Бокс • 04 Сәуір, 2018

Головкин мен Альварес арасындағы рематч өтпейтін болды

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті мен Альварестің өзі Лос-Анджелесте өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Головкин мен Альварес арасындағы рематч өтпейтін болды

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу өтпейтін болды. Бұл туралы Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес пен Альварестің өзі Лос-Анджелесте өткен баспасөз мәслихатында айтты. Айқастың өтпейтініне негізгі себеп – мексикалық боксшының допинг дауына іліккені болып тұр.

«5 мамырға жоспарланған екінші кездесуден бас тарттық. 18 сәуір күні комиссия тыңдалымы өтіп, ресми шешім шығады. Өкінішке қарай, одан кейін 5 мамырға дейін жекпе-жекті кең көлемде жарнамалауға уақыт аз», деді Эрик Гомес.

Айта кетейік, Сауль Альварес 17 және 20 ақпан күндері кленбутеролды анықтайтын допинг-тест тапсырып, ол оң нәтижені көрсеткендігі үшін бокстан уақытша шеттетілген-ді. Осыдан екі апта бұрын Невада штатының атлетикалық комиссияның атқарушы директоры Боб Беннетт Альварес дауына байланысты комиссия отырысы 18 сәуірде өтетінін айтқан еді.

Екі боксшының арасындағы екінші кездесу 5 мамырда Лас-Вегаста өтуі тиіс болған.