Қазақстан • 09 Сәуір, 2018

Агроөнеркәсіптік кешен цифрлы жүйеге қадам басады

729 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздегі экономикалық және технологиялық салалардың қарқынды дамуына айрықша мән берілген. Осы мақсатта «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылып, сандық жүйе экономиканың күре тамыры саналатын барлық бағыттарға жаппай енгізіліп жатыр. 

Агроөнеркәсіптік кешен цифрлы жүйеге қадам басады

inform.kz

Күні кеше Ауыл шаруа­шы­лығы бірінші вице-министрі Арман Евниев «АӨК-ті цифрландыру күні» аясында бірнеше инновациялық жобаны таныстырды. Отандық кәсіпкерлер арқылы ауыл шаруашылығындағы ақ­па­ра­ттық технологияларды дамы­ту­ды мақсат еткен шарада, цифр­ландыру жүйесін енгізудегі түйткілді мә­селелер тізбектеліп, болашақтың еншісіне енетін жоспарлар бекітілді. Со­лар­дың бірсыпырасына кеңірек тоқтала кетсек, аталған министрлік бүгінгі күні «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өткізуді жүйелеуде, экс­порт нарығын дамытуда сан­дық жүйенің берері мол. Осы не­гізде келер жылы мал ша­руа­шы­лығы, өсімдік және балық өнімдерін бақылау мақ­са­­тында мониторинг жасалып, ақ­паратты электронды түрде алу мүмкін болмақ. Мысалы, жаңа туған мал бірден тіркеліп, соған қатысты барлық ақпараттар, қан­дай екпе алғанынан бастап, қай жерде сойылғаны, еттің қай базарда са­ты­ла­тыны анық электронды базада тір­келетін болады. Бұл арқылы сатып алу­шылардың азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Әрбір кезеңде мал­дың таза еке­ні­не көз жеткізілгеннен ке­й­­ін экспорттаушылардың да саны артады деген сенім бар. Қазіргі уақытта мал шаруашылығына қатыс­ты ет импорт­таушы елдер­дің негізгі талаптары бойы­­нша өнімнің өндірілу барысына қа­тыс­ты ақпараттың толыққанды бе­рілуі маңызды. Сондықтан бұл бағыттарда кейбір түйткілдердің талмаурын тұсын дөп басуға сандық жүйе таптырмас шешім.

Министрлік басымдық берген екінші бастама – электронды сауда-саттықты дамыту. Мем­ле­кеттік көрсетілетін қыз­мет­тер­ді дамыту және АӨК-ті цифр­лан­дыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетовтің айтуынша, еліміздегі астық ша­руашылығымен айналыса­тын кәсіпкерлер қазіргі таңда электронды форматта өз өнімдерін са­туды қолға алған. Осыдан екі жыл бұ­рын іске қосылған minagro.kz веб-пор­та­лына 195-ке жуық ірі астық қоймасы тіркелген. Ал онлайн түрде сауда жасау мүмкіндігінен бейхабар шаруа­лар қаншама? Қоймадағы астық­ты күнде бақылауда ұста­ғаннан гөрі, барлық мән-жай­дың ақ-қарасын үйде отырып та электронды түрде қадағалауға болады. Сонымен қатар кез кел­ген астық сатып алушы үшін қоймадағы өнім жайында ақ­па­рат жүйеде тіркелген. Тіп­ті ке­­лісімшарт жасау, оны заң­дас­ты­ру да «ақылды тех­но­ло­гия­ның» көмегімен шешімін тауып отыр. Айта кетер­лігі, жүйенің қолданыс аясы да артып келеді. Бұған дейін тіркелгендер саны 4 мың болса, қазір 39 мыңға жеткен.

«Ендігі меже жүйенің ауқымын шетелдік астық им­­порт­таушы елдер­ге де қол­же­­тім­ді болатындай дең­гей­ге жет­­кізу. Осы мәселе жан-жақ­ты тал­қыланып, біздің назарымыз­да болады. Астық өнімдерін жет­­кізуде темір жол саласында да цифрландыру жүйесін енгізу жос­­парланып отыр. Бұ­ған қоса, мал шаруашылығында да он­лайн режимінде сауда-саттық жасау мүм­кіндігін қолжетімді ете­міз. Аталған ба­ғыттар бойын­ша АӨК-дегі 101 мем­ле­кеттік қызмет көр­се­ту мен оған байла­нысты про­цес­тер автоматтанды­рылатын болады», дейді Б.Айымбетов.

ІТ-технологияларды нақты егін­шілік пен SMART фермалар­да пайдалануды дамыту үшін бизнес өкілдерін тартуға минис­тр­лік мұрындық болмақ. Яғни, өз кәсібінің көш ілгері дамуын, бәсекеге қабілетті болуын көз­деген шаруа, кәсібін сандық фор­­мат­қа сәйкестендіреді. Алды­мен жаңа технологияның жілігін ша­ғып, майын ішкен сала мамандары ұсын­ған жобалардың ішінен тиімдісі инвестицияланады. Бұл ретте, мемлекет онлайн сау­да жүйесін қолға алған ІТ- маман­­дарына салық жүйесінде жеңіл­дік­тер қарастыруды көздейді.

Канада, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сияқ­ты дамыған елдерде ақпараттық дамыту стратегиясы сәтті іске асқанын аңғару қиын емес. Осы ретте ауыл шаруашылығын цифр­ландыру аясында бірқатар елдердің компаниялары өз ұсыныстарын білдірген.

Негізінде сандық форматқа толықтай көшірудің әр елде жолы, бағыты әрқалай. Мәселе шет­ел­діктер ұсынған жоба баға­сы­ның қымбаттығында болып отыр. Қазір­гі уақытта өз заң­дар­ымызға сәй­кес­тендіріп, Ау­стра­лияның қолда­ны­сындағы әдістеме бойынша жұмыс істемекпіз. Айта кету керек, бұл ел ет тасымалы бойынша үздіктер қа­тарында. Ал аустралиялықтар өз кезе­гінде біздің ел арқылы Қытаймен ет тасымалына кететін логистикалық шы­ғын­­дарды азайтуды көздеп отыр, деді Бауыржан Айымбетов.

Егіншілік шаруашылығы үшін электронды жүйенің берері мол

Ауыл шаруашылығын цифрландыру аясында егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндірістік тиімділікті ай­тар­лықтай жақсартуға және ке­шенді түрде ауыл шаруа­шы­лығы өндірісінің шығынын ке­мін­де 25 пайызға азайтуға мүм­кіндік береді. Негізгі мақсат − өнді­рушілердің әлеуетін арттыру, бағаны тұрақтандыру, егіс алқап­тарын жақсарту. Егін­шілік эле­мен­ті егістіктердің элек­тронды кар­таларын жасап, ауа райының нақты деректерін анық­тап, сенсор мен датчиктер жә­не космониторинг жасауды бі­різ­ділендіру үшін қажет.

Егіншілік саласындағы диф­фе­рен­цияланған жүйеде ауа рай­ының ықпа­лы, агро­химиялық жағдай, ылғал­дылық жан-жақты қамтылады. Бүгінгі күнге дейін егін егетін жердің барлығына тыңайтқыш себіледі, жаңа технологиялық жүйе бойынша электронды карта жасалып, оған агрохимиялық, метеомәліметтер тіркеліп трактор арқылы нақты қай жерге тыңайтқыш себу керектігі автоматтандырылады. Бұл жүйеге көшу үшін жаңа техникалар алу қажет болады, деді Бауыржан Сәдуақасұлы. Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар шет­елдерде өз тиімділігін көр­сетіп отыр. Ал бізде жаңа тех­нологиялық бастамаларға ұмтыл­ған шаруаларға субсидия беру арқылы қажетті техникалармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін нақты қан­ша қаражат көлемінде тех­никалық жабдықтар алу керектігі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан анықталатын болады.

Мемлекет жекелеген шаруа­лар­­дан белгілі бір мөл­шер­де ас­тық сатып алу барысында көк­темде жерге астықтың толық­тай егілгенін, алынатын өнімнің кө­лемі соған сәйкестігін анықтау мақ­сатында электронды картаны ен­гізіп, оған космомониторинг жүк­теген. Сол бойынша әр шаруа картада өзі егін еккен жерін бел­гі­леп көрсетеді. Өз ке­зегінде жер серігі арқылы шаруаның би­­ылғы жы­лы егін еккен-екпегені, кө­л­е­­мі нақтыланып отырады. Егер ша­руа­­­шылық шамадан көп өнім алаты­нын мәлімдесе, жер сері­гінің NDVI индексі арқылы келген мәлімет оны жоққа шығара алады. Бұл шаруаның астықты өзі екпей, арзан бағаға сатып алғанын және оны көтерме бағаға өткізіп отырғанын анықтайды. Осындай ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, пайда табуға қам жасағандарға электронды жүйе шектеу қояды.

Ел Президенті биылғы халық­қа Жолдауының бір бағытын «Ақылды технологиялар» – агро­өнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп бекер атаған жоқ. Елдегі қарасы қа­лың көпшіліктің басты табыс көзі – ауыл шаруашылығының да­муы ел экономикасының да тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етеді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»