Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Айым да сен, Ғалия, күнім де сен...

2111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола қаласы елордаға айналып, абыр-сабыр болып жатқан 1998 жылдың көктемі-тін. Қалалық газеттің тілшісі деген атымыз бар, ұшып-қонып жүрген шақ. Бір күні өңірге аты мәлім байырғы журналист, қарт қаламгер Октябрь Әлібеков ағамыз үйіне шақырды. Бардым. Күн жексенбі еді. Өкең мені алыстан келген бауырым деді ме, ерекше іш тартып, айрықша ілтипат білдірді.

Айым да сен, Ғалия, күнім де сен...

Әңгіме қызған тұста жең­ге­мізге «ана бір дүниені жалғап жіберші» деп көнетоз қоңыр папканы алдырды. Ашты. Ішінен ақ жамылған әйелдің фотосын алып шықты. – Мынау, – деді: «Атақты Балуан Шолаққа «Айым да сен, Ғалия, күнім де сен...» деп ән салдырған Ғалияның суре­ті. Осы дүниені өзіңе берейін деп ша­қырып едім. Кәдеге жара­тар­сың».

Бұл жәдігерді Өкеңе 1995 жылы белгілі кәсіпкер Марат Нә­биев әкеліп берген екен. Су­ретті алғаш рет 1996 жылы аға­мыз өзі басқарған облыс­тық газетте жариялапты. Жоғарыдағы Марат Әскенұлы 1987 жылы Ақмола облысы Бұланды ауданы (бұрынғы Макинка), Тастыөзектегі Балуан Шолақтың зиратын тауып, басын көтерген абзал азамат.

Қазір Өкең жоқ. 2010 жылы дүниеден өтті. Абзал ағаның аманаты ретінде суреттің көшірмесі бізде қалды. Кейінгі кезде бұл фотоны анда-мында жариялаушылар көбейді. Көрген сайын Октябрь Қайырұлы ақсақалдың аманаты еске оралады.

Өкең шын мәнінде Арқа өңір­іне қатысты тарихи оқиға­лар­ға жіті назар аударатын адам еді. Со­ның бір дәлелі – осы сурет. Октябрь аға бұл жәдігерді маған ама­нат­тай отырып, Ғалияға қа­тыс­ты өзі білетін оқиғаларды ай­тып еді. Содан есімде қалғаны, то­ғыз жолдың торабы Ақмолада қыр қазақтарының саудасын орта­қтастыратын Сұлтанай Қамза деген ноғай болыпты. Оның саудасын жүргізетін түбі жаңаарқалық Тілеу атты дәулетті қазақ екен. Оның үлкен әйелінен Ғалия, Мәрзия атты екі қыз туған. Мына фотодағы Ғалия осы.

Одан кейін академик-зерт­теу­ші Ахмет Жұбанов «Замана бұл­бұлдары» атты монографиясында ертеректе алматылық Мәкура Есілбаевадан жазып алған мәліметті келтіреді. Онда: «Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, бетінде аздаған шешек дағы бар, жанары өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнер тамған шебер адам болған. Бір кемшілігі алқымында шешектен қалған дақ көп болғандықтан, тамағын орамалымен қымтап байлайтын әдеті бар» делінген екен. Осы деректі мына суреттен де байқауға болатын сияқты.

Сөйтіп Балуан Шолақ ата­мыз­дың әні арқылы Ғалия апамыз да тарихта қалды. 1998 жы­лы С.Оспанов құрастырып бас­тырған «Балуан Шолақ» атты кі­тап­тан «Ғалия» әнінің алты түр­лі нұсқасын көруге болады. Не­гізі бұл ән туралы академик Ахмет Жұбанов: ««Ғалия» әні – әннің төресі. Үлкен жүректен, шын сезімнен туған дүние... Бірақ бабына келтіріп орындау көрінгеннің қолынан келе бермейді», депті. (А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» Алматы, 2001 ж, 134-б).

Расында осы бір үлкен сезім­нен туған әннің авторы мен кей­іпкерінің кейінгі тағдыры жай­лы жоғарыдағы Октябрь аға­мыз­дан естіп, қағазға түсірген де­рекке үңілсек, дәл осы тұста Балуан Шо­лақ атамызға орыстар жо­ғал­­тқан сексен өгіздің жаласы жа­былып, қамауға алынды. Ал Ға­лияға «Шолақ пәлен жылға сот­талып, жер аударыпты» деген жаң­сақ хабар жетеді. Сөйтіп апамыз ата-анасының нұсқауымен Есенжолдың Қанапиясына тоқалдыққа барады. Бұл адаммен де дәм-тұзы жараспай семейлік Қали деген жігітке шығады. Сөйтіп жүргенде туберкулез дертіне шалдығып, 1922 жылы қайтыс болып, мүрдесі қазіргі елорданың «Жастар» шағын ауданы аумағында орналасқан ескі зиратқа жерленеді. Екі жылдың алдында бір топ қазақ жастары марқұм апамыздың жамбасы тиген нүктені тауып, басына жаңадан белгі орнатты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»