Қазақстан • 11 Сәуір, 2018

Криптовалютаны Қазақстан қалай қабылдады?

1034 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Иә, ақшаның көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын да түрі бар. Бұл бүгінде әлем «жаңашылдарының» қызығушылығын тудырып, халықаралық форумдардың талай басты тақырыбына айналып, қаржыгерлердің қызу талқысына түсіп жүрген, тіпті кейбір елдерде қолданысқа да еніп үлгерген – криптовалюта. Криптовалюта қазір қазақстандықтар үшін де соншалық беймәлім дүние емес, көпшілік хабардар. Алайда оның нақты қыры мен сырын жете түсініп жүргендер аз. Көбіміз қарабайыр түсінік, «электронды ақша екен» дегеннен әріге аса алмай жүрміз. Бірақ ол интернетпен байланысты болғанымен электронды ақша емес. Ал енді біреулер оны қаржылық пирамидамен байланыстырады.

Криптовалютаны Қазақстан қалай қабылдады?

Цифрлы валюта

Сонымен криптовалюта электронды ақша емес. Бұл «электронды» дегеннен гөрі «цифрлы» ақша ұғымына саяды. Себебі электронды ақша банкоматтардан шығады, ал криоптовалютаны тек интернетте ғана жұмсап, интернетте ғана көресіз. Яғни, оның физикалық баламасы жоқ. Ендеше криптовалюта дегеніміз, виртуалды төлем құралы. Төлем бірлігінің бұл түрі өзгертуге келмейтін таң­балар жиынтығынан, матема­тикалық алгоритмдер арқылы ше­шілген әріптер мен сандардан тұрады.

Криптовалюта интернет ақ­шаларының жалпы атауы. Ақ­шаларының деуімізде де мән бар, себебі бүгінде оның түрі өте көп. Кім білген, мүмкін болашақта бір ғана криптовалюта «жеңіске жетер», пайымдауымызша солай болу керек. Интернет мәліметтеріне сүйенсек, қазір жалпы ғаламтор әлемінде криптовалютаның 584-ке жуық түрі көрсетілген-мыс. Ал оның ішінде халықаралық деңгейде та­ны­малдығы жоғары болып отыр­ған Bitcoin (биткоин) крип­то­валюта жүйесі. Тіпті қазір көп­шілік криптовалюта ұғымын осы биткоин жүйесімен түсінді­ріп, екі терминді бір-біріне си­но­нимдес береді. Бірақ сарапшы­лардың түсіндіруінше, болашақ­тың ортақ криптовалютасы бас­қаша болуы әбден мүмкін. Себебі биткоиннің жүйесі қазіргі на­рық­тық эко­но­миканың өлшемдеріне то­лық келе бермейді және оны виртуалды ұғымнан гөрі абстрактілі сенімге негіздеген жөн дейді. 

Айтқандай, бүгінде біз электронды саудада валю­талар­дың кез келгенін қолданып, интернет арқылы жасаған тап­сы­рыс­тарымызға карточкалары­мыз­дағы есепшот арқылы төлем жасай аламыз. Бірақ бұл дәстүрлі валю­таларымыздың электронды нұс­қасы ғана. Интернет арқылы жұмсалған ақшаның бәрі криптовалюта болмайды. Міне, осыны шатастырмау керек.

Кім жасағаны белгісіз

Тағы сол интернет мәлі­мет­теріне сүйенсек, «крипто» сөзі грек тілінен аударғанда  «құпия», «жасырын» деген мағынаны білдіреді. Криптовалюта деген ұғым 2009 жылы пайда болды. Оны қолданысқа Сатошо На­комото деген лақап атпен танылған бағдарламашы (бағдарламашылар болуы да мүмкін) енгізген. Ол немесе олардың кім, қайдан екенін ешкім білмейді. Cатошо Накомото математикалық есептеулерге негізделген жаңа төлем жүйесін биткоин деп атады. Онымен жасалатын транзакциясы шифрланатын және қолдану аясы жасырын болғандықтан биткоинды виртуалды криптовалюта деп атаған дейді. 

Міне, бұл екі ұғымның (бірі жалпы атау, ал екіншісі жалқы атау бола тұрса да) бірдей мағынада түсіндірілетіні екеуінің қатар пайда болғанымен байланыс­ты сияқты. 2010 жылдарға дейін осы жүйенің теориясы мен инженерлік алғышарттары қалыптасып бітіп, сол жылдарда алғаш рет криптовалютамен есеп айырысулар жасалған. Кейін, жеке кәсіпкерлердің ынтасымен оны төлем ретінде қабылдау басталған. Алғашқы криптовалютамен есеп айырысу 2010 жылы Англияда орын алды деп есептеледі, онда біреу пиццаға ақшаны биткоинмен төлепті-мыс деп жазады крипто мәселесіне қызыққандар.

Ойынға ұқсайды... 

Криптовалюта – виртуал еңбекпен табатын виртуал ақша. Оның шын өмірдегі ақшаға еш қатысы жоқ. Шын өмірдегі ақша – адамның қол немесе ой еңбегі шығынының куәлігі болса, криптовалюта – компьютерлердің есептеуге кеткен шығынының куәлігі» делінген. Осылайша крип­­товалютаны биткоин жүйе­сімен түсіндіреді. Виртуалды әлемде отырып биткоин табу үшін есепке жүйрік болуыңыз керек. Сіз бәсекелестеріңізбен, яғни майнерлермен «майнинг» процесінен өтесіз. Бұл күрделі математикалық амалдарды шешу деген сөз. Мұнда 10 минут сайын жеңімпаз анықталып, ол 25 биткоинға ие болып отырады. Компьютеріңіз неғұрлым көп «жұмыс істесе» көбірек пайда табасыз дейді. Биткоинды майнерлерден сатып алуға немесе біреуге қызмет көрсетіп, соның ақысы ретінде де ие болуға болады депті. Әрине қызық. Ойын сияқты. Айырмашылығы, жинаған ұпайыңызды шынайы ақша орнына жұмсауға мүмкіндік бар. Интернет мәліметтерінде криптовалюта биткоин туралы көңілге қонымсыздау түсінік осы.

Артықшылығы неде?

Криптовалюта туралы зерт­теу­лер оны дәстүрлі валюта­мен салыстыра отырып, артық­шы­лығы мен кемшілігін де тізбектейді. Мәселен, криптовалюта еш жерде тіркелмегендіктен, ол алтын қорымен және мемлекет кепілдігімен қамтамасыз етілмеген. Екіншіден, реттеу механизмдері жоқтығынан қанша дегенмен электрон әмияндардың сақталуына толық кепілдік жоқ.Үшіншіден, жоғары волатильдік, яғни мұнай бағасының өзгеруіне де емес, биржаның бұзылуы, хакерлік шабуылдар, тіпті интернет пен электр тогының жағдайына да тәуелді бағасы шұғыл өзгеріп кету ықтималдығы.

Төртінші, жекелеген елдердегі биліктің қатынасымен байланысты тәуекелдер. Қаржы реттеушілер криптовалютамен амалдар жүргізуге тиым салуы, тіпті оны қолданғандарды жазалауы мүмкін. Түрлі елдерде оған қандай салық салынатыны да түсініксіз. Бесіншіден, криптовалюта сақталған әмиянның құпия кілтін жоғалтып алу ондағы ақшаның түк қалмай жойылып кетуіне әкеліп соғады екен. Се­бе­бі құпия кілтті қалпына келті­ру мүмкін емес. Алтыншы, трак­за­циялардың анонинмдігі қандай да бір қылмыстық әрекетке әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Жетінші, се­гізін­ші деп тізбектей берсең ұзақ­қа баруыңыз да мүмкін. Бірақ қолданып көрмеген соң, ақиқа­тына жету қиын.

Криптовалютаны жақтай­тын­дар­дың көпшілігі оның бірінші кезекте тран­­зак­ция­ларының ашықтығын алға тартады. Биткоинмен жүргізілетін амалдардың барлығын ашық етуге ше­шім қабылданған. Қандай әмиянға қан­ша криптовалюта аударылғанын кез келген қолданушы көре алады екен. Ашықтығына қарамастан, бит­коин жүйесі транзакцияның аноним­дігіне кепілдік береді. Крипто­валюта сақталған әмиянның иесі тура­лы ақпарат ашық емес және әзірлеу­шілердің айтуынша, оны біліп алу мүм­кін де емес. Контрагенттер болса тек әмиянның нөмірін біледі. Тағы бір ерек­шелігі криптомен кез келген елде есеп айырысуға болады. Сондай-ақ оның инфлияциядан тәуелсіз болуын да ар­тықшылық санайды. Бірақ оның бола­шақта қаншалықты тұрақты болары­на ешкімнің кепілдігі жоқ. Ал енді тран­закциялардың жылдамдығы, комис­сиялардың төленбеуі сияқты артық­шы­лықтар қазіргі электронды ақша ай­налысынының өзінде мүмкін болып келе жатыр. Ғажайып жаңалық емес. 

Қазақстан қалай қабылдады?

Криптовалютаның таны­мал­дығы Қазақстанда да артты. Жұрт оған қызығушылық таныта бастағаны рас. Тіпті оңай жолмен пайда тап­пақ­шы болған көп адам істің мән-жайы­на бармастан, қолындағы ақша­сын криптовалютаға айнал­дырып та жіберіпті. Мысалы, Қаржы минис­тр­лігінің Мемле­кеттік кірістер комите­тінің мәліметінше, 2015 жылы Ас­та­­нада OneCoin деп аталатын псев­докриптовалюталық компания пайда болып, оған салымшылардан 2,2 млрд теңге құйылған. Алайда ол қаржылық пирамида болып шыққан. Міне криптовалюта туралы қаржылық пирамида деген түсінік те осы сәттен қалыптасты. Бірақ шындығында, мұның ара-жігін ажырату қиын. Ұқсастық бар. Сөйтіп біздің елде OneCoin компаниясының атынан әрекет етушілер осы аттас криптовалюта сатамыз деп азаматтарды алдаған. МКД деректері бойынша, олар осы криптовалютаның айрықша екенін жарнамалап, оның бағамы шапшаң көтеріліп, келешекте мол табысқа кенелтеді және онымен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге болады, жаңа салымшылар тартқаны үшін көп деңгейлі бонустар жүйесі көзделген және 2018 жылы криптовалюта әлемдік биржаларға шығады деп жалған ақпарат таратқан.

Негізінде, Қазақстанда криптавалютамен есеп айырысу әзірге құқық бұзушылық болып саналады. Себебі заң бойынша ол төлем құралы болып табылмайды. Бірақ бізде «Криптовалюта және блокчейн қауымдастығы» құрылып, осы бағытта жұмыс жасалуда. Бұл ретте қауымдастық төрағасы Есет Бутин блокчейн технологиясының Қазақстан экономикасына бейім тұстарын зерттеумен айналысатын сарапшылар кеңесі ашылатынын, жан-жақты зерттеп болған соң инвесторларға қаржы салу немесе салмау туралы кеңес берілетінін, оған қоса криптовалюта жөнінде зерттеулер болатынын айтқан болатын. Сондықтан ендігі уақытта криптовалюта туралы мәселелермен кәсіби мамандар айналыспақ. «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов те бұл тақырыптың айналасында жиі пікір білдіріп жүр. «Криптовалюта мен блокчейнді дамыту төңірегіндегі сұрақтар әлемнің өзін қызықтырып, дүрліктіріп отыр. Бірнеше елде жаңа технологиялар бойынша блокчейнді енгізу және зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бұл технологиялар туралы айтар болсақ, ол – орталықсыздандырылған ақпаратты сақтау және қаржы саласындағы қауіпсіз транзакцияларды қамтамасыз ету. Сол себепті біз бұл бағытты белсенді түрде қолдаймыз. Елімізде бұл саланы зерттеп жүрген Consensus, WIPS секілді бірнеше компаниямен осы бағытты зерттеуді жалғастырамыз», дейді Қ.Келімбетов. 

«Құпияны» құрықтау қиын

Жалпы, криптонарықты заңмен реттеу дәл қазір мүмкін емес. Тіпті әлемде криптовалюта индустриясын заңмен реттеген бірде-бір мемлекет жоқ екен. Себебі оның құрылымында орталықсыздандыру және транзакцияны екінші адамның қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған. Криптовалютаға Ұлттық банктің те құшақ жаймай отырғаны да осыдан. Себебі «құпия» тұрмақ,  интернет иірімдеріне ілігіп кеткен – электронды сауданы да заңмен құрықтау соншалық оңай соғып отырған жоқ. Ал крипто-құпия ақшаны қадағалау қиын болары белгілі. Ал одан бастысы қарапайым халық зиян шекпеуі тиіс. Әрине интернет деп аталатын сиқырлы әлемнің таңғажайып ғаламаттарын адамзат игілігіне пайдалану жақсы, бірақ не нәрсені де «жеті рет өлшеп бір рет кес­кен» жөн, елден бұрын елпектемей, әліптің артын баққан дұрыс сияқты.

Бұрын ақша атаулыны алғаш көрген  атам қазақ «сауып ішер сүті жоқ, сойып жерге еті жоқ ақша деген мал шықты» деп сипаттаған. Бүгінде сол қағазға басылған ақшаның әлем бойынша сомасы  60 трлн долларды құрайды екен. Кейін сол ақшалардың электронды түрі пайда болып, адамдар пластик карточкалардың көмегімен сауда жасай бастады. Бір қызығы, осы электронды карталардың айналымға енгеніне ширек ғасырдан асса да, сауда-саттықтың 85 пайызы әлі күнге дейін қағаз ақшамен жүреді екен. Енді міне, көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын да ақша шығып жатыр. Ал оның үлесі қанша жылдан кейін, қанша пайызға баратыны беймәлім. Бір анығы, қандай ғажайып келсе де, қағаз ақшамен түбегейлі қоштасу қиын сияқты көрінеді...

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»