Тарих • 04 Сәуір, 2018

Неміс тұтқынында қайтыс болған қазақ тағдыры

611 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы деректерді жинаған «Мемориал» қоғамы 2015 жылы батысқазақстандық Калин Кинжигалиев туралы хабар таратқан болатын. Неміс тұтқынында қайтыс болған аға лейтенант Сталинград түбінде 1942 жылғы 7 тамызда қолға түскен екен. Бұл хабарды естіген жергілікті әкімшілік, журналистер, әлеуметтік желі белсенділері сарбаздың туыстарын іздеп дабыл қақты.

Неміс тұтқынында қайтыс болған қазақ тағдыры

Осы ақпаратты Facebook пара­ғымызда бөлісіп, марқұм­ның аға­йын­дарына іздеу салғандардың бі­рі біз едік. Арада үш жылға таяу уақыт өткенде алыстағы Аме­ри­­кадан Виара Смаилова есім­ді қол­данушы хабарласып, «Біз атамыз­ды таптық, ақпаратты бөліс­кеніңізге рахмет!» деп жазыпты. Мі­не, қызық!

«ОБД Мемориал» сайтындағы деректерге қарағанда, Калин Кин­жига­лиев 1903 жылы Батыс Қазақ­стан облысы, Камен ауданы, Паник ауылында туған, 884 атқыштар полкінде қызмет еткен аға лейтенант. Сталинград түбінде қолға түс­кен, әуелі Сталаг, кейін Офлаг лаге­рінде болған. Тұтқын нөмірі – 27 730 жазылған фотосуреті де сақталған. Ол 1943 жылдың 21 мамырында осы лагерде қайтыс болыпты.

«Хабарсыз кетті» деген тілдей қағаздан басқа дерек білмей, май­данға кеткен ағаларын өмір бойы жоқтап кеткен жанның бірі – өз әкеміз еді. Соғысқа кеткен ағалары туралы әлі күнге еш мәлімет таппаймыз. Ал мынау – нақты дерек қой! Әрі марқұмның соңғы суреті қол­ға тиіп отыр. Ақылға сыймаса да «қаза тапты» деген ауыр хабар­дың өзі сүйіншідей болып естілетін жағ­дай.

– Қален Кенжеғалиев (дұрысы осылай екен – Қ.Қ.) туралы деректі үш күн бұрын алғаш көріп, «аты-жө­ні әжеміздің майданға кеткен күйеуіне ұқсайды екен» деген ой келді. Сөйтіп басқа да мәлі­мет­терін қарап, «әйелі Зоя» деген жаз­баны оқыған соң күмәнім қал­ма­ды. Зияда әжемізді бәрі «Зоя» деп атайтын. Алматыда тұра­тын Све­та апайыма хабарласып, су­ретін көрсеттім. Иә, Света суреттен әкесін таныды! Бұл – күмәнсіз біз­­­дің атамыз екен! – дейді бүгінде Фло­рида штатында тұратын Виара.

Марқұмның жесірі Зияда Отар­баева 1910 жылы туған екен. Бі­ләл Отарбаев есімді алғашқы кү­йеуінен Гүлбахрам есімді қызын 1934 жылы көрген. Бірақ көп ұза­май Біләл қайтыс болады. Бұдан кейін Зияда біз сөз етіп отырған Кен­жеғалиев Қаленге тұрмысқа шық­қан. 1941 жылы 14 ақпанда Све­та дүниеге келеді. Соғыс бас­талысымен ауылда сауда саласында қызмет етіп жүрген Қален май­данға алынады. Света әкесінен үш ай­лығында қалған.

– Әжеміздің көрмеген қиынды­ғы жоқ. Екі қызын жалғыз асырап жеткізген. Үлкен қызы, менің анам Гүлбахрам 1950 жылдары Ал­­матыдағы музыка училищесіне түсіп, кейін Абай атындағы опера және балет театрында ән айтты. 1957 жылы анасы мен сіңлісін Ал­маты қаласына көшіріп алған да  менің анам. Әжеміз 1989 жылы Ал­матыда қайтыс болды. Света апай­дың үйінің төрінде жап-жас Қален мен Зияданың бірге түскен суреті әлі күнге ілулі тұр. Бірақ әжеміз кө­зі тірісінде күйеуі туралы еш дерек бі­ле алмай кетті, – дейді Виара.

Біз осы Виараның көмегімен Орал қаласында тұратын зейнеткер Жамал Оразалиеваны тауып ал­дық. Жамал Қампашқызының анасы Гүлжиян Кенжеғалиева – Қален Кен­жеғалиевтің туған қарындасы екен. Бұл анамыз да өмірде жоқ, 1998 жылы қайтыс болған.

– Біз анамыздың өтінішімен на­ғашымыз туралы деректі көп із­дедік. Жергілікті әскери комисса­риат­тан бастап Мәскеуге дейін та­лай хат жаздық. Бірақ «хабарсыз кетті» дегеннен басқа жауап бол­мады. Зияда апаймен жиі араласып тұрдық. Жарықтық жақсы кісі еді. Қайынсіңлісін, оның балалары – бізді ерекше сыйлаушы еді. Алматыда болғанымда біраз уақыт сол үйде тұрғаным бар. Қален нағашымның фотосуреттері көп болатын, альбомға мұқият сақтап қоюшы еді, – дейді Жамал апай.

Деректерге қарағанда, Қален Кен­жеғалиев қайтыс болған Офлаг лагері – қолға түскен Қызыл армия офицерлеріне арналған түрме болыпты. Вюрцбург қаласына таяу жерде Төменгі Франкониядағы Хам­мельбург полигоны аумағында тұрған лагерьде 1941-1945 жылдары 18 мыңнан аса совет офицері болған екен. Әйгілі генерал Карбы­шев те осы жерде болғаны айтылады.

– Өмір қызық қой. Інімнің ба­ласы Руслан Оразалиев былтыр­дан бері Германияда докторантура­да оқып жүр. Мына хабар шық­қан соң-ақ Русланға тапсырма ­бе­ріп, нағашымыздың зиратын­ іздес­тірдік. Өкінішке қарай, бұрынғы ла­герь орнында бүгінде өндірістік ке­шен салыныпты. «Бұл жердегі бауырластар қабірі басқа орынға көшірілді» дегеннен басқа әзірге нақ­ты мәлімет таппай отырмыз. Бірақ Руслан сол жерде Құран аятын оқып, нағашымыздың рухына дұға етіп қайтты, – дейді Жамал апай.

Туған жерден алыста, жау тұт­­қынында қаза тапқан қазақ офи­­церінен қалған жалғыз тұяқ – Света Кенжеғалиева бүгінде Ал­матыда тұрады. Жалғыз ұлы Ербол өмірден ерте кеткен. Жасы 80-ге таяған кейуананың құлағы тосаң екен, сөйлесе алмадық. Міне, 50 млн адамды жалмады дейтін Екінші дүниежүзілік соғыстың бір құрбаны – қазақ офицері Қален Кенжеғалиевтің тағдыры осындай.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ