Теннис • 10 Сәуір, 2018

«Дэвис кубогі». Жартылай финалға Хорватия шықты

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хорватия-Қазақстан құрамалары арасындағы текетіресте жеңімпаз белгілі болды. «Дэвис кубогі» жарысының ширек финалында кездескен Хорватия мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойында корт иелері басым түсті.

«Дэвис кубогі». Жартылай финалға Хорватия шықты

Төртінші ойында Марин Чилич пен Михаил Кукушкин шыққан болатын. Әлемнің үшінші ракеткасы Чилич отандасымызға ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Есеп 3:0. Жалпы есеп 3:1 хорваттардың пайдасына. Енді жартылай финалда Хорватия құрамасы АҚШ ұжымымен кездеседі.

Матчтан кейін Кукушкин мен Чилич журналстерге сұхбат беріп, ойын туралы пікірін айтты.

– Чилич әлемнің үшінші ракеткасы. Оның жоғары деңгейдегі теннисші екенін бәріңіз білесіздер. Бойы да, техникасы да менен жоғары. Алайда бұл матчта менің жалғыз ғана басымдығым болды. Корттың артқы жағынан соққылар жасап, Чиличті арлы-бері қимылдап ойнауға мәжбүрледім. Доптарды бірде солға, бірде оңға, керек кезінде қысқартып та тастап отырдым. Бірақ Марин соның барлығына жетіп үлгеріп отырды, – дейді Михаил Кукушкин.

– Екі бірдей қазақстандық тен­нис­шімен кездестім. Попкомен болған матчта көп гейм бердім. Бірақ бүгінгі ойын мен үшін маңызды әрі ауыр өтті. Кукушкин өте шебер теннисші. Ол кез келген сәтте қателігіңді пайдала­нып кетеді. Егер кеше жұптасу кезінде жеңі­ліп қалғанымызда бүгін мен бұлай­ша еркінсіп жүре алмас па едім? Чорич­пен өткен ойында Михаил қатты шаршап қалыпты. Борна оның біраз күшін сар­қыды», деді Марин Чилич.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев та ойын туралы өз пікірін білдірді. «Чиличтің мықты екенін білеміз. Бірақ ол бүгін емін-еркін ойнады. Себебі текетірестегі жалпы есеп 2:1 Хорватияның пайдасына еді. Еш қорықпай, аспай-саспай өнер көрсетті. Ал егер кеше жұптасуда жеңгенімізде бүгін мүлде басқаша ойнар едік. Чилич қобалжып, қиналып шығар еді. Тіпті ол жеңген күннің өзінде біз соңғы ойынға күш салушы едік. Попконың орнына Недовесовті қоятын ба едік, кім білсін. Енді осы жұптық командамызды реттеуіміз керек. Алда Азия ойындары өтеді, соған дайындаламыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан» – Вараждиннен (Хорватия)