Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Темекінің зиянын біле тұра, бас тартпайды

1299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам баласын тәуелді еткен зиянның бірі – темекі. Өкінішке қарай, зардабы орасан екенін біле тұра шылым шегуден дер кезінде құтылатындар қиын. Салдары белгілі. Темекімен қоғам болып күресудің нәтижелері қандай? Жуырда Алматы студенттерінің арасындағы темекі шегу мәселелерін зерттеудің қорытындылары жарияланды.

Темекінің зиянын біле тұра, бас тартпайды

«Аман-саулық» қоғамдық қоры мен Алматы Менеджмент уни­верситеті (ALMAU) қаладағы студенттер арасындағы темекі шегу мәселесін зерттеуге байланысты баспасөз мә­с­лихатын өт­кізді. Өкініштісі, жастар жаман әдет­тен арылуға аса ықылас таны­та қоймайтыны тағы да бел­гілі болып отыр. Демек бұл те­мекінің аса зияндығы туралы на­си­хаттың әлі де аз екендігін айғақтайды. 

Сарапшылар Алматының жо­ғары оқу орындарында оқитын жастар ара­сындағы темекі шегу проблемасын зерт­теу нәти­желерін ұсынып, никотин тұты­нудың ғылымға негізделген, зия­­ны аздау баламалары туралы бел­сенді түрде хабардар етуге ты­рысып бақты.

Зерттеуді жүргізуге AlmaU уни­верситетінің 1-курсында оқитын 50 студент қатысты. Олар 2017 жыл­ғы 20 қарашадан 25 жел­тоқсанға дейін Алматының темекі шегетін студенттері арасында сауалдама жүр­гізді. Сауалдамаға барлығы 671 респондент, соның ішінде 38 пайыз қыздар, 62 пайызы ер балалар қатысқан. 18-22 жас аралығындағылар – 61 пайыз болса, 22–25 жасқа дейінгілер – 24 пайыз және 25 жастан жоғарылар 15 па­йызды құрайды. Темекі шеккендеріне бір жыл толмаған респонденттер – 37 па­йыз, бір жылдан 5 жылға дейін – 40 пайыз, 5 жылдан астам темекі шегетіндер 23 пайызға жеткен. Сауалдамаға жауап бергендердің 31 пайызы күніне 5 және одан аз темекі шегеді, 35 пайызы – күніне 5-10 талға дейін, 23 пайызы – күніне 11-20-ға дейін және 11 пайызы күніне 20-дан астам темекі шегеді.

Респонденттердің 75 пайызы акциздердің үнемі жоғарылап, соның салдарынан темекі өнімдерінің бағасы өсіп отыратындығы туралы біледі. Ал 41 пайызы бағаның өсуіне байланысты темекі шегуін мүлдем өзгертпек емес. Студенттердің 16 пайызға жуығы азырақ темекі шегуге тырысады, бірақ сигарет маркасын өзгертпейді. 10 пайызы арзанырағына көшкен және 8 пайызы никотин тұтынудың басқа тәсілін қолданып, темекі шегуден бас тартуды ойлайды. Сауалдамаға қатысқандардың 25 пайызы темекі шегуден бас тартуға күш салмақ ниеті бар, бірақ оны қалай жасау керектігін білмейді.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры­ның президенті Бақыт Түменова «Рес­понденттердің басым бөлігі дәс­­түрлі сигарет тартудың баламасы ретінде вейп электронды си­гареттерін (35%) және қорқорды (33%) қарастырады. Себебі шы­лымқорлар оларда жану процесі бол­майтынын және канцерогенді ша­йырдың түзілмейтіндігін түсінеді. Әрі сауалдамаға қатысқандардың 44 пайызы зияны азырақ екендігі ғы­лыми тұрғыдан негізделіп, дәлел­денсе, никотинді тұтынудың зия­ны аздау баламалы тәсілдеріне кө­шуге келісетіндіктерін білдіреді. Алын­ған деректер қолда бар ғылыми дерек­тердің қатардағы тұтынушы назарына жеткізілмейтіндігін айғақтайды. Халықты ғылыми тұрғыдан негіз­делген, никотин тұтынудың зияны аздау баламалары туралы белсенді түр­де хабардар ету қажет. Ең бастысы, бұл өнімдерде жану процесінің бол­мағаны керек», деген пікірін алға тарт­ты.

«Жай ғана темекі шегудің зия­ны туралы айту артық. Оны бәрі анық біледі. Бірақ жүргізілген зерттеу көрсетіп отырғандай, темекі шегетін әрбір төртінші жас адам ғана бү­гінде осы зиянды әдеттен арылуға дайын. Бәлкім, темекі шегудің «қор­қынышты» салдары туралы айтып, тыйым салатын емес, жастарымызды саламатты өмір салтына көшуге экономикалық тұрғыда ынталандыру қажет болатын уақыт келген болар. Мәселен, сигареттерді қабылдап (ма­кулатура мен шыны ыдыстарды қабылдайтын орындар сияқты), спорт залына баратын абонементке ауыстыруды (жинақтау жүйесі бойынша) ұйымдастыру сияқты мемлекет тарапынан тиісті қолдау болса, мұндай жүйе бизнеске де тиімді болады деп ойлаймын», деді «PROFI-T» тиімді басқару және бәсекеге қабілеттілікті дамыту халықаралық агенттігінің пре­зиденті Гүлнар Құрбанбаева.

Сауалдамаға қатысқандардың 27 пайызы никотинді, 28 пайызы ша­йыр мен түтінді ең зиянды компонент­ деп санаса, 45 пайызы барлық компонент­терді тең дәрежеде зиянды деп санайды екен. Респонденттердің 63 пайызы темекі шегудің негізгі қаупі темекінің жануынан болатындығын біледі. Осы процесс барысында көп мөлшерде улы компоненттер түзілетін түтін пайда болады.

Дегенмен 12 пайызы зиянның азы­­рақ болатындығы туралы ғылыми тұр­ғыдан дәлелденген мәліметтерден хабардар болса да, темекінің зияны аздау баламалы тәсіліне көшуге келіспейді екен. 44 пайызы баламалы тәсіл­ге көшуге келіссе, тағы 44 па­йыз­ы бұл жөнінде пікір білдіруге аса құ­лық­ты емес.

Дегенмен сауалдамаға қатысқан­дардың 48 пайызы никотин тұтынудың зияны аздау тәсілдері туралы хабардар етіп отыру маңызды деп санайды.

Баспасөз мәслихатында AlmaU пре­зиденті Асылбек Қожахметов жыл сайын акциздер қымбаттап, нәти­жесінде темекі өнімдерінің бағасын көтеру темекімен күресуде тиімсіз тәсіл екенін айтады. Осылайша, сауал­дамаға қатысқандардың жартысы­нан көбі (51%), сигарет тартудан басқа, үнемі темекі шегудің басқа да тәсіл­дерін пайдаланатындықтарын мо­йындап отыр.       

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ