Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Жұмыс уақыт талабына сай болуы тиіс

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда кәсіподақтардың бастауыш ұйымдарының тұңғыш форумы өтті

Еліміздегі кәсіподақ бастауыш ұйымдарының форумы тұңғыш рет Қостанайда өтті. Республикалық Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен өткен форум «Бес әлеуметтік бастама. Әлеуметтік инновациялар. Келешек келбеті» деген тақырыпты өзек етті.

Жұмыс уақыт талабына сай болуы тиіс

Оған Қостанай облысындағы бас­тауыш кәсіподақ ұйымдарының 260 бас­шысы мен өкілдері, Парламент депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­л­а­тасының мамандары қатысты. Алқалы жиында Кәсіподақтар фе­дерациясының төрағасы Бақытжан Әб­дірайым жұмысшылардың әлеу­меттік мүддесін қорғайтын ұйым жұмысын бүгінгі уақыт талабы тұрғысынан ұйымдастыру керек­тігін тілге тиек етті. Елімізде қоғам­дық, экономикалық қатынастар өз­гер­ген жылдары кәсіподақтар ұйым­дарының жұмысы да әлсіреді. Ең­бек нарығындағы өзгерістер бұл ұйым­­ның бұрынғыдай даңқын, беделін кеміткені рас. Дүние жүзінде кәсіподақ қозғалысының кемуіне түрлі себептер бар. Жұмысшылардың бір жерде тұ­рақ­тап істемеуі, жұмыс берушіге қа­шықтан (дистанциялық) жалдануы не­месе жұмысшының дербес жүріп та­быс табуы секілді бүгінгі уақыттың көрі­ністері үшін кәсіподақ ұйымы, қоз­ғалысы маңызды болмай қалды. Алайда әлемдік деңгейдегі кәсіподақ қозғалысында мұндай өзгерістер орын алғанымен, жұмысшылардың әлеу­меттік жағдайы бәрібір маңызды болып қала берді.

Уақыт кәсіподақ ұйымы жұмыс істе­ген компаниялардың қаржылық табысы да артатынын көрсетіп отыр. Кәсіпорындарда үшжақты келісім жа­салса, әлеуметтік мәселелер дұрыс қойылса, олардың инвестициялық тартымдылығы да артады екен. Ал­пауыт компаниялардың өзі қар­жы­сын салатын жерде ұжымдық келі­сім­шарттың, кәсіподақ ұйымының бар-жоғын бағамдайды. Әлемдегі мо­йыны озық дамыған елдерде ком­паниялардағы жұмысшылардың ең­бек және әлеуметтік өмірінің сапасын кәсіподақ ұйымы мен ұжымдық келі­сімшарт бар-жоғына қарап бағалайды. Ал ондай ұжымдық келісімшарт еңбек күнінің ұзақтығын, еңбек демалысын, қауіп­сіз еңбек жағдайын одан әрі да­мы­туды, гендерлік тепе-теңдікті сақ­тау сияқты көптеген мәселелерді қамтиды. Федерация төрағасы Ба­қыт­жан Әбдірайым кәсіподақ қоз­ғалысында дамыған елдердегі тәжі­рибелерден үйрену керектігін де ес­кертті.

– Бастауыш ұйымдар өз жұмысын жан­дандыруы және дәстүрлі қыз­метінің аясын кеңейтуі тиіс. Бүгінде кәсіподақтар әлемнің дамыған 30 елінде қабылданған «Өмір сүру сапасы» атты көрсеткішті кәсіподақтарға енгізуі қажет, – деді Бақытжан Жарыл­ғасынұлы.

Форумға қатысқан облыс әкімі Архи­мед Мұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын мәсе­ле­лерді кәсіподақ ұйымдары басшы­лыққа алуы қажеттігін айтты.

– Бастауыш кәсіподақ ұйымдары ұжым­дардағы әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, олардың заң аясында ше­шілуіне, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға атсалысады. Сонымен қа­тар мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларды, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын еңбек ұжымдарында кеңінен түсіндіруіміз керек, – деді Архимед Бегежанұлы. – Об­лыста 21 үш жақты комиссия жұ­мыс істейді. Өткен жылы бір мыңнан астам жұмысшының 120 миллион тең­ге айлық жалақылары өндіріп берілді. Осындай еңбек дауларында үшжақты келісімшарттың берері де, қоғамдық маңызы да жоғары.

Кәсіподақ қозғалысының лидері Ба­қытжан Әбдірайым айтқандай, кәсіподақ ұйымы және ұжымдық ке­лісімшарт сақталған жерде сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі эко­номиканың «сызбаларына» жол берілмейді. Бір өкініштісі, еліміздегі жұмыс берушілердің көпшілігі ұжымдық келісімшарт арқылы әріп­тестіктің нақты жүйесін құруға асық­пайды. Оның мысалы Қостанай облысында да бар. Бүгінде ұжымдық келісімшарттың қамтуы 56,5 пайызды құрайды. Ал ұжымдық келісімшарт не­гізінен кәсіподақ ұйымы бар кәсіп­орындарда жасалады. Сонымен қа­тар форумда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттыру, сол арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ұжымдық шарттардың са­нын арттыру, кәсіподақ қатарына жас­тарды тарту қажеттігі де сөз болды.

Форумда сөз сөйлеген Мәжіліс депу­таты Ирина Аронова Үкіметте ең­бек заңнамаларына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы заң жо­басы дайындалып жатқанынан хабардар етіп, кәсіподақтар жетек­шілері мен белсенділерін осы заң жобасы жарияланғаннан кейін өз ұсы­ныстарын жіберуге шақырды. Сонымен қатар форумда Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Шерстобитова мен басқа да бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері сөз алды.

Форум аясында Қазақстан Кәсіп­одақтар федерациясы мен Қос­танай облысы әкімдігі арасында Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қор­ғау жә­не өңірде әлеуметтік-еңбек дау­ла­рының алдын алу мәселелері бойын­ша меморандумға Кәсіподақтар феде­рациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ