Әлем • 10 Сәуір, 2018

АҚШ пен Қытай. «Сауда соғысы» қыза түсті

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада АҚШ үкіметі Қытайдан енгізілетін 1333 түрлі тауарға салынатын қосымша салық көлемі 25 пайызға артатынын мәлімдеген болатын. Бұл – Қытайдан тауар әкелушілер Америка қазынасына қосымша 50 млрд доллар төлейді деген сөз.

АҚШ пен Қытай. «Сауда соғысы» қыза түсті

Осыған байланысты ҚХР үкіметі Американың Дүниежүзілік Сауда Ұйы­мының талаптарын бұзып отыр­­ғанын жариялады, деп жазады Қы­тайдың бас газеті «Жэньмин жибао». Мәлімдемеде «АҚШ үкіметінің бұл шарасы ҚХР-дың заңды құқықтары мен мүдделеріне қол сұғу болып та­бы­лып, Қытайдың дамуына қа­тер төндіреді» деп жазылғанын хабар­лады газет.

Өз тарапынан Қытай да АҚШ-тың өз нарығына кіретін 106 түрлі тауарына 25 пайыз қосымша са­лық енгізетінін мәлімдеді. Бұл тауар­лардың қатарына соя майы, автомобильдер, химия өнеркәсібінің өнім­дері және т.б. кіреді. Бірақ бұл шара­ның енгізілуі америкалықтарға байланысты екенін де Қытайдың Мемкеңесі жариялап, егер олар өздерінің жоғарыда мәлімдеген шараларын енгізетін болса, қарымта ретінде ҚХР Кеден комитеті де жаңа тарифтерді енгізетінін ескертті.

«Жэнмин жибао» «америкалық­тардың осындай біржақты, негізсіз істеріне Қытайдың бұлай жедел жауап қайтаруының өзі – Трамп әкімшілігі туғызып отырған саудадағы осындай келеңсіздіктерге ҚХР үкіметі қырағылық танытып, оған бірден жауап беруге төселіп келе жатқанын көрсетеді», деп жазды.

Жайшылықта ше­шімдерді ұзақ толғанып, әбден сара­ланған соң ғана іске асыратын Қы­тайдың бұлай жедел жауап беруінің сырын сұраған америкалық CNN агенттігіне ҚХР Қаржы министрінің орынбасары Чжу Гуанъяо «экономикалық тұрғыдағы барлық қатерлерді саралап, бізге тиісті шаралар қабылдауға тура келіп отыр» деп жауап берді.

Сөйтіп екі елдің арасындағы «сау­да соғысы» қазір қыза түсті.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар