Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Елбасы Үндеуін спортшылар жылы қабылдады

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана жариялаған бес әлеуметтік бас­тамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Ел ойында жүрген сан тарау ойдың тамырын тап басқан бұл бастамаларды халық мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған игі әрі ауқымды шара ретінде қабылдады.

Елбасы Үндеуін спортшылар жылы қабылдады

Елбасының спортшылар қауымына деген көзқарасы мен ілтипаты ерекше екенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Әсіресе Олимпия ойындары барысында сол қамқорлық анық сезіледі. Жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтарға мемлекет тарапынан мол көлемде сыйақы беріледі. Олар түрлі орден және медальдармен марапатталады. Ұлы дүрмекте жеңімпаздар және жүлдегерлер атанған саңлақтарға кезектен тыс пәтер кілті табыс етіліп, олар темір тұлпарды тізгіндейді.

Мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың басын қосатын Паралим­пиада ойындарында атой салған спортшыларға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық айрықша. Мәселен, 2016 жылы Риода алтыннан алқа таққан жүзуші Зүлфия Габидуллина­ға – Таразда және сол жарыс­та күміс алған пауэрлифтинг шебері Раушан Қойшыбаева­ға – Талдықорғанда пәтер берілді. Ал күні кеше ғана Пхенчханда топ жарған шаңғышы Александр Колядин Қостанайда баспана­лы болды. Әрине бұл қуантар­лық жайт!

Алайда Олимпиада немесе әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бәріне бірдей бұйыра бермейді. Арамызда жоғарыда аталған жарыстардан бөлек, басқа да дүбірлі додаларда ел намысын абыройлы қорғап жүрген спортшылар жетерлік. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрлері бар. Жалындап өсіп келе жатқан жас өрендердің де қатары мол. Осы салада еңбек етіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген бапкерлер тағы бар. Жасыратыны жоқ, олардың басым бөлігінің жалақылары мардымсыз. Біразы пәтер жалдап тұрса, тағы біразы туған-туыстарының үйлерін паналау­да. Бір сөзбен айтсақ, спортшылар қауымы арасында да әлеу­меттік жағдайы төмен жандар жиі кездеседі.

Сол себепті де Елбасының «Әрбір отбасына баспана алу­дың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бастамасын спортшылар қауымы жылы қабылдады. Әсі­ресе айрықша зор әлеуметтік ма­ңызы бар бұл бастама үйсіз-күйсіз жүргендердің көңілінен шықты. Енді олар «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы бойынша қолже­тімді пәтер алуды көздеуде.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»