Аймақтар • 04 Сәуір, 2018

Әкім орынбасары тұрғындарды құтқарам деп жүріп өзі суға кетіп қала жаздады

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Құдай сақтады» деген осы шығар. Зырян ауданының Малеев ауылы тұрғындарын су тасқынынан құтқару жұмыстарының басы-қасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова жанындағы үш кісімен бірге суға кетіп қала жаздап, Алланың алқауымен аман қалды.

Әкім орынбасары тұрғындарды құтқарам деп жүріп өзі суға кетіп қала жаздады

Жанна Асқарова, оң жақтан санағанда бірінші тұр

Оқиға былай болыпты. 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні аудан әкімдігі қызметкерлері су басқан Малеев ауылының тұрғындарының кейбірін ауыл мектебіне орналастырып, кейбірін автобустармен Зырян қаласына таси бастайды. Бір уақытта ауылдағы бір көшеде құтқарылмаған адам бар деген хабар жетеді. Қол қусырып, қарап тұратын уақыт емес. «Ниваға» отырып сол көшеге қарай тартады. «Әкімдіктен көлік келіп, аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова қандай көмек қажеттігін сұрады. Бізбен сөйлескеннен кейін келесі үйге қарай кетті. Бұл кезде тасқын суы жолды басып бара жатқан еді. Бір мезетте екпіні қатты қарғын су көлікті ағыза жөнелді», - дейді оқиғаға куә болып, соңынан ауыл тұрғындарын көмекке шақырған Малеев елді мекенінің тұрғыны Евдокия Санарова.

Көлік ішінде Ж.Асқаровамен бірге Малеев ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Наталья Зайцева, мектеп директоры Айгүл Башаева мен жүргізуші Александр Хабаров болған екен. «Көлікті қап-қара тасқын шыр айналдырып әкетті. Айнала тастай қараңғы, судың гүрілінен басқа ештеңе естілмейді. Әуелде көмекке шақырып айғайлап көріп едік, нәтиже шықпады. Бір кезде көлікке су кіре бастады. Аяқтан өрлеген су кеудеге жеткенде, өмірден күдер үзіп, отбасымызға хабарласа бастадық. Үй-ішімізбен қоштасып жатқанда басқа көліктің жарығы көзге шалынды. Бізді іздеп жүрген шығар деген үмітпен телефонның шамын жағып, белгі беруге тырыстық. Сол әрекетімізден нәтиже шығып, іздеушілер бізді тауып алды. Талғат есімді жігіт көліктің терезесін теуіп сындырып, бізді кезекпен сыртқа шығарды. Олардың ісі нағыз ерлік еді. Өз бастарын тәуекелге тігіп, бізді құтқарды», - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Қанша дегенмен әйел адамның аты әйел адам ғой. «Суық тигізіп алған жоқсыз ба? Денсаулығыңыз қалай? Бәлкім, уақытша демалыс аларсыз», - деп сұрадық. «Анам мен сіңілім де телефон соғып, алаңдаушылығын білдіріп жатыр. Мен оларға: «Құдай ажалдың аузынан сақтады. Аурудан да сақтайды» деп басу айттым. Ауданда төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Бұқтырманың суы түсе бастағанымен, ондаған үй мұз бен судың құсауында тұр. Сондықтан әлі де сағатпен санаспай жұмыс істеуге мәжбүрміз. Тасқын салдары жойылып, жағдай тұрақталған соң, толық медициналық тексеруден өтетін шығармын» - деп қысқа қайырды.

Реті келгенде айта кетейік, қазіргі уақытта Зырян ауданының бір емес, бірнеше ауылын су басып жатыр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, аудандағы 300-ден астам үй су астында қалып отыр. Соңғы бірнеше күнде ауданда 811 (оның 200-ге жуығы - балалар) тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліпті.   

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Зырян ауданы