Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Елордада Ерлік күніне арналған еске алу іс-шарасы өтті

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Отан-Ана» монументінің іргесінде орналасқан 1995 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің (Ұлттық ұланының) тәжік-ауған шек­арасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым жасауға Ұлттық ұлан басшылығы мен жергілікті атқарушы билік органдарының, әскери ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері және Астана қаласындағы №25 мектептің кадет сыныбының оқушылары қатысты. 

Елордада Ерлік күніне арналған еске алу іс-шарасы өтті

Сондай-ақ шара аясында Ұлттық ұланның Астана гар­низонының жеке құрамы салтанатты шеруде сап түзеп, осыдан 23 жыл бұрын тә­жік-ауған шекарасындағы шай­қаста көз жұмған сарбаздар­ды бір минут үнсіздікпен еске алып, ерліктің үлгісіне айнал­ған азаматтар жайлы естеліктер айтылды.

Салтанатты жиында сөз алған Қазақстан Республи­касы Ұлттық ұланы бас қол­бас­шысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұ­мыс­тар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхамет­қали Сатов өз Отанынан шал­ғай­дағы өзге елдің шек­арасын күзете жүріп, жанын пи­да ет­кен сарбаздар Тәуелсіз Қа­зақ­­станды экстремизм мен тер­­­роризмнің қауіп-қатерінен қор­­ғағандығын көпшіліктің қа­періне салды.

– Олар тәуелсіздігіміздің нығаюы жолына өз өмірлерін ар­нады. Халықаралық дең­гей­­дегі құжаттамалық келі­сім­ге сай, біздің сарбазда­рымыз тәжік-ауған шекарасын қырағылықпен күзетіп, бауыр­лас елдің тыныштығын қорғады, өз еліміздің қауіп­сіз­дігін сақтады. Ер­лік­тің жар­­қын үлгісіне айнал­ған ержүрек батырларымызды біздің отандастарымыз ешқа­шан ұмытпайды. Осы күні Ұлттық ұланның барлық бө­лімдерінде 17 сарбаздың рухына тағзым еткен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ биыл «Ішкі істер органдары қызметшілерін әлеу­меттік қолдау қоры» ар­қылы марқұм болған сар­баздардың отбасыларына 100 мың теңге шамасын­да қаржылай көмек көрсетуді қолға алды. Осылайша, мате­риалдық-моральдық қолдау арқылы біздің мемлекетіміз Отан қорғау жолында бақилық бол­ған батырларымызды жас буынға үлгі-өнеге етуде. Тағ­зым ету арқылы жастарды елін, жерін сүюге баулитын мұн­дай шаралар Мемлекет бас­шысы жариялаған «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани­ жаң­­ғыру» мақаласында көр­сетіл­ген бағыт-бағдармен өз­ара үндес. Келешекте біз осындай іс-шаралар легін ұйым­дастыруды жалғасты­ратын боламыз», деді М.Сатов.

Сондай-ақ еске алу жиы­нында өз ойын білдірген аза­ма­т­тар­дың қатарында Қазақ­­стандық ІІО мен Ұлт­тық ұлан ардагерлері кеңесі­нің төрағасы, милиция гене­рал-майоры Өмірзақ Болсам­беков, «ҚР ішкі істер орган­дары қызметкерлерін әлеу­меттік қолдау қорының» төр­ағасы Кемел Жұмашев, 1995 жылғы 7 сәуір күнгі оқиғаның қатысушысы, тәжік-ауған шек­арасында қызмет атқарған Ұлттық ұлан ардагері Қайрат Сәтбаев пен Астана қаласы № 25 орта мектебі кадет сыныбының оқушысы Жандос Құмырзақ болды.

«Егемен-ақпарат»