Қазақстан • 04 Сәуір, 2018

Депутаттар Балқаштағы өзекті мәселелермен танысты

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Рысқали Әбдікеров пен Марат Тағымов Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру аясында Балқаш қаласында жұмыс бабындағы сапарда болды.

Депутаттар Балқаштағы өзекті мәселелермен танысты

Сенаторлар сапар бағдарламасы бойынша «Kazakhmys Stelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек ұжымымен кездесті. Балқаш өндіріс алаңдарында барлық қосалқы кәсіпорындарды қосқанда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Депутаттар жұмысшылардың орташа еңбекақысына, өндіріс жағдайына, техникалық қауіпсіздік және өзекті мәселелердің болуына назар аударды. Кәсіпорынның техникалық директоры Гуламидин Камирдинов биыл 30 мың теңгеге көтеріліп, 170 мыңға жеткенін хабарлады.

Кездесу барысында Президенттің елімізді газдандыру жөніндегі бесінші бастамасы ерекше ықылас туғызды. Кәсіпорын өкілдерінің пікірінше, көмір мен мазуттан бас тарту және газбен қамтамасыз етуге көшу экономикалық көрсеткіштерді ғана емес, аймақтағы экологиялық жағдайды да жақсартатын болады. Сенатордың айтуынша, бұл мәселе облыстық деңгейде шешілетін болады. Парламент депутаттары күкірт қышқылды мыс балқыту өндірісінде де болды.

Р.Әбдікеров пен М.Тағымов №15 мектеп-лицейде оқу орындарының басшыларымен және Балқаштағы студент жастармен кездесті.

- Президенттің бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтардың өмір деңгейін жақсартуға бағытталған. Біз осы құжаттың маңыздылығы мен өзектілігін айтуға келдік, - деді Рысқали Әбдікеров.

Сенаторлар әркімнің кәсібін ашудағы тетіктер, тиімді ипотека шарттары, елді мекендерді газдандыру, салықты төмендету туралы айта келіп, отандық нарықта қандай мамандықтар қажет екеніне тоқталды.

Қала әкімі Александр Аглиулин кездесуге қатысқан сенаторларға алғыс айта келіп, балқаштықтар Елбасының үндеуінде айтылған барлық бағыттарды жоспарлы түрде және толықтай іске асыруға бар күшін салатынын айтты.

Депутаттарға Балқаш қаласының жағдайын жақсартуға арналған бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, тазалау құрылыстарын салу мен  тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын белгілеу, Саяқ ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Балқаштан Қарағандыға, Астанаға, Алматыға және басқа да қалаларға жүйелі әуе қатынасын субсидиялау мәселелері қозғалды. Сенаторлар одан кейін Сарышаған ауылы мен Приозерск қаласына барды.