Медицина • 04 Сәуір, 2018

Көшедегі тағамға қадағалау бар ма?

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл күнде тағамның неше түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Әсіресе күнделікті жұмысбастылықтан, күй­бең тірліктен қолы босай қоймайтын қалалықтар үшін бұл үлкен жеңілдік. Тіпті шағын аудандарда таң бозынан айран, сүт, қай­мақ сияқты өнімдерді айқайлап сатып жүретіндер де көптеп кездеседі. Ауылда тұрып, қол­ға мал ұстамаған соң таң­сық көрінетін асты әркім-ақ сатып алуға құштар. Әр таң атып, әтеш шақырмай тұрып үй-үйлердің арасын аралап жүрген саудагерлер үшін де өнімінің өткені жақсы.

Көшедегі тағамға қадағалау бар ма?

Бірақ сол өнімдердің сапасы қандай? Әсіресе жаз мезгілінде айран, сүт, қаймақ сияқты кірпияз астың бүлініп кету қаупі жоқ па дегенге келсек, көпшілігіміздің ойлана қоймайтынымыз шын. Сол сияқты дүкендердегі мерзімі өтіп кеткен тағам түрлерін кездес­тіргенде де оны қайтадан орнына қоя салып, өзімізге қажеттісін із­деп кете баратынымыз тағы бар.

Жалпы, адамның астың сапасына, тазалығына көп көңіл бөлуі керектігі жиі айтылады. Кейде бұған мұрша да бола бермейді. Ай­талық түрлі себептермен көп­шілік қауым көлікпен болсын, пойызбен болсын сағаттап, тіпті тәуліктеп жол жүруге мәж­бүр болады. Мұндай жағдайда адамның бабы келіспейтіні, асты талғап іше алмайтыны онсыз да белгілі. Сондықтан көпшілік көше бойы толған асхана, дәмхана болғандықтан, сол жерлерден тамақтануды қолайлы көреді. Бірақ бұдан бөлек жол да жоқ. Ал пойызбен кетіп бара жатқан адам үшін де әрбір стансада не керектің бәрі бар. Ақшасын төлесеңіз, сау­да­герлер астың түр-түрін алды­ңызға тартады.

Бұл күнде Жамбыл облысы­ның Шу аудандық вокзалының маңы әжептәуір сауда орталығына айналды деуге болады. Пойыз тоқ­таған мезетте такси жүр­гізуші­лерімен жағаласа қолдары­­на түрлі тағам түрлерін ұстаған әйелдер вагондарға қарай тұра ұмтылады. Қандай ыстық ас керек, бәрі де бар. Күннің ыстық-суығына қарамай, табанынан тозып жүрген саудагерлер үшін бұл да күнкөрістің қамы. Бірақ далада, ашық жерлерде тағам түрлерін сатудың соңының қалай боларын бағдарлап жатқан еш­кім жоқ. Қарны ашқан қауым таңдағанын алып кете барады. Табаққа салынған бәліш, майлы бауырсақтардың бетін орамалмен жауып қояды. Ал майдың қашанда өзіне шаң тартатыны белгілі ғой. Бұдан бөлек, пойыз жүріп бара жатқанда вагон ішін аралап сусын, шылым сияқты дүниелермен қоса тамақ сатып жүрген саудагерлерді де кездестіреміз.

 Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, өткен жылы мекемеге халық тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігі бойынша 21 ғана өтініш түсіпті. Ал аталған департаментке 10 тағам өнімдеріне, 6 халық тұтынатын тауарға және 3 ги­гиеналық көрсеткіштер бо­йынша бақылау жүргізу құзыреті берілген. Олар жеке кәсіпкерлік нысандарына жоспарсыз тексеру жүргізе алмайды. Дей тұр­ған­мен, тағамның сапасы күмән тудырған жағдайда әрбір аза­мат­т­ың тиісті мекемелерге шағым­дануына болатынын ескертеді. Департамент басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мекеме азық-түлік өнімдерінің сапасы мен жарамдылығын тексеру үшін арнайы қаржы бөліп, зерделеу жұмыстарын жүргізеді екен. Мәселен, өткен жылы тағам өнімдерін сатып алудың жоспар-кестесіне сәйкес, жалпы сомасы 3 миллион 500 мың теңге көлемінде 252 сауда және қоғамдық тамақтану нысандарында бақылаулы сатып алулар жүргізіліпті. Бұл ретте 3600-ден астам тағам мен халық тұты­натын өнімдердің үлгілері сатып алы­нып, оның 479-ның Кеден одағы­ның техникалық рег­ла­мент­терінің талаптарына сай еместігі анықталған.

Облыстың бас санитар дәрі­гері­нің айтуынша, өңірдің ішкі нарығын­дағы барлық сәйкес емес өнімдердің ішінде ең жоғары пайыз импортқа тиесілі болып отыр. Отандық өнімдер 28 пайызды құрайды. Сонымен қатар им­порт­таушы елдердің ішінде Ресей мемлекетінен әкелінген тауар­лардың 1050 үлгісінен 30 үлгі, Қырғыз Республикасынан жет­кізілетін тауарлардан алынған 144 үлгіден 84 үлгі сәйкес келмеген.

Бүгінде өзге аудандарды айт­пағанда, Тараз қаласының өзінде жабайы сауда нүктелері көбе­йіп кетті. Айталық «Мың­бұлақ» шағын ауданындағы «Қайқармет» базарының маңын жағалай саудагерлер жайлап алған. Сонымен қатар Тараз қалалық сотының ғимаратын жағалай жоғары өрлей берсеңіз, Лермонтов көшесімен қиысар бұрыштың да қан базар­ға айналғанын көруге болады. Мұнда салаттың түр-түрі, нан, торт, пісірілген балық, әйтеуір тағамның неше атасы сатылады. Ерсілі-қарсылы жүрген халық бұл жерден де керегін тауып, сауда жасап жатады. Ал бұл көшемен жекеменшік көлік­тер мен қоғам­дық көліктер тыным­сыз қаты­найды. Бірақ барлығы да жеке кәсіпкерлікпен айналы­сатын­дықтан, тиісті мекемелердің олар­ды жоспарсыз тексеруге құқы­ғы жоқ.

Облыстық қоғамдық денсау­лық сақтау департаментінің мәлі­метінше, былтыр өнім қауіпсіздігін бақылау мақсатында жүргізілген мониторинг қорытындысы бо­­йынша техникалық регламент­тер­дің талаптарына сәйкес келмеген өнімдерді сату жағдайларымен 50 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалыпты. Нәтижесінде, жалпы сомасы 3 миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, кәсіпкерлерге кемшіліктерді жою үшін 108 нұсқама берілген екен. Алайда Тараз қаласындағы «Тарго» супермаркеті, «Куликовский» сауда үйі, Т.Рысқұлов ауданындағы «Береке» және Байзақ ауданын­дағы «Аққу» дүкендері аталған кемшіліктерді жоймаған. Ал департамент басшысының орынбасары Байділда Шыналиев «Куликов­ский» сауда үйінде сатылған үш өнімнен ішек ауруларын тудыратын бактериялар табылғанын да атап өтті.

Халқымызда «Ас – адамның арқауы» деген сөз бар. Бірақ кей кезде «Ауру – астан...» екенін де ұмыт­паған жөн сияқты. Әрбір адам өз денсаулығына жіті көңіл бөл­се ғана қоғамда денсаулық жа­йы­на алаңдаушылық азая түсер еді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы