Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Білімдімен дос болсаң... Алматыда Ардақ Назаровпен кездесу өтті

900 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы бизнес орталықтарының бірінде ережесіз жекпе-жектің хас шебері, әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Ардақ Назаровпен кездесу өтті. 

Білімдімен дос болсаң... Алматыда Ардақ Назаровпен кездесу өтті

Кездесу «Білімдімен дос болсаң...» тақырыбында Q4 Business School кәсіпкерлерлік мектебінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді дайындайтын «Тұғыр» курсы аясында өтті. Жиналған жастар және студенттер қауымы алдында сөз сөйлеген Ардақ Назаров ата-бабаларымыздың даналығы мен данышпандығы, батырлығы мен қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, имандылық пен инабаттылық, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, спорт пен салауатты өмір салты, адамзат құндылықтары және тағы басқа өзекті мәселелер төңірегінде тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Қазіргі жастардың келбеті мен болмысы, өресі мен парасаты және өскелең ұрпақ кімдерге қарап бой түзеу қажеттігі жайында ойға қонымды пікірлер айтылды. Бизнес төңірегінде де біраз әңгіме болды.

Сондай-ақ бұл жиынға Qazaq Spınners жобасының инвесторы, «Анар-Фарм» дәріханасы мен «Арай» көлік жуу желілерінің басшысы Талғат Сақан, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Qazaq Spinners идеясының авторы, жобаның креативті менеджері Досан Қаумен, Диджитал маркетингпен айналысатын Tuyndy Media Group, Qbrands.kz  ұлттық нақыштағы күнделікті киіп жүруге арналған ерлер жейдесі брэндінің шығарушы әрі басшысы Исмаил Құлан, Q4 Business School менторы, мәслихат депутаты, THS GROUP компаниясының негізін қалаушы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшесі Қайрат Құдайберген қатысып, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді. 

Естеріңізге сала кетейік, Q4 Business School 2017 жылдың қазан айында құрылған болатын. Мақсаты – тәуелсіз елде еркін ойлап, кәсібін еркін басқаратын, бизнесін оңай жүйелейтін әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер мен кәсіби мамандардың қарымды буынын қалыптастыру. Бүгінде бизнес мектебінің 4 ағым студенттері арнайы курстарды бітірді. Қазіргі таңда сол түлектер әртүрлі салада өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетіп, жеке бизнестерімен айналысып жүр. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ