Бағдарламалар • 09 Сәуір, 2018

Қостанай облысы әкімдігі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынды

597 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Бүгінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен  ауылға баратын жас мамандар қатары аз емес. Бірақ  мемлекеттен алатын бір рет берілетін  жәрдемақы көмегіне үй сатып ала алмайды, өйткені қаржы жетпейді. Мамандардың ауылға тұрақтамауының басты себебінің бірі осы.

Қостанай облысы әкімдігі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынды

«Біз  Ұлттық экономика министрлігіне бағдарламаға қатысушылар үшін бір рет берілетін жәрдемақының көлемін 70 АЕК-ден 200 АЕК дейін көтеруді, үй алу немесе  үй салып алу үшін берілетін бюджеттік несиенің көлемін 1500 АЕК-нен 1700 АЕК дейін көтеруге ұсыныс жолдадық» деді облыстық  Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов.

Сонымен қатар ұсыныста ауылға баратын мамандар, яғни бағдарламаға қатысушылар тізімін көбейтуді де ұсынды. Өйткені  ауылда тек мұғалім мен дәрігер, ветеринар ғана емес,  экономистер, заңгерлер, бухгалтерлер де жетіспейді.

2009 жыл мен 2017 жыл арасында облыста 4336 жас маман бағдарламаға қатысқан. Оларға бюджеттен 4,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Осы жылдар ішінде 793 маман келісімді мерзімнен бұрын бұзған.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай