Футбол • 10 Сәуір, 2018

Жаһандық жарыстар. Жапония құрамасы бас жаттықтырушысыз қалды

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Босниялық маман Вахид Халилходжич қызметінен кетіп, футболдан Жапония құрамасы әлем чемпионатына екі ай қалғанда бас жаттықтырушысыз қалды.

Жаһандық жарыстар. Жапония құрамасы бас жаттықтырушысыз қалды

Вахид Халилходжичтің қызметінен кететінін Жапония футбол ассоциациясының президенті Кодзо Тасиму мәлімдеді. Тасимудың айтуынша, босниялық маманның құрамадан кетуіне биылғы жолдастық кездесулерде құраманың сүреңсіз ойын көрсетуі себеп болған. Сондай-ақ құрама футболшылары оның ойын тәртібіне өздерінің наразы екендігін білдірген.

Енді Жапония құрамасының жаңа бапкеріне екі айдың ішінде футболшыларды әлем чемпионатына дайындауға тура келеді. Халилходжич Жапония құрамасын 2015 жылдан бері жаттықтырып, елдің бас командасын әлем чемпионатына шығарған еді.

Эрисланди белдіктерінен айрылды

Жексенбі күні кәсіпқой бокстың орта салмақ дәрежесіндегі (69,9 кг) WBA және IBO белбеуі бойынша әлем чемпионы кубалық атақты боксшы Эрисланди Лара IBF белдігінің иегері америкалық Джарретт Хердтен жеңіліп, екі белдігінен де айы­рылып қалды.

Жекпе-жек басы Эрисланди басымдығымен өткен-ді. Оның джеб және сол қолының соққысы қарсыласына нық тиіп жатты. Тіпті кездесудің 6-раундында Лараның иектің астынан жасаған соққысы қарсыласын есеңгіретіп тастағандай болды. Дегенмен Херд тез ес жиып үлгерді. Айқастың екінші бөлігі америкалық боксшының басымдығымен өтті. Соңғы 12-раундта Джарретт Херд кубалық бокс­шыны бір рет нокдаунға жіберді.

12-раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің шешімі екіге бөлінді. Бір төреші 114-113 ұпаймен жеңісті Лараға берсе, екі төреші дәл сондай есеппен Херд жеңіске жетті деп есептеген. Сөйтіп Джарретт Херд IBF белдігіне WBA және IBO белбеуін қосып алды.

Жеңіс тұғырында – кілең африкалықтар

Өткен демалыс күндері Еуропаның бірнеше қалаларында марафон жарысы өтті. Көпшілік жанкүйердің назары Миланда өткен жүгіруге ауғаны белгілі. Өйткені әлемнің ең мықты марафоншылары Италияда сайысқа түсті.

Бір қызығы, марафон жарысының жүлделі үш орнын да африкалық желаяқтар иеленді. Ерлер арасындағы сайыста жарыс жолын екі сағат тоғыз минутта жүгіріп өткен эфиопиялық Сеефу Туран жеңімпаз атанды. Екінші орынды кениялық Юстас Кимутай Кипкосгей иеленді. Ол жеңімпаздан бір минутқа артта қалып қойды. Үшінші орын тағы бір кениялық Барнабас Киптумға бұйырды. Оның нәтижесі – 2:10.17.

Ал қыздар арасындағы марафонда да алғашқы үш орынды кениялық спортшылар жеңіп алды.

Дайындаған

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»