Футбол • 03 Сәуір, 2018

Роналдудың рекордтары

1269 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемге аты мәшһүр Криштиану Роналдудың күн сайын бір рекорд жаңартатыны белгілі. Оның өміріндегі өзгерістердің барлығын қалт жібермей жазып отыратын әлемдік баспасөз кейде жеке өміріне де қол сұғып жібереді. Ал бізге қызығы Роналдудың спорттық табыстары. Жер жаһандағы ең көп жанкүйері бар спортшының қандай рекордтары бар. Негізгілерін тізе отырсақ. 

Роналдудың рекордтары

Бүгін түнде мадридтік «Реал» сырт алаңда «Ювентуспен» кездеседі. Бұл – Чемпиондар лигасының ширек финалдық кездесуі. Алғашқы ойын Зинедин Зидан командасына ауыр болары анық. Себебі Буффон қорғаған қақпаға гол соғу қиынның қиыны. Оның үстіне «Юве» қорғанысқа бекем команда. Өткен жылғы финалистердің қайталанғалы тұрған ойынында Криштиану Роналду гол соғып, тіркеген рекордын жаңартуы ықтимал. Жалпы, португал ойыншысының «Реал» сапындағы рекордтары мынандай:

Еурокубоктардың үздік сұрмергені – 120 гол

Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені – 117 гол

Чемпиондар лигасының бір маусымында ең көп гол соққан футболшы – 2013/14 жылғы маусымда 17 гол соққан

Чемпиондар лигасының финалында ең көп жеңіске жеткен футболшы – 4 мәрте (Иньеста мен Зеедорфта да осындай көрсеткіш)

Чемпиондар лигасының 3 финалында гол соққан жалғыз ойыншы

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі барлық матчта гол соққан жалғыз ойыншы

«Реалдың» ең үздік сұрмергені – 443 гол

«Алтын допқа» ең көп ие болған футболшының бірі – 5 мәрте (Леонель Мессимен бірдей)

Шамасы биылғы жарыстың да үздік сұрмергені Роналду атанатын шығар. Осы уақытқа дейін ол 12 гол соғып үлгерді. Ал оны қуып келе жатқан тек «Севилья» шабуылшысы Виссам Бен Иедер ғана. Ол 8 гол соққан.

Сонымен қатар Роналдудың рекордтары ұлттық құрама сапында да біршама. Ол Португалия құрамасымен 2016 жылғы Еуропа чемпио­натында жеңімпаз болған кезде көптеген рекордтар орнатып тастады. Мысалы:

Еуроның финалдық кезеңінде көп ойын өткізген футболшы – 21 матч

Еуро финалдық кезеңінде көп гол соққан футболшы – 9 гол (Мишель Платинимен бірдей)

Роналду 4 бірдей Еурода гол соққан ойыншы

Әртүрлі еуро додаларда ең көп хет-трик жасаған футболшы

Іріктеу турнирімен қоса алғанда Еурода ең көп гол соққан футболшы – 29 гол

Әлем чемпионаты мен Еуроның іріктеуінде ең көп гол соққан ойыншы – 50 гол

Португалия құрамасында ең көп ойын өткізген футболшы – 149 гол

Португалия құрамасының ең үздік сұрмергені – 81 гол (Ұлттық құрама үшін тек екі ойыншы ғана одан көбірек гол соққан: Али Даеи (Иран 109 гол) және Ференц Пушкаш (Венгрия 84 гол)

«Ювентус» – «Реал» ойыны жайлы сөз болғанда тағы бір қызықты рекордқа көз жүгірте кетейікші. Мысалы, Чемпиондар лигасында өз алаңында 23 ойын бойы ұтылмаған «Ювентус» бүгін мадридтік клубты тықсырып тастауы ғажап емес. Ал «Ювентуспен» бірге сонау 2013 жылдан бері өз стадионында жеңілмеген бір клуб бар. Ол – «Барселона». Айтпақшы, олар 4 сәуір күні «Камп Ноуда» италияның «Ромасын» қабылдайды.

Сонда «Барселона» мен «Ювентусты» өз жерінде ұтқан кім деген сұрақ туындайды. Жауап біреу – «Бавария». «Барселона» өз алаңында 25 ойын ұтылмаса, «Ювентус» 23 ойынға дейін шыдап тұр. Ал бұл жағынан рекорд кімдікі десеңіздер тағы да – «Бавария» деп жауап береміз. Немістер 1998 жылдың 4 наурызынан бастап, 2002 жылдың 2 сәуіріне дейін өз алаңында 29 ойын бойы мүлде жеңілмей келген. Ал бұл команда «Ювентус» пен «Реал» кездесіп жатқан шақта «Севильяның» алаңында күш сынасады.

Сөз соңында кеше ғана жарық көрген УЕФАның ресми мәлімдемесін айта кетейік. Жарыстың биылғы қатысушыларына берілетін қаржының мөлшерлемесі айтылды. Яғни, ширек финалға шыққан барлық 8 командаға 6,5 миллион еуродан берілетін болды. Ал келесі кезеңге, яғни жартылай финалға шыққан командаларға тағы да 7,5 миллион еуро көлемінде сыйақы табысталады. Ал финалист 11 миллион еуро алса, жеңімпаз командаға 15,5 миллион беріледі. Сонда жарыстың жеңімпазы атанған клуб барлығы 57,2 миллион еуро табыс түсіре алады. Себебі УЕФА қаржы департаменті Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен клубтарға 12,7 миллион­нан беретін болыпты. Жарыстағы әрбір жеңіске олар 1,5 миллион еуро, тең нәтижеге 500 мың еуро тағайындапты.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»