Өнер • 06 Сәуір, 2018

Алматыда ХХХ Халықаралық зергерлер көрмесі өтуде

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері «Атакент» Көрмелер Орталығында «Ару–Алматы 2018» ХХХ Халықаралық зергерлер көрмесі өтуде. 5-8 сәуір аралығындағы көрмені «ҚАЗЭКСПО» ККО көрме компаниясы ұйымдастырып отыр. 1991 жылы құрылған және елдегі тұңғыш кәсіби компанияның қоржынында қазірдің дәстүрге енген және әртүрлі бағыттағы 5 өзіндік жыл сайынғы көрме жобалары бар.

Алматыда ХХХ Халықаралық зергерлер көрмесі өтуде

Соның бірі «Ару» – жыл сайын көктемде Алматыда, күзге қарай Астанада өтетін Қазақстандағы зергерлік бизнестің мамандандырылған көрмесі болып табылады. 2003 жылы пайда болып, қазір жап-жақсы танылған «Ару» көрмесі осының арқасында күллі Орталық Азиядағы зергерлік бұйымдарды көтермелеп және бөлшектеп сатудың ең тиімді алаңына айналып келеді десек болады. Әрі бұл жәрмеңке жыл сайын зергерлік өнердің таңдаулы туындыларын сатып алушылар мен бағалаушыларына ерекше бұйымдарды ұсына алады.

Көрме осы кәсіпке машықтануының арқасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанда ғана емес, шалғай елдердегі зергерлік бизнес саласындағы мамандарының назарын өзіне аудара бастаған. Мәселен экспоненттер қатарына 2017 жылы Армения, Бельгия, Грузия, Ресей, Түркия, Украина және Конгодан 125 қатысушы енген. Өткен жылы көрмеге келушілердің тұрақты өсіп келе жатқан саны 16 мыңнан аса жеке және көтерме сатып алушыны құраған. Бұл да осы жобаның өзектілігін дәлелдейді.

Сондай-ақ «Ару» көрмесінің аясында зергерлік бұйымдарды өндірушілер арасында үздік бұйымдардың байқауы да өткізіледі. Бұл байқау – зергерлік өнеркәсіпті дамытуға және онда жұмыс істейтін мамандардың кәсіби өсуіне ықпал етуге бағытталған.

Атаулы сыйлық бойынша жеңімпаздар беделді қазылар алқасының әділ шешімімен анықталып, байқау медальдары, дипломдарымен марапатталады. Көрменің үздік өнімі – қазақстандық шебер зергерлер шығарған «Ару» көрмесі логотипінің «Гран-при» алтын жалатылған мүсіншесі табыс етіледі.

Биылғы көрмеде «Навигатор ювелирной торговли» журналының бас редакторы Оксана Сенаторова «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зергерлік бизнесті ілгерілету» тақырыбындағы семинар өткізді. Семинарда әлеуметтік желілердің ерекшеліктері мен тыңдармандардың бет-әлпеті, таргетингтің әдіс-тәсілдері, әлеуметтік желілердегі жарнама түрі, ақылды таспа, жылдам ремаркетинг, жарнамалық науқандарды бағалаудың дәл әдістері, табысты беттер мен қауымдастықтарды құру ережелері тарқатылды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ