Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Өскеменнің тоқтаған трамвайлары қашан жүреді?

216 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

59 жыл бойы Өскемен тұрғындарына қызмет көрсеткен, жолақы бағасы да (65 теңге) халықтың қалтасына салмақ салмайтын, қоршаған ортаға келтірер залалы да аз, таңғы сағат 6-дан түнгі 12-ге дейін қатынаған трамвайлар биылғы 26 ақпанда тоқтап қалған-ды. 1959 жылы 6 қарашада ресми түр­де жұмысын бастаған қо­ғам­дық көліктің тоқ­тауына «Өскемен трам­­­вай паркі» ЖШС-ның қарызға белшеден бат­қа­ны себеп болған еді. 

Өскеменнің тоқтаған трамвайлары қашан жүреді?

Фото: Тілеубек ШАЯХМЕТ

37 шақырым жол бірде-бір рет жөнделмеген

Қала әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев қаңтар айында журналистерге арнап өткізген брифингте мекеме электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Шығысэнерготрейд» ЖШС-на 70 миллион, «ЦентрКредит» банкіне 406 миллион және салық қызметіне 102 миллион теңге көлемінде қарыз екендігін мәлімдеген болатын. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов трамвай паркі қызмет атқарғалы бері оларға қарасты 37 шақырым жол­ға бірде-бір рет жөндеу жа­сал­­мағанын, аталған жолдың 22-і шақырымының сапасы мүлде нашар екендігін, трамвай паркін қаржыландыру туралы бірқатар банк басшыларымен, инвесторлармен келіссөз жүр­гізгенімен, барлығы да тозы­ғы жеткен қоғамдық көлік қаты­на­сына инвестиция салудан ат-тон­дарын ала қашып отырғанын айт­қан-ды. Алайда «Өскемен трамвай паркі» ЖШС-ның бұрынғы директоры Анатолий Успенский қарыздың астында қалып отырғанына қарамастан, жұмысшыларына ешқандай қарызының жоқты­ғын, кәсіп­орынды одан әрі да­мы­туға мүдделі екендігін, нау­рыз айында  түрік компания­сымен келісімшарт жасасып, нәти­жесінде олар 3 миллион доллар көлемінде қаражат аудара­тынын тілге тиек етіп: «біз­ге атқарушы билік тарапынан ешқандай қолдау болмай отыр» деп жергілікті әкімдікті кінә­ла­ған еді. Содан не керек, ақыр со­ңы­нда облыс басшылығы бұл тығырықтан шығар жол тек біреу екендігін, трамвай паркі жақын арада мемлекет мен­ші­гіне өтпесе, жағдайдың одан әрі ушыға беретіндігін алға тарт­қан-ды. Мұны аймақ басшысы Д.Ахметов өңір тұрғындары ал­дын­дағы есепті кездесуінде де ше­гелеп айтқаны есімізде.

Алматыдан 13 трамвай әкелінеді

Облыс әкімдігі тұрғындарға берген уәдесінде тұрған секілді. 30 наурыз күні өткізілген брифингте Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев пен «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының басқарма төр­ағасы Антон Крамаренко трам­вай паркінің болашағына қатысты тарқатып айтып берді. Антон Крамаренко өз сөзінде қарызы бастан асқан «Өскемен трамвай паркінің» мүлкі саудаға қойылып, бастапқы бағасы 853 миллион теңгеге белгіленгенімен, аукцион нәтижесінде «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 443,5 миллион теңгеге сатып алғанын, қазір құжаттарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, 1-2 ай көлемінде «Муниципиалды трамвай паркі» деген атпен заңды тұлға пайда болатынын жеткізді. Оның сөзінен «біздің бизнес жоспарымыз бар, жұмысшыларға бір тиын қарызымыз жоқ» деген «Өскемен трамвай паркі» ЖШС-ның бұрынғы директоры Анатолий Успенскийдің айтқан­да­рының шындыққа сәйкес еместігін аңғарғандай болдық. А.Крамаренко құқық қорғау органдарына 200-ге жуық шағым түскенін, парк қызметкерлері соңғы 3 ай көлемінде айлық­та­рын алмағанын, мекеменің ең­бек­керлерге қарызының жалпы жи­­ынтығы 80 миллион теңгеден ас­қанын айтады. «Жақында ұжым­­мен кездестік. Барлық жала­­қы берешегі бір апта көле­мін­­де өтелетінін ескерттік. Трам­­вай паркінің ұжымына келсек, ұжым осы күйінде сақ­та­лады. Бірде-бір жұмысшы қыс­қармайды. Өйткені қазіргі 14 трам­вайдың үстіне мамыр айында Алматыдан тағы 13 трамвай әкелеміз. Сонда қала бойынша ұзын саны 27 трамвай жүретін болады», дейді ол.

60 жүргізушіден 28 ғана қалған

Жалпы, трамвай паркі төңі­регіндегі дау-дамайдың өрбі­ге­ніне 5-6 жылдың жүзі болған. Әсі­ресе соңғы жылдары мекеме жағдайы қиындай түскені мә­лім. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын Өскемен трамвай паркінде 60 жүргізуші болса, қазір небәрі 28 жүргізуші ғана қалған көрінеді. Бұған дейін Өскеменде трамвайлар төрт бағытта қатынаған-ды. Ресми деректерге жүгінсек, осынау қоғамдық көлікті жылына 500 мыңнан астам өскемендік пайдаланады екен. Қазіргі уақытта тоқтап қалған трамвайлардың орнына бірнеше автобус жүріп жатыр. Десек те «Осы трам­вайдың қаншалықты қа­жеті бар? Автобус жетпей ме?» деген пікір білдіріп жүр­ген қала тұрғындары да жоқ емес. Өскемен қаласының әкі­мі Қуат Тұмабаев бұл пікір­мен келіспейтіндігін, трамвай шаһар тұрғындарына аса қа­жет екендігін айтады. «Бі­рін­­ші­ден, трамвай қала тұр­ғын­да­рының қалтасына салмақ сал­­майды. Екіншіден, жүру уақыты да ұзақ. Жұмыстан кеш қайтатын тұрғындарға қо­лай­­лы. Үшіншіден, экологияға еш­қандай зиян келтірмейді. Әсі­ре­се Өскемен секілді өндірістік қала үшін трамвай таптырмас көлік. Біз алдағы уақытта бір­тін­деп ескі вагондардың орнына жаңасын алып, тозығы жеткен рельстер мен электр желілерін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Биыл трамвай жолдарының автокөлік жолдарымен түйісетін тұсын да жөндемек ойымыз бар», дейді қала әкімі.

Қазір көптеген қала тұрғын­да­рын «трамвай қашан жүреді?» деген жалғыз сауалдың маза­лап жүргені анық. Мұны бри­фингте біз де сұрадық. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­по­ра­циясының басқарма төр­ағасы Антон Крамаренко мұның нақты уақыты әлі белгісіз, шамамен маусым-шілде айларында жүруі мүмкін екендігін жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН