Аймақтар • 05 Сәуір, 2018

Атырау облысында кәсіпкерлер форумы өтті

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық форумда бизнес пен жергілікті билік өкілдері өзара байланыс пен проблемалық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында кәсіпкерлер форумы өтті

Форумды Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен  мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет Агенттігі  облыстық департаменті, облыстық кәсіпкерлер Палатасы ұйымдастырды. Форум жұмысына ҚР кәсіпкерлер құқығы бойынша өкілі Болат Палымбетов қатысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев форум қатысушыларына сәттілік тілеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Аймақ басшысы кәсіпкерлер қоғамдастығы мен атқарушы билік  арасындағы диалог проблемаларды шешіп, кедергілерді жоюға ықпал  етеріне сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға,  шағын және орта бизнесті қолдауға үнемі көңіл бөліп келеді. Мұндай кездесулер кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді көтеріп, ортақ шешімге келуге мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Ноғаев. – Форумға ҚР кәсіпкерлер құқығы бойынша өкілдің қатысуы шараның маңызын арттыра түсіп отыр.

Облыс әкімінің айтуынша,  Атырау аймағында кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы кең. Ол мемлекет тарапынан қаржылай көмек қана емес, барлық мемлекеттік қызметтерді лайықты жүргізумен байланысты.

– Ел экономикасы үшін кәсіпкерлікті дамыту әрқашан мемлекеттің басымдылығы болып  қала береді. Соңғы бес жылда тек жергілікті бюджеттен аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға 1,2 млрд теңге бөлінді. 2018 жылы бюджеттен 500  млн теңге бөлінді,  оның басым бөлігі ауылдағы бизнесті дамытуға бағытталған. Атырау облысы мұнайлы өңір. Бірақ соңғы жылдары экономиканы диверсификациялап, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, өнім өндіруге көңіл бөліп келеміз, – деді Н.Ноғаев.

Аймақ басшысы екінші деңгейлі банктер мен ауыл кәсіпкерлерінің серіктестігі күрделі екенін атап өтті. Көптеген ауыл тұрғындары несие алу кезінде кепіл мәселесімен бетпе бет келеді. Осыны ескеріп, жергілікті артқарушы органдардың араласуымен ауыл бизнесін шағын несиелеу бағдарламасы енгізілді. 2017 жылы «Бизнес Аймақ»  бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлінді, соның арқасында 67  бизнес жоба жүзеге асырылды, 123  жұмыс орны құрылды. «Алтын Кеме» бағдарламасы бойынша 304 млн теңгенің 13 жобасы мақұлданып, 25  жұмыс орны ашылды.  2017 жылы Атырау облысында «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасы бойынша 1 543,5 млн теңге бөлінді.  Жалпы 312  жоба қаржыландырылып, 1210  жұмыс орны ашылды.

Форумда бизнес-омбудсмен Болат Полымбетов кәсіпкерлер мәселелеріне тоқталды.

– Соңғы екі жылда кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша 12420  өтініш түсті, Атырау облысында 378  өтініш. Айта кету керек, проблеманың 90% аймақтық маңызға ие,  жер алу, құрылыс  мәселелеріне қатысты, жергілікті жерде шешілуі тиіс.Бұл туралы жергілікті атқарушы органдар  өкілдеріне кездесу кезінде айтамыз, – деді Болат Полымбетов.

Бизнес-омбудсмен жергілікті атқарушы органдар жер телімдерін алу процесі туралы тиісті ақпаратты жариялаулары керек екенін атап өтті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл мәселені шешу жолында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Кәсіпкерлермен кездесуде рұқсат беру құжаттарына,   жер мәселесіне  қатысты сұрақтар көтеріледі. Қазір электронды геопортал жасап жатырмыз, сол арқылы барлық мәселе электронды түрде шешіледі, жер телімдеріне қатысты жұмыстар да ашық болады, – деді аймақ басшысы.