Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Момбеков мұрасы

1703 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күй – қазақтың жаны. Жанды құбылыс. Жасампаз дәуір жыры. Күйде күйбең тіршілік сөз болмайды. Оған қатысты көненің көзі, ескінің жұрнағынан жеткен жақсы лепес көп. Сондай сүбелі сөздің бірі Кенен Әзірбаевтың аталарынан жетіпті. 

Момбеков мұрасы

Бірде Алаштың өңкей ығайы мен сығайы жиналған Же­ті­суд­а үлкен ас өтсе керек. Оған бар­ған ордалы топтың ішін­де әйгілі жеті жарғы атанған Ноғай­бай, Кебекбай, Шашубай бас­та­ған сал-серілер де бар. Астан қай­­тар жолда сол Жетісудың кіл саңлақтары ілкі топтан іл­гері кетіп қалған Байсеркені іздепті. Маңайды дереу шолып шыққан ширақ жігіттер Қор­дайдың етегінен бір салт атты­ны көргендерін айтып, әлгіге шо­қытып жетіп алуды ойлайды. Қатарласа беріп қараса, шынымен Байсерке күйші екен. Байекең күй шертіп бара жатыр дейді, жігіттердің берген сәлемін алмапты. Сол өгіз аяң­мен Қордайдың басына шық­қанда барып, күйін аяқтап Бай­серке жігіттерге бұрылып: «Ұран күйдің басында кездесіп едіңдер, жаңа аяқтадым», депті. Қордайдың қандай қиын асу екенін білеміз. Оны аяңдап асып өткенше үзіліссіз тартылған ол күйдің күрделілігі бір әңгіме де, күйдің қалыбын бұзбай Қордайдың қою табиғатымен астасып кеткен Байсерке болмысы екінші жайт. Күйдің ортасынан киіп кетпей, көне сарынмен сапарлас болып Қордайдың биігіне бірге шыққан тыңдаушы топтың мәдениеті және бір үлгі.

Биыл күйден күмбез тұр­ғы­зып, Қаратау шертпесіндей үл­кен мектептің үлгілі ұстазы атан­ған талантты күйші Төлеген Мом­бековтің туғанына ғасыр толған.

Жоғарыдағы әңгіме Мырзатай Жол­дас­беков ағамыз­дың айтуында бізге өнегелі өріліп жеткен. Таң­ғажайып кеш­те отырмыз. Ай­тып өтке­ні­міздей, Төлеген тала­н­ты­ның тұң­ғиығына батып ба­ра­мыз. Кеу­демізді кернеген ұлт­тық рух ұлы даланың құнарлы қыр­аты Созақ сонарынан бір-ақ шық­қан. Күй кешін шертсе шебер, төксе талант күйші Жанғали Жүзбай тізгіндеген. Байыпты болмыс. Әдепті әңгіме. Шерлі шежіре шанақтан төгіліп жатыр. Беташар сөзді Мырзатай ағамыз әлгіндегідей бастаған. Расымен де күйдің киесі де, иесі де әуелден қазақ. Күй – ұл­ты­ның ұстыны, ұжданы, ұла­ға­ты, ұстазы десек те артық емес. Не керек, сілтідей тынған зал сахнаға жіпсіз байланған. Тыл­сым күйдің күмбірі, көне қо­быз­дың зары пернелеген сайын зер­делене, ескі тарих есімізге тү­седі...

Жалпы, Төлеген Момбеков құ­былысына ден қойған адам­ның әдепкі әңгімесі әуелі «Сал­та­наттан» басталары белгілі. Иә, «Салтанат» шынымен де тағдырлы қоштасу жыры еді. Ол анасын іздеп аңыраған кішк­ен­тай Салтанаттың зары, ол Пер­неш­тей жарынан қапыда көз жа­зып қалған Төлеген күйшінің сағыныш сазы еді.

Есі кіріп қалған ерке перзентке екі шекті егіз қозғап зарлық әке кішкентай Салтанатқа ана­сы­ның алыс сапарға кеткенін есті­р­тіп отыр... Қазаға ұшыраған адам­ның қайғылы хабарын қу тақ­тай рәсімдеп жатыр. Ауыр қа­за. Шерлі өксік. Жалпы қазаны күй­мен естірту дәстүрі қазақ хал­қында ертеден бар. Оның түп тарихын түгендер болсақ, хан­­дардың ханы Шыңғыс баһа­дүр­дің үлкен ұлы Жошы ханның өлімін Кетбұғаның естіртуі есімізге түседі. Күйдегі естірту бір­ден қайғылы хабарды айты­п басталмаған. Әуелгіде поэ­тикалық образ үшін табиғат құ­бы­лыстары жырланады. Хан сал­танаты. Нөкерлер сапы. Жануарлар әлемі. Бәрі-бәрі тарихи тұспалдар. Сөйтіп келе жат­қан салтанатты саят күйдің соң­ғы бөліміне қарай суық хабарға со­лқ етіп ойысады. «Теңіз бас­тан былғанды, кім тұндырар, а, ханым?» Көңіл айту, қазаға ортақ­тасу қайырымдары. «Ақсақ құлан...»

Бұл ретте Сайдалы сары Тоқаның «Төрт толғауын» да естірту күйі деуге болады. Қыс­қа­ша тарихын әлгі кеште Мұ­ха­метжан Тілеуханов айт­қан­дай, Тоқаның өзі де домбы­рашы, әйелі Көрік те домбы­ра­шы, шешесі де дәулескер күй­ші болған. Жалғыз ұлдың қа­засын алдымен өзі естіген То­қ­а болған іске болаттай берік бо­лып, екі мұңлықты өзі күймен бе­кітіп сөйлепті. Сондағы Тоқа­ның бірінші толғауы «Естірту». Адуынды үлкен ше­ше дом­бы­раның екі шегі жыла­сын дейді. Ана жүрегі «ішім жа­нып барады» деп ол да домбы­ра­ны сұрайды. Тоқа «Естірту» күйі­нен кейін жалғызына арнаған «Арнау» күйін тартады... Әрі қарай тоқсан үштегі аты ерттеулі «Немере жоқтауы» күйі болып жалғасып кетеді...

Осы естірту күйлерінің ішін­де Төлеген Момбековтің «Салт­а­наты» да бар.

Жалпы Сүгірдің күйлері, Төле­геннің күйлері тек қана Қа­ра­тауда емес, арғы жағы Же­ті­суда, бергі жағы кең-байтақ Ар­қа жерінде де тартылады. Біз көрер­мен болып күй көкжиегіне қо­сылған көне сарын керуеніне күй­шілер де жан-жақтан жи­налған. Арқадағы атақты Дәу­летбектің дәулескер күйші ұлы Қайролла күйші бастап, Қарағанды жерінен Мадияр Сүлейменов сынды күйшілер төбе көрсетіп, төрде Төлеген мұрасын насихаттауда.

Ол топырақтан Мұхаметжан Тілеуханов та осы кештің көріг­ін қыз­дырып, кәделі күйдің бір­не­шеу­ін тартқан. Бәрі де Тө­ле­ген­ге деген риясыз махаббат. Шын пей­іл. Шырақшы үгіт.

Төлегеннің «Інілеріме» деген күйі тартылды. Бұл шығарманы Тө­­леген күйші белгілі ғалым, əн­шілігі де бір төбе Өмірзақ Айт­ба­е­вқа арнаған екен.

Кеш барысында өнертану ғы­лымының кандидаты Раушан Малдыбаева баяндама жасады.

Ал белгілі күйші Рымхан Әбіл­ханұлы болса, Төлегеннің тү­гел күйін білетін жан ретінде тө­бе көрсеткен. Бәрі дәстүр дә­ріп­теліп, өлең өрнектелген шы­ғармалар. Рымхан күй­ші­нің ретінен кейін жас буын А.Мәу­лет­ұлы, Б.Әбенов, А.Иманғазы, Е.Сайырханұлы, А.Нұрмағамбет болып күйден кестелі өрнек салды.

«Жалпы, Төлеген Момбеков үл­кен мектеп. Оның шәкірттері бүгінде республиканың түкпір-түк­пірінде жүр. Оның үлкені Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Біләл Ысқақов. Күйлерін жи­нап, алтын қорға өткізіп бас­та­ған игілікті шаралар, міне 100 жылдығына ұласып отыр. Бұл – тойдың беташар кеші. Әлі жыл бойы Төлеген тағылымы ми­нистрлік деңгейінде тамаша на­си­хатталады деп сенеміз», дей­ді кешті ұйымдастырушы Жа­нғали Жүзбай.

Айтулы кеш мұңнан мұнар­тып шыққан күй көңілімізден соң мына бір қызықты әңгі­ме­мен түйінделді. Бұл да кеште айтылған кезекті баян. Мыр­за­тай Жолдасбековтің ел би­лі­гіне етене араласып жүр­ген кезі екен. Іссапармен Тө­леген Момбековтің ауылына ат шалдыруды жоспарлап, жұ­мыс бабынан бөлек елдегі би­лік өкіл­деріне Төлеген Мом­бе-
к­ов­пен кездестіруді ұйым­дас­ты­руын тапсырыпты. Сөйтсе берекесіз басшылардың біреуі де­реу ертеңіне Мырзатай Жол­дасбековтің көмекшісіне Тө­ле­ген Момбековтің осыдан бір күн бұрын қайтыс болғанын «естіртіпті». Мырзекең абдырап тұрып қалса керек. «Бұл қалай болғаны? Суық хабар жерде жатпаушы еді ғой?» деп көмекшісіне ол жайды ықтияттауды тапсырады. Сөйтсе, Құдайдың құдіреті, айналдырған кішкентай Созақта екі Төлеген Момбеков бар екен. Әлгі қайтыс болған Созақтың атқару комитетінің орынбасары екен. «Біздің Төлеген тірі екен» дейді-ау Мырзекең...

Сол Төлеген әлі тірі. Рухы тірі. Жаны мәңгілік. Мұрасы мұ­ра­ғатты, күйі ұлағатты Төлеген күй­шінің жасампаз дәуірі енді бас­талды. Оның күйлері әлі талай ғасыр тіршілік етеді. Момбеков құбылысы мыңжылдықтармен өлшене бермек.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»