Теннис • 05 Сәуір, 2018

Тенниспен танылған Қазақстан

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бастауын сонау 1900 жылдан алатын ғасырдан астам тарихы бар турнирдің биыл соңғы сайысы өткелі тұр. Себебі, тамыз айында Халықаралық теннис қауымдастығы «Дэвис кубогы» жарысының өту жүйесін өзгертіп, Әлем чемпионаты деңгейіне көтермек. Тарихи турнирде біздің құрама қандай жетістікке жетуі мүмкін?

Тенниспен танылған Қазақстан

«Дэвис кубогының» соңғы жарысы ма?

Соңғы 10 жылдың көлемінде Қазақстан теннис қауымдастығы қыруар шаруа атқарды. Елдегі теннисті дамыту үшін көптеген бағдарламалар қабылдады. Кейіннен ұлттық құраманың деңгейін көтерді. Әрине, кілең сырттан келген теннисшілер өнер көрсетті деп сынағандар да болды. Алайда, сол арқылы рейтингіміз көтеріліп, ел теннисіне керемет жарнама жасалды. Еліміздің аты да әлемдік аренада талай мәрте таңданыспен айтылды. Әлгі, «Астана» велокомандасы мен «Астана» футбол клубы секілді Қазақстан атын, ел брендін қалыптастыру мақсатында теннисшілеріміздің де сіңірген еңбегі орасан зор деп айтар едім. Мысалы, «Дэвис кубогында» Қазақстан Швейцария, Бельгия, Италия, Аргентина секілді тегеурінді құрамаларды жеңді емес пе?

Ал қазір команда сапына біртіндеп ел теннисінің түлектері алына бастады. Қазіргі құрамамызды қараңыз: Дмитрий Попко, Роман Хасанов, Дмитрий Евсеев, Тимур Хабибуллин. Барлығы Қазақстан теннис мектебінің түлектері. Оларға тәжірибиелі деген Михаил Кукушкин мен Александр Недовесовті қосамыз.

Ал енді осындай жүйеде өтетін соңғы «Дэвис кубогы» біздің жігіттер үшін қалай болмақ? Соңғы екені әрине, әзірге белгісіз. Алайда, теннис саласында жүргендер бірауздан турнирдің түр-әлпеті түгел өзгеретінін айтады. Енді бір ғана елде, бір аптаның ішінде өте шығатын теннис тойына айналады. Яғни, кәдімгі футболдың мундиалі секілді Әлем чемпионаты болып өзгермек. Іріктеліп келгендер, кім мықтыны анықтайтын болады.

Биылғы жарыс жолымыз жайлы қозғасақ, алдымен Аргентинаны жеңіп, Әлемдік топқа түскен соң, қарсыласымыз Швейцария болды. Федерер құрамаға ойнамаймын деді, Вавринка жарақат алды, әйтеуір оларды да ұтып жарыстың ширек финалына жолдама алдық. Ал ендігі қарсылас – Хорватия құрамасы.

Хорватия несімен қорқытады?

Кезінде Югославия ыдыраған тұста Хорватия бөлек шыға салып бірден спортта үлкен жетістікке жетті. Бұл елдің футболшылары мен теннисшілері әлемді аузына қаратты. Атағы жер жарған Горан Иванишевич жер бетіндегі нөмірі екінші теннисші еді. «Уимблдон» жарысын жеңді. Міне, одан бері де жоғарғы деңгейде өнер көрсеткен хорватиялық теннисшілер талай мәрте таңдай қақтыртты. Осы күні Хорватия құрамасындағы 5 теннисшінің 5-еуі де ТОП-50-ге кіреді. Марин Чилич 2018 жылды «Аустралиан оупен» додасының финалына шығумен бастады. Одан бері ірі-ірі бірнеше жарысты ұтты. Қазір әлемнің үшінші ракеткасы.

Астанада өтетін «Президент кубогы» жарысын 2010 жылы жеңген Иван Додиг қазір жұптасып өнер көрсетудің хас шеберіне айналған. Мысалы, 2015 жылы ол «Роланд Гарростың» жұптық бәсекесін жеңіп алған. Тағы бір теннисшісі Борна Чоричті хорватиялық журналистер команда капитаны Желко Краянның өз шәкірті болған соң құрамаға қосып жүр дейді. Дегенмен, Борна жастар арасында әлемнің бірінші ракеткасы болғанын ескерер болсақ, оның да біздің теннисшілерге оңай қарсылас болмасын сеземіз. Никола Мектич пен Виктор Галовчтер де ешкімнің тақиясына тар келмейтін теннисшілер.  

P.S

Қос құрама ойыны алдында жеребе тарту рәсімі өтті. Сонымен алғашқы кездесуде Марин Чилич Дмитрий Попкомен кездессе, екінші ойында Борна Чорич Михаил Кукшкинмен күш сынасады. Ал одан кейін жұптасы бәсекесі өтеді. Онда Никола Мектич пен Иван Додиг жұбына қазақстандық Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин қарсы тұрады.  

Ермұхамед Мәулен,

«Егемен Қазақстан»

Вараждин, Хорватия.