Бизнес • 05 Сәуір, 2018

Шағын несиенің шарапаты мол

589 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында шағын несие беруді көбейту бастамасы ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш екені белгілі. Өйткені Қазақстан халқының негізгі бөлігі қаладан шалғай елді мекендерде тұрады. Ал оларды жаппай бизнеске тарту әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына өлшеусіз үлес қосары анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың ерекшелігіне тоқталып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен және жұмыссыз азаматтар арасында жеңілдігі бар шағын несие ұсыну ең тиімді механизм екенін атап өткен болатын.

Шағын несиенің шарапаты мол

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында былтыр «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы құрылды. Бүгінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясындағы жоба біршама жұмыстар атқару үстінде.

«Атамекен» ҰКП бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстанның 14 облысы, 80 ауданы бойынша аталған жобаға 15000 жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатысқан. Олардың 3314-і бизнес нысандарын ашып, кәсіпкерлігін кеңейткен. Жоғарыдағы бағдарламаға қатысты халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті берген мәліметтерге қарасақ, былтыр 7 мың нан астам шағын несие берілген. Департамент директорының орынбасары Ерболат Абулхатинның айтуынша, алынған 7200 несиенің 6791-не ауылдық кәсіпкерлер қол жеткізген. Оның 4127-сі бизнесті енді бастап жатқан жас кәсіпкерлер. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқуға қатысушылар арасында орта жастағылардың саны басым. Сәйкесінше, жобаға қатысушы жастар белсенділігі айтарлықтай мәз емес. 17-29 жас санатының өкілдері республика бойынша 27 пайызды ғана құраған.

Жалпы, «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасына келер болсақ, оның басқа оқыту жобаларымен салыстарғанда бірнеше ерекшелігі барын айта кеткен жөн. Ең алғашқы артықшылығы – әлеуметтік сипаты, яғни ауыл тұрғындарына арналған, оның ішінде мақсатты түрде бизнеске баулитын алғашқы жоба. Екінші ерекшелігі, оқыту жобасы арнайы мемлекеттен төмендетілген 6 пайыздық мөлшерлемемен 18 млн теңгеге дейін бөлінген шағын несиелер. Бұдан бөлек әр бизнес жоба іске қосылғаннан кейінгі арнайы сүйемелдеу жүйесінің жұмысы.

«Атамекен» ҰКП бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, қаржыландыру арқылы «Бизнес Бастау» жобасына қатысушылардың 20 пайызы бизнес ашу немесе кеңейту міндетін «Атамекен» ҰКП өзіне жүктейді. Оқыту мен шағын несиелеу арқылы ауыл тұрғындарын бизнеске тарту жобасы қанатқақты жоба режімде 2016 жылы Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының екі ауданы мен бір қаласында өткізілген. Жалпы, «Бизнес Бастау» оқыту әдістемесінің мемлекеттік бағдарламасы аясына енуі «Атамекен» үшін жетістікті жағдай. Себебі мемлекеттік бағдарламалардың басым көпшілігі кеңседе дүниеге келіп, көкжиегін кеңейте алмай жатады.

Атамекен» ҰКП нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты 2017 жылдан бастап «Бизнес Бастау» жобасын іске асыруда, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауылшаруашылық кооперативтерін құру қағидаларына, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын қолдауға бағытталған.

Жоба жетекшілерінің берген мәліметтеріне сүйенсек, былтыр бизнеске оқыту бойынша биыл 160 ауданды қамтымақ. Онымен қоса 27 моно-қалаларда да бұл бастама өз жұмысын жүргізе бастайды. Олар айтқан жоспарлы мақсаттар жүзеге асқан жағдайда биыл бизнес бастаудың қыр-сырын меңгеретіндер саны елімізде 30 мыңға артып, кемінде 6 мыңы өз бизнесін дөңгелетіп кетпек.

Осы жерде оқытылатын курстар топ ішінде де, жеке түрде де жүргізілетінін айта кеткен дұрыс. Курстардың ұзақтығы 1 ай бойына жүреді. Топтық тәжірибелік сабақтардың жалпы ұзақтығы – 80 сағат. Сондай-ақ бизнес-тренер оқытуды білім берудің заманауи әдістерін пайдалана отырып, интерактивті түрде жүргізеді. Бұл, жас кәсіпкердің бизнес-жоспарды дайындауға немесе бизнес-жобаны дамытуына зор мүмкіндік. Егер жоспарлы жұмыстар кедергісіз жүретін болса, 2017-2021 жылдар арасында елімізде 27 мыңнан астам жеке кәсіп ашылып, бір жоба кемінде екі жұмыс орнына жағдай жасайтын болса, шамамен 54 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Аталған жайттардан аңғарғанымыздай, бизнес жоба дайындауда оның экономикалық тиімділігі мен өңірлік, ауданаралық тізбектерге кіруі ескерілген жөн. Одан бөлек, бизнес жобалардың сүйемелдеу механизмі жылдан жылға жетілдіріліп отырса құба-құп. Берекелі бастаманың былтырғы жағдайларына нақты мысалдармен көз жүгіртер болсақ, бизнесті табысты жүргізудің жарқын мысалы ретінде кәсіпкерліктің қыр-сырына үйренген Дарьин ауылының 19 жастағы тұрғыны Артурды алуға болады. Өз ісін 13 жасынан бастаған оның бизнесінің кеңейгені соншалық, аз ғана уақыттың ішінде қызмет көрсетудің бірқатар саласында монополист болып үлгерген. Бүгінде жас кәсіпкер Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қарасты Дарьин ауылында тұрады. Артурдың шағын ісі сол, басында оның ата-анасы кілем тазалайтын арнайы жабдық сатып алған. Артур көп ойланбастан қарапайым үй шаруасының құралын кішігірім бизнеске айналдыруды көздеген. Нәтижесінде ауылда шағын көлік жуатын орын ашып, жоба бойынша оқығаннан кейін, келгендер машинасын жуып қана қоймай, моншаға да түсе алатындай қоғамдық монша ашқысы келетінін айтып, биыл осы іске жылына 6 пайызбен 3 миллион теңге алған.

Жалпы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің төртінші бастамасы негізінен жаппай кәсіпкерліктің дамуына, «Бастау» жобасына қатысушылардың ісін ілгері дамытып, ауылдағы жас кәсіпкерлердің алғашқы қадамын қолдауға бағытталған. Тағы бір жайт, ауыл тұрғындарын, оның ішінде бизнесті енді қолға алып жатқан жас кәсіпкер кепілдендіру мәселесі толғандыратыны анық. Сол себепті Елбасының бес бастамасын жүзеге асыру мақсатында жас кәсіпкердің алып жатқан несиесінің 85 пайызын мемлекет кепілдендіретінін айта кеткен дұрыс. Ал бизнесін одан әрі дамытушыларға жаңа бағдарламаға сәйкес мемлекет 50 пайыз кепіл болмақ.

Жалпы, аталған бағдарлама бойынша былтыр түгел сомасы 32 млрд теңге болатын 7200 шағын несие берілген болса, биыл тек ауыл өңірлерінің өзіне 30,8 млрд теңге бөлініп отыр. Ал қалаларға бес әлеуметтік бастама негізінде бөлінген қаржы 17 млрд теңге. Яғни, бастапқы бөлінген 11 млрд теңгеге 6 млрд теңге қосымша қарастырылған.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарына жасап отырған жеңілдіктерін осынау цифрлардың өзі-ақ айқын дәлелдеп тұр. Демек, көптеген ауылдағы қандастар кең көлемде кәсібін ашып, өз ортасына септігін тигізіп, олардың жұмысқа орналасуына, сөйтіп ауыл әлеуетін арттыру арқылы қоғамның келбетін түзеуге зор мүмкіндік алмақ.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»