Жазғы спорт • 11 Сәуір, 2018

Жаһандық жарыстар: Кезек Свенсенге келді

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі норвегиялық биатлоншы Уле Эйнар Бьорндаленнің ізін ала тағы бір викингтер елінің талантты спортшысы Эмиль Хегле Свенсен карьерасын аяқтағанын мәлімдеді.

Жаһандық жарыстар: Кезек Свенсенге келді

32 жастағы норвегиялық биатлоншы Олимпия ойындарының төрт дүркін чемпионы. Сондай-ақ ол Олимпиаданың үш күміс және бір қола медалін жеңіп алған. Свенсен өз карьерасында 12 рет әлем чемпионаты жарысында топ жарса, алты рет тұғырдың екінші сатысынан көрінген. Ал үш рет үшінші орынды қанағат тұтқан.

Норвегиялық спортшы 38 рет әлем кубогында чемпион атанып, 88 рет тұғыр сатысына (38-21-29) көтерілген. Сондай-ақ ол 2009/10 жылғы маусымда әлем кубогының жалпы кезеңінің жеңімпазы атанған.

Үздік гол анықталды

Футболдан мексикалық  Мануэль Негрете Ариасаның 1986 жылы Болгария құрамасының қақпасына соққан добы әлем чемпионатының тарихындағы ең әдемі гол деп танылды. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) ресми сайты мәлімдеді. 

ФИФА-ның Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерлер арасында арнайы сауалдама жүргізген. Сауалдамаға әлем чемпионатының тарихындағы ең үздік 32 футболшының соққан голын іріктеп алған. Бір айта кетерлігі, үздік голға үміткер ретінде Негретенің екі голы енген. Бірі 1982 жылы Бразилияда өткен футбол аламанында КСРО (2:1) қақпасына және 1986 жылы Болгария қақпасына салған голы. Нәтижесінде оның өз елінде соққан голы әлем чемпионаты тарихындағы үздік гол деп танылды.

Айта кетейік, 1986 жылы Мексикада өткен әлем біріншілігінің 1/8 финалында Мексика Болгария құрамасымен жолығып, 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Қарымта кездесу өткізбек

Шетелдік The Sports Journal басылымының жазуынша, 2018 жылы кәсіпқой бокстан экс-әлем чемпионы кіші Флойд Мэйвэзер мен ережесіз жекпе-жек өкілі ирландиялық Конор МакГрегормен қарымта кездесу өткізуі мүмкін.

Басылымның хабарлауынша, екі спортшы арасындағы екінші айқас сегізбұрышта өткенімен, жекпе-жек ережесі бокс спортына саяды. Боксшылар алаңға жалаңаяқ шығып, төрттік өлшемдегі қолғаппен жұдырықтасады. Келісімшарт бойынша кездесу 70,3 кило салмақта өтпек. Раунд ұзақтығы 5 минутқа созылады. Сондай-ақ ереже бойынша, аяқпен тебуге, күресуге, шынтақ және тіземен тебуге де тыйым салынған.

Жекпе-жекті Mayweather Promotions, UFC және McGregor Entertainment промоутерлік компаниясы ұйымдастырмақ.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар