, қайтадан тігіп беруін өтінеді. Тапсырыс мүл­тіксіз орындалады. Және алдын ала жоспарланғандай, аяқ киім Әміренің аяғына киілген күйі француздарды таңдай қақтырған ғаламат әнші әнімен бірге Еуропаға қарай шекара асып кете барады. Ұлтарақ астында жасырынған хаттың қаншалықты қауіпті екенін және өзінің қандай іске тәуекел еткелі тұрғанын әншінің өзі білмеуі де мүмкін. Әлде біле тұра ұлт мұраты жолындағы үлкен саясатқа еріксіз араласты ма екен?.. Ол хат жайлы, жазбадағы айтылған әңгіме жайлы нақты мәлімет болмағандықтан, мәселе күні бүгінге дейін беймәлім болып келеді. Бірақ жазған адамның есімін халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлыұлы өзінің жур­налистер­ге берген бір сұх­ба­тында мәлімдейді. Сұх­бат­тың қысқаша мазмұны мынадай: «Әміре Қашаубайұлының Парижге баруына ұлт көсемі, алты алаш арысы Әлихан Бөкейханның тікелей қатысы болғандығы туралы көп жерде айтылмайды. Әлекеңнің жа­зуы бойынша, Әміреге ұлт­тық киімдер кигізгенде оның еті­гіндегі ұлтарағының астына ол Мұстафа Шоқайға арналған ха­тын жасырып, дәл сол жолмен Мұс­тафа Шоқайдан хат алғаны мә­лім. Мұстафа Шоқайдың Әли­ханға немесе Әлиханның Мұс­тафа Шоқайға жазған хатында не айтылғаны жайында біздің қо­­лымызда, өкінішке қарай, еш­қан­дай дерек жоқ».

Хат мазмұнын анықтау мүм­кін болмағанымен, жолдау­шы Әли­хан Бөкейхан екені ақиқат. Әмі­ре шындығын ашушы жаз­ба­герлердің бірі Әмірхан Бә­кір­ұлы Мұстафа Шоқай Әмі­ре­мен тек Парижде ғана емес, М­ай­н­да­ғы Франкфуртте де бірнеше мәр­те кездескендігін жазады: «Мұстафа Шоқай Парижде жә­не Майндағы Франкфуртте де бір­неше мәрте кездесіп, онымен ашық әңгіме жүргізген сияқты. Сол кездесулерде ол әншіге қазақ­­тың біраз халық әндерін орын­­датып, шер тарқатқанға ұқ­­сайды. Бірақ Әміре тергеуде бұл турасында аузына алмайды. Ша­масы, жаналғыштардың әре­кет­терінен қорыққан, сосын бел­гілі деректерді ғана ай­та берген. Осыған орай ГПУ те­р­геушілері де оны жиі шақырып, қайта-қай­та тергеп тұрған» – дейді «Париждегі құпия кездесу» мақа­ла­сында автор.

Франция сапарынан кейін ұлы әншінің өмірі адам айтып төз­гісіз дүрбелеңге айналды. Се­беп – Әміре Қашаубаев пен ұлт қай­раткері Мұстафа Шоқайдың Па­риж­дегі құпия кездесуі. Жат ел­дегі жүздесу жайлы әншінің өзі губерниялық «Қазақ тілі» газе­ті­не Париж сапары турасынан сұх­бат беріп отырып мәлім етеді. Осы­ны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тың­­шылары қазақ эмигранты Мұс­тафа Шоқаймен астыртын бай­ланысы бар деп күдіктеніп, Әмі­рені сансыз сұрақтың а­с­тына алады. Үйін тінтіп, үздік­сіз тексерулер жүргізеді. Қор­қы­­­тып, үрейлендіріп, тіпті соқ­қы­­ға да жығады. Сөйтіп дала да­рыны аяусыз азаптау мен жан­түр­ші­герлік қатігездікті басынан ке­ші­реді. Сондағы әншінің қи­нал­ған, нәзік жаны тоз болған, аза­­маттық ары қор болған қи­ын күндердегі көңіл күйі мен іш­­кі сезімін өнер зерттеушісі Жар­қын Шәкерім 1974 жылы өзі­не құпия түрде айтқан Соци­а­-
листік Еңбек Ері, әйгілі актер Серке Қожамқұловтың ес­те­лі­гі­не сүйене отырып, былайша әң­гімелейді: «Бүкіл халық қоше­ме­тіне бөленіп, атағы жер жүзіне кет­кен Әміре Парижден аса кө­ңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет-әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «сұрамаңдар, мен айтпаймын», деді. Оның осы кө­рінісі араға айлар салып қай­та­ланып жүрді. 1929 жылы ұлт те­атры Алматыға көшті. Мұнда келг­ен соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дей­ін ұстап қоя береді. Сондағы сұ­райтыны: «Мұстафа не деді?» – дейді. Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып елге деген са­ғы­­нышын білдіргеннен басқа ес­тіген ештеңем жоқ десем, сен­бей­ді. Сенген былай тұрсын, бі­рі ұстап тұрып, екіншісі қол жұм­­сап, көкала қойдай етеді» деп көзіне жас алып, қиналып жүр­­генін жайып салды. Бәрінен де сорақысы, «осынымызды бір адам­ға айтушы болсаң, отба­сы­­ңа зияны тиеді» деп, әбден қор­қы­та­тынын айтып еңкілдегені естен ке­тер ме?..Қайран Әміренің сол сө­зі әлі құлағымда» деген еді».

...Әншінің басынан қара бұлт сейіл­меді. Беймезгіл және бей­уа­қыт­тағы шақыртулар мен жөнді-жөн­сіз тергеу, адам төзгісіз азаптаулар, күні кеше ғана жанында бір­­ге жүріп, жақынына айналған жан­дардың қара бастарының қа­мы мен қауіпсіздігін күйттеп сы­рт айналуы, театрда ойнап келген рөлдерінен шеттетілуі, дауыс жа­зу үшін Мәскеуден арнайы кел­ген мамандарға берілетін тізім­нен өз есімінің сызылып тасталуы – мұның барлығы да жаны нә­зік, сезімтал өнер адамының қай-қайсысына да оңай тимесі анық. Жеңіл тимегені былай тұр­сын, бұл өнер адамы үшін өлім­мен тең азап еді. Мұндай соқ­қы әнші емес, жай адамның өзі­нің сағын сындырып жіберуі әбден мүмкін. Әміре Қашаубаев та­ сондай қиын күндерді басы­нан өткерді. Әсіресе, жанына қат­ты батқаны Евгений Бру­си­ловскийдің қолтаңбасында 1934 жылдың 7 қарашасы күні қойылған қазақтың тұңғыш операсынан алапат әншіге лайық рөлдің табылмауы болды. Қанша тө­зуге, шыдауға тырысқанмен де, пенде емес пе, төзе-төзе тө­зім де түгесілді. Даңқ шыңына шы­ға тұра шығармашылық ша­ра­­сыздыққа шырмалды. Париж ас­панын әнмен әуелетіп, таңдай қақ­тырған, қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан дара дарын енді ішер ас, киер киім­ге зар болып, «ащы сумен» достаса бастады. Іштегі күйік­ті осылай басқысы келді. Сөй­тіп ұлы талант өзінің әнші­лік ғұмырына мәңгілік нүкте қой­ды. Өнер иесінің осы бір қи­ын күндердегі аянышты хә­лін ұлттық операны шырқау биік­ке көтерген ұлы компози­тор Ев­ге­ний Брусиловский: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп кө­рін­ген Әміре Қашаубаев сенің ал­дыңда тұр. Көзі қанталап мө­ли­ген, денесіне тер сіңген, даусы бар­лыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады... Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсе­рі­нен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кез­де­сіп, бас қосар адамы да шама­лы, оған көңіл бөліп жатқан еш­кім жоқ. Өзінің жалғызсырап қал­ғанына, елеусіз қалғанына қат­ты қамығады ол» – деп жаза­ды өзі­нің «Дүйім дүлдүлдер» аталар еңбегінде. Ащы да болса шын­дық осы. Өміріне төнген қау­іпті сезсе керек, қайтыс бола­ры­нан аз уақыт бұрын сол кезде не­бәрі 27 жастағы композитор Ах­­мет Жұбановқа барып: «Әл­де­­қандай жағдай бола қалса, үй­дегі қаршадай екі қызыма көз қы­рыңды сала жүргейсің» – деп от­басын аманаттап кетіпті. Бұл –1933 жылы болған оқиға. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өт­кенде алапат әнші бақиға атта­нады. Париж сапарынан кей­інгі өнерпаз өмірінің тозаққа бер­гісіз то­ғыз жылы осылайша қай­та­лан­бас талант иесінің тамырын үз­діксіз балталап, ақыры, қиып тын­ды.

Эпилог

...1934 жылдың 7 қарашасы. Дәл осы күні Евгений Бруси­лов­ский жазған қазақтың тұң­ғыш опе­расы «Қыз Жібек» қойы­лым­ы­­ның премьерасы өтті. Қазақ өне­рі үшін үлкен жаңалық! Ха­лық­тың қошеметінде шек жоқ. Шебер өнер көрсеткен: Кү­ләш Байсейітова, Құрманбек Жан­дар­бе­ков, Манарбек Ержанов, Жү­сіп­­бек Елебеков, Қанабек Бай­сей­і-
­товтей өнерпаздарға шексіз ілти­патпен толассыз шапалақ соғып, ризашылығын білдірісіп жатқан шат-шадыман шақта қазақ өнерін ойсыратып кеткен қаралы хабарды да естіді жиылған жұрт: «Ән атасы – Әміре Қашаубаев қайтыс бол­ды...».

«Лениншіл жас» газетінің 11 қараша күнгі санында мынадай нек­ролог берілді: «Ноябрьдің 5-сі­нен 6-сына қараған түнгі с­а­ғат үште Қазақстанның белгілі ха­лық әншісі Әміре Қашаубаев аз күн ауырып, қайтыс болды». Бұл – ресми дерек. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, қойылымнан өзіне лайық рөл бұйырмаса да, театрға күнде келіп, дайындыққа қатысып, операның сахналануын асыға күтіп жүрген әншінің жансыз денесі дәл өзі тағатсыздана тосқан «Қыз Жібегінің» тұсауы кесілетін күн қарсаңында опера театрына жақын маңнан табылыпты.

...Сахнадағы Қыз Жібектің Тө­ле­генін жоқтауы ендігі сәтте күллі қазақтың азалы күйіне ауы­сып­ жүре берді... Тұңғыш опе­ра­сының тұсауын кесіп қуанған қа­зақ сахнасы алапат әншісін жо­ғалтып және жылап тұрды. Ша­­тыр-шұтыр шапалақтың шат­тық­­ты үнін қара жерге тырс-тырс там­ған көз жасы құмықтыра берді...

Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар