Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

«Абай» журналының 12-ші нөмірі қалай табылды?

1300 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Өскемендегі А.Пушкин атындағы кітапханада «Абай» журналының 100 жылдығына орай Алматыдан арнайы келген зерттеуші, аталған журналдың 12-ші нөмірін тауып, ғылыми айналымға енгізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналис­тика факультетінің PhD докторанты Алтын Ақынбековамен және басылымның қазіргі бас редакторы Мұратбек Оспановпен кездесу өткен болатын. Шара барысында Алтын Ақынбекова көп жыл бойы ғалымдар арасында талас тудырған журналдың 12-ші нөмірін қалай тапқанын айтып, кітапхана ұжымына журналдың бірнеше нөмірінің түпнұсқасының көшірмесін сыйға тартқан еді. Кездесуден кейін зерттеушімен «Абай» журналының соңғы санының қалай табылғаны жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

«Абай» журналының 12-ші нөмірі қалай табылды?

– Қаншама абайтанушы, қан­­шама ғалым сарсыла ізде­ген­ «Абай» журналының 12-ші нө­мірін табу бақыты сізге бұйыр­ған екен...

– Иә, журналдың бұл нөмірі 2017 жылдың көктемінде та­былған болатын. Бұған дейін баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдар арасында «Абай» журналының соңғы нө­міріне қатысты түрлі пікірлер айтылып келгені белгілі. Б.Кенжебаев, Қ.Ал­лаберген сынды ғалымдар жур­налдың 11 нөмірі ғана шық­­ты де­ген пікірді ұстанса, зерт­теушілер К.Нұрпейісов пен Б.Жақып, 1992 жылы қайта шық­қан «Абайдың» тұңғыш редакторы Р.Мұсаұлы журналдың 12 саны шыққандығын жазған еді. Алайда журналдың 12 нөмірі шықты делінгенмен еш жерден табылмаған болатын. Менің зерттеп жүрген тақырыбым қазақ журналдары болса да, неге екенін білмеймін, соның ішінде «Абай» журналына ерекше ықыласым ауды. Ғылыми жетекшім, филология ғылымдарының докторы Ай­гүл Рамазаннан бұл журналдың екі нөмірінің жоқ екендігін біл­дім. Сөйт­тім де «қайтсем де та­буым ке­рек» деген мақсат қой­дым алдыма. Бір жағынан бұл тақырыпты зерттеп жатқан адам­ның жоқтығын да байқадым. Содан не керек, журналдың екі нөмірін іздеп, талай жерге хабарластым. Семей мен Өс­кеменнің бүкіл музейлеріне телефон шалдық. Ешқандай дерек табылмады. Сөйтіп жүргенде бір күні Алматыдағы Әуезов музейінен неге іздемеске деген ой келді. Таңертең тұрдым да «әуелі кітапханаға барайын, сосын музейге баруым ке­рек» деп шештім де автобусқа отыр­дым. Қызық болғанда мен мінген автобус музейдің дәл жанынан тоқтай қалсын. «Музейге кірсем кіріп шығайын, кітапханаға сосын барармын» дедім де музейге кірдім. Музей қызметшісі бар­лығын мұқият таныстырып шық­ты. Шынымды айтайын, музейден ерекше әсер алдым. «Абай» жур­налын сұрап едім, «жоқ» деді. Әуе­зовтің тапсырған дүниелерінің тізімін бір шолып шықтым. Еш­қандай жазу көзге түспеді. Кетіп бара жатыр едім, күзетші апа: «Мы­на жақта көрме залы бар. Оны көр­мейсің бе?» деді. Бір құдірет бол­ды ма? Құдайдың көмегі ме? Көр­ме залының табалдырығынан ат­тағанда көзім бір-ақ жерге түсті. Еш­қайда қараған жоқпын. Тек сол жерге қарай жүрдім. «Абай», 12-ші нөмір» деген сөз көзіме оттай басылды. Жерге отыра қа­лып, қал­тамнан дереу телефон­ды алып, жетекшіме звондадым. «Апай, сүйінші». «Не болды?». «12-ші саны табылды». Жетекшім әуел­де сенбеді. «Ертең өзім барып кө­рейін» деді. Ертесіне ол кісіні музейге ертіп келдім, «құдіретіңнен ай­на­лайын» деп журналды көріп, қат­ты қуанды. Бағасын біледі ғой.­ «Мұны мүйізі қарағайдай талай­ профессор таппаған. Әзірге еш­кімге айтпай-ақ қояйық. Қазір біреу естісе түнімен алдырып, ауда­рып, ертең  сен шығарғанша шы­ғарып қойып жүрер» деді ұс­та­зым. Сөйтіп біраз уақыт жабық ұстадық. Журналды төте жазудан кирилл қарпіне түсіргенше екі айдай уақыт кетті. Жасыратыны жоқ, журналдың соңғы санын тапқанымды көре алмай, «келді де бір студент таба салды» деп мені жаратпаған кісілер де болды. Профессор Кәкен Хам­зин: «Алтын, бұл – өте жақсы жа­ңалық. Ел не айтса соны айтсын. Жатқан дүние 100 жыл, 1000 жыл жатуы мүмкін. Ал сен соны тауып, ғылыми айналымға енгіздің» деді. Ұстазымның сол бір сөзі маған қанат бітірді.

– Қателеспесем, былтыр жур­налды 100 жылға жуық уақыт­тан кейін қайта басып, жарыққа шы­ғардыңыздар.

– Иә, былтыр әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­теті­ ректорының қол­дауы­мен Алаш­­ қа­­ласында «Алаш­орда» бас­па­ха­насында ба­­сыл­ған «Абай»­ жур­налының 12-ші санын ешқандай өзгеріссіз, факсимилдік басы­лым үлгісінде 100 данасын қай­та шығарған болатынбыз. Биыл аталған журналдың 100 жыл­ды­ғына орай тағы да 50 данасы шы­ғарылды. Қазір журналдың бұған дейін еш жерден табылмаған №9 санын іздестіріп жатырмын. Ташкентке сұраным жібердік, бір апта көлемінде жауап келуге тиіс. Реті келгенде айта кетейін, журналдың 100 жылдығына орай Абайдың қара сөздерінің 100 дана дискісін шығардық.

– Сонда журналдың сіз тап­қан соңғы нөмірінде қандай ма­қа­лалар шыққан?

– Журналдың №12 санының мұқабасында1918 жылдың 15 қарашасында, сенбі күні шық­қан­дығы жазылған. Сондай-ақ араб әр­пімен басылған журналда Мұх­тар Әуезовтің «Өліп таусылу қаупі», Шәріп Ақпанның  «Опа­сыздық. Берекесіздік», авторлары белгісіз «Кооперация жайынан», «Жұмсаушы жалшы», Ғай­са Тоқтарбековтің «Ғылым тілі туралы» мақалалары, Абай Құнан­байұлының «Есті мен ессіздік парқы» атты қарасөзі,  Жан деген автордың «Сағындым», Ж.А. деген бүркеншік есімді ақын­ның­ «Кө­шу» атты өлең­дері және «Уақ қарыз серік­ті­гінің жалпы ере­жесі», Маға­уия­ Абайбаласының «Мед­ғат-Қасым» поэмасынан үзін­ді ба­сылған. Журналдың та­был­­маған екі санын іздестіру ба­рысында аңғарғаным, басы­лым­ның барлық саны бір жерге жинақталмағандығы. Алматыдағы Ұлт­тық кітапхана мен Ғылым академиясында екі-үш саны сақталған. Таң­ғалғаным, журнал жарық көрген Шығыс Қазақстаннан, Семейден журнал­дың бірде-бір нұс­­қасы табылмады.

– «Абай» журналының редак­тор­лығына қатысты да түрлі пі­кір­лердің айтылып келгені рас. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шыққан бірер еңбекте журналдың редакторлары ретінде Ж.Аймауытов пен М.Әуезов қа­тар аталынып­ жүрді. Ал соңғы жыл­да­­ры зерт­теушілердің біразы «Абай»­ жур­налының редакторы Ж.Айма­уытов екендігін айқын көр­сетіп жүр. Ақиқатқа жүгінсек, жур­налдың 2,3 сандарында да ғана «Шығарушы – Басқарма», ал қалған 1, 4, 5, 6, 7, 8, 10, 11, 12 сандарында «Шығарушы – Жүсіпбек Аймауытов», кей сандарында Юсуп­бек Аймауытов деп жазылған. Сондықтан журналдың редакторы Жүсіпбек Аймауытов болды деп сеніммен айта аламыз. Журналдың алғашқы жазушылары: Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұл­тан­махмұт Тор­айғыров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дө­нентаев, Се­йіт­баттал Мұстафин болды.  Кейіннен бұлардың қа­та­ры­на Ғұмар Қарашбаласы, Шә­кә­рім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайбаласы, Шынжы Керейбаев, Ғабдолла Байтасов қосылды. «Абай» журналында редакция тарапынан басылым айына екі рет шығады деп көрсетілген. Алайда алғашқы жарық көрген ақпан айында қа­тарынан екі саны басылған журнал одан кейінгі уақыттарда айы­на тек бір санын ғана шы­ғарып тұрған. Сондай-ақ жур­налдың кейбір сандары 16-17 бет, кей сандары 21 бет көлемінде жа­рық көрген.

– Осы журналдың тағды­рын кеш­кен, кейбір сандары жо­ғалып кеткен қазақ журналдары­ бар ма?

– Мен негізінен бұған дейін көп зерт­телмеген қазақ журналдарын зерттеп жатырмын. Астанадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­ситетінің профессоры Қай­рат Сақ жақында «Сәуле» де­ген журналдың бірнеше санын біз секілді факсимилдік басылым үлгі­сінде қайтадан басып шығарды. Бі­рақ неге екенін білмеймін, осы журналдың бі­рінші саны шыға­рылған жоқ. Журналдың бұл нөмі­рінің түп­нұсқасы Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада тұр. Қолжазба кү­йінде. 120 бет. Әрине, 120 бетті кирилл қарпіне түсіру үлкен жұмыс. Жур­налдың түпнұсқасын парақтап шық­қанымда кейбір беттеріне құр ақ парақтар кет­кенін, яғни түк жазылмағанын байқадым. Сірә, бір автор мақала әкелем деп ұмы­тып кеткен немесе кешіктіріп әкел­ген болуы мүмкін. Журналдың бұл нөмірі алдағы уақытта кирил қарпіне түсірілетін шығар деп ойлаймын. Кезінде «Балапан» деген қазақ журналы шыққан екен. Бі­рақ ғалымдар бірде-бір нөмірі сақ­талмағанын жазады. «Мұғалім» деген де журнал жарық көріпті. Бі­рақ журналдың бір ғана саны сақталған. Негізі бұл басылымның 8-9 саны шыққан болуы керек. Қысқасы, зерттеймін деген адамға зерттеп, зерделейтін қазақ журналдары аз емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы