Әлем • 06 Сәуір, 2018

Жаһандық жарыстар. Олимпиаданы өткізуге 7 ел үмітті

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаһандық жарыстар. Олимпиаданы өткізуге 7 ел үмітті

Ширек финал: алғашқы ойындар аяқталды


Футболдан Чемпиондар лигасының алғашқы ширек финалдық ойындары аяқталды. Сәрсенбі күні ағылшындық екі команда «Ливерпуль» мен «Манчестер Сити» жолығып, алғашқысы 3:0 есебімен жеңіске жетті. 

«Энфилд» стадионында өткен ойында «Ливерпуль» матч тағдырын бірінші таймның өзінде-ақ шешіп қойды. 12-минутта Мохамед Салах есепті ашса, сегіз минуттан соң Алекс Окслейд-Чемберлен есепті 2:0-ге жеткізді. Ал кездесудің 31-минутында Садио Мане ойындағы соңғы голды соғып, «Манчестер Ситиді» ірі есеппен жеңуіне көмектесті. 

Ширек финалдың екінші ойыны «Барселона» мен «Рома» клубтары арасында өтті. Бұл матчта «Барселона» италиялық команданы 4:1 есебімен жеңді. Бір қызығы, «Рома» клубының екі ойыншысы – Даниэле Де Росси (38-минут) мен Костас Манолас (55-минут) өз қақпаларына гол соғып алды. Ал «Рома» сапынан жалғыз голды 80-минутта Эдин Джеко соқты. Алаң иелерінің арасынан Жерар Пике (59-минут) мен Луис Суарес (87-минут) мергендігімен көзге түсті. 


Гассиев-Усик жекпе-жегі Ресейде өтуі мүмкін

Ауыр салмақтағы ресейлік боксшы, IBF/WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Мұрат Гассиев (26-0, 19 КО) пен WBC/WBO белбеуінің иегері украиналық Александр Усик (14-0, 11 КО) арасындағы Бүкіләлемдік бокс сериясының (WBSS) финалы Мәскеуде өтуі мүмкін.

Бұл туралы ресейлік боксшының кеңесшісі Лео Хоролинский мәлімдеді. «Жекпе-жекті Ресейде өткізу үшін дәл қазіргі уақытта Ресей бокс федерациясы мен WBSS-тің ресми демеушісі Comosa AG екі жақ­ты ресми келіссөздер жүріп жатыр. Comosa компаниясы кездесудің қай жерде және қай уақытта өтетінін анықтайды. Меніңше Гассиев-Усик Ресейде өткені барлық тарапқа да тиімді болады», дейді Лео. 


Олимпиаданы өткізуге 7 ел үмітті

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2026 жылы Қысқы Олимпиаданы өткізуге үмітті 7 елдің тізімін жариялады. 

Олар: Аустрия (Грац), Канада (Калгари), Жапония (Саппоро), Швеция (Стокгольм), Швейцария (Сьон), Түркия (Эрзурум) және Италия (Кортина-д’Ампеццо, Милан/ Турин) елдері өз жерінде өткізуге үмітті. Олимпиаданы өткізу туралы өтініштер 2017 жылдың 16 наурызы мен 16 қыркүйегі аралығында қабылданған. 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарын өткізетін қала 2019 Миланда өтетін ХОК-тың 132-ші сессиясында анықталады. 

Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше